Түркістан облысында карантин талаптарын бұзудың 5 546 фактісі анықталып, 4 370 азаматқа айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында карантин талаптарының сақталуын бақылау бойынша рейдтік шаралар жүйелі түрде өткізіліп отырады. Карантин талаптарын сақтамаған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынуда. Алайда облыс тұрғындарының арасында карантин талаптарын елемей, той жасап жүрген азаматтар баршылық. Мәселен, полиция қызметкерлері тексеру барысында Арыс қаласында орналасқан тойхананың жұмыс жасап тұрғанын анықтады.
Бұдан басқа Келес ауданының тұрғындарының бірі үйіне таныстарын, туыстарын жинап «Беташар» жасап, карантин талаптарын өрескел бұзған.
Сондай-ақ шардаралық тұрғындар да той жасаудан қалысар емес. Шардара қаласының тұрғыны да туыстарын жинап, құдалық өткерген. Қазіргі таңда осындай әрекеттермен карантин талаптарын бұзған тұрғындарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімдеріне жіберілді.