Қазақстанда қай қалалардың ауасы лас, экологиясы нашар?
Қазақстанның 10 шаһары елміміздегі ауасы қатты ластанған, экологиясы нашар қалалар қатарына кіреді. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Бұл жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев үкімет отырысында мәлім етті.
«Атмосфералық ауаңа былтыр жүргізілген экрологиялық мониторинг нәтижесі бойынша, қырық бес елді мекен ішінде он қаланың ауасы қатты ластанғаны анықталды. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі», – деді министр.
Өңірлердің экологиялық ахуалын жақсарту тұрғысында қолға алынған шаралар жайын баяндаған министр ең бірінші Алматы қаласына тоқталып өтті.
Алматы қаласының ауасын ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-тен, автокөліктер мен қалаға іргелес Алматы облысының газдандырылмаған жеке үйлері пеш жаққанда шығатын түтін ластайды.
«Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған Жол картасында 20 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде негізгісі: ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке меншік үйлерді газдандыру, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерін табиғи газға көшіру, дизель отынымен жүретін қоғамдық көлікке кезең-кезеңмен тыйым салу, транзиттік көліктердің кіруіне/жүруіне шектеу қою жағын қарастыру және көгалдандыру», – деп айтып өтті шенеунік.
Қолға алынған шаралар нәтижесінде ластаушы қалдық көлемі 144,0 мың тоннадан 79,5 мың тоннаға дейін немесе 44%-ға қысқарады екен. Яғни атмосфераның ластану индексі жоғары деңгейден (8) орташа деңгейге (6) дейін төмендейді.
Сонымен қатар министр Экологиялық кодексті Парламент Мәжілісі екінші оқылымда қабылдағанын айтып өтті.
«Алайда, жаңа Экологиялық кодексті күтпей «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын барлық өңірлердегі жұртшылықпен, әсіресе экоактивистермен қарастырдық. Барлығы он жеті онлайн кездесу өткізілді. Жиырма бес мыңға жуық адам қатысты. Талқылау нәтижелері бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп, 17 Жол карталары әзірленді. Бұл құжаттарда өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі нақты шаралар қарастырылған»,- деді министр.