Ресми дерек бойынша, пандемия кезінде қазақстандықтар несиені аз алған, алайда былтырмен салыстырғанда орташа чек мөлшері 50 пайызға дейін көбейіпті. Жалпы, қазіргі кезде елдегі экономикалық белсенді 10 миллионға жуық адамның 8 миллионы банк алдында қарыз екен. Таза тұтынушылық қарыз көлемі 4 триллион теңгеден асып кеткен. Ал несие тарихы бұзылған адамдар саны – 3 миллионнан асып жығылады. Осы орайда көпшілікті несиеге қатысты сұрақтардың жауабы қызықтырары белгілі.
Kursiv.kz несие мәселесі бойынша ең маңызды сауалдардың жауабын даярлап көрді.
Несие төлемін кейінге шегеру несие тарихына әсер ете ме?
Банк несиесі және микрозаймдар бойынша жасалған кейінге шегерулер, сондай-ақ табысынан айырылуына байланысты төленетін әлеуметтік жәрдемақы қарыз алушының несие тарихына нашар әсер етпейді. 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алған және несиені кейінге қалдырған азаматтарға несие беруге тыйым салу қарастырылмаған. Банктер әлеуметтік төлемдердің мөлшерін оның төлем қабілетінің төмендігінің белгісі ретінде емес, оның табысы ретінде қарастырады. Тәртіпке сәйкес кейінге қалдырылған төлем алған клиенттер үшін банктер қайта несиелеу туралы оң шешім қабылдауы мүмкін, егер клиент кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін төлем кестесінде қызмет көрсету бойынша қызметтерін қалпына келтірсе.
Егер несие тарихы «бұзылса» банктің несие бермей қоюға құқығы бар ма?
Несие тарихы – бұл сіздің банк әлеміндегі жүріп өткен жолыңыздың қаншалықты оң немесе теріс деңгейде екенін айғақтайтын басты құрал. Егер клиент несие төлемін ай сайын кешіктірсе бұл несие тарихына өте қатты әсер етеді. Сондай-ақ төленбеген айыппұлдар мен салықтар да несие алуға кері әсер етеді.
Несие беру туралы шешімді банк қалай қабылдайды?
Әдетте банктің бізге несие беру туралы шешімін белгілі бір адамдар тобы қабылдайтын сияқты болып көрінеді. Алайда заманауи қоғамда мұның бәрі автоматтандырылған. Банк шешім қабылдамас бұрын потенциалды қарыз алушының төлем қабілетін, қаржылық тұрақтылығын бақылайды. Банктер үшін ресми тұрақты табыстың болуы маңызды. Сонымен қатар соңғы алты айда зейнетақы жарнасы үзіліссіз құйылған болуы қажет.
Несие тарихы қанша уақыт сақталады?
«Қазақстан Республикасындағы несие тарихын қалыптастыру және несие бюросы туралы» заңға сәйкес бірінші несие бюросы ақпарат алынған күннен бастап ол ақпаратты 10 жылға дейін сақтайды. Клиенттің несие тарихы ешқашан жойылып кетпейді. Тек клиент өзінің табысы мен қаржы тұрақтылығы арқылы ғана несие тарихының жағдайын жақсарта алады. Егер кімде-кім сіздің несие тарихыңызды түзеу бойынша көмек бере аламыз десе, сенбеңіз. Олар – алаяқтар.
Несиені уақытылы төлей алмасаңыз тығырықтан шығатын қандай амалдар бар?
Проблемалық несиені жеңілдететін тиімді екі нұсқа бар. Бірі – қарызды қайта қаржыландыру, екіншісі – қарызды қайта құрылымдау. Табысыңыздан айырылғаныңызды растайтын немесе ауырып қалғаныңызды растайтын анықтама алып барсаңыз қарызды қайта құрылымдауға мүмкіндік бар. Банк қайта құрылымдауға рұқсат берген жағдайда несиеңіздің пайызы азаяды және айлық төлеміңіздің мерзімі ұзара түседі. Көп жағдайда проблемалық несиелер осы қайта құрылымдау көмегімен реттеліп жатады. Сонымен қатар сол банктен немесе басқа банктен «қайта қаржыландыру» мақсатымен несие алып, төленбей тұрған несиеңізді жауып тастауға болады. Соңғы уақытта азаматтар бұл тәсілді де жиі пайдалана бастаған.
Банктер клиенттердің шоттарын (жалақы түсетін карточкасын) бұғаттап, одан ақша шығаруға құқылы ма?
Егер клиент несиесін дер уақытында өтемесе онда банк қарыз шартында көзделген әдіспен банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді төлеу қажеттігі туралы және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамауының салдарлары туралы хабардар етуге міндетті. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған кезде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыртын ұйым) қарыз алушыға мынадай шаралар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен, қарыз алушының талабы бойынша ашылған банк шоттарындағы, қарыз алушы мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылары мен әлеуметтік төлемдер түрінде алатын ақшаны қоспағанда, қарыз алушының кез келген банк шоттарындағы ақшаны даусыз (акцептсіз) тәртіппен өндіріп алуға (егер мұндай өндіріп алу банктік қарыз шартында ескертілген болса) қолдануға құқылы.
Өзіңіздің несие тарихыңыздың жағдайын қалай білуге болады?
Жеке куәлігіңізді алып бірінші несие бюросына бару арқылы;
Электронды үкімет порталы арқылы ЭЦҚ көмегімен;
Нотариус арқылы куәландырылған өтініш арқылы «Қазпошта» көмегімен;
Myth.kz қызметтер порталы арқылы;
Халыққа қызмет көрсету орталығының кез келген филиалынан.