Коронавируспен күрес: Қазақстан қос банктен 1,5 млрд еуро қарыз алмақ
Қазақстан коронавирус инфекциясымен күресу үшін ірі екі банктен несие алады. Бүгін парламент төменгі палатасының отырысында мәжіліс депутаттары Азия даму банкінен 908,5 млн еуро және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 661,8 млн еуро мөлшерінде қарыз алу жөніндегі келісімдерді ратификациялады.
Азия даму банкіне қарыздың жартысын бес жыл ішінде, қалған ақшаны 10 жыл ішінде қайтару керек.
«Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы 908 миллион 596 мың евро көлемінде несиелік келісімге қол қойылды», – деді министр.
Ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіндегі қарыз Қазақстан Республикасына үш жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 10 жылға беріледі.
«Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталатын болады. Яғни COVID-19 пандемиясының салдарына қарсы күрес және экономиканы қалпына келтіру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Қарыз 3 жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 10 жыл өтеу мерзіміне беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%», – дейді Ерұлан Жамаубаев.
Қаржы министрі бұл ақша негізгі үш бағытта жұмсалатынын айтып өтті:
«Бірінші кезекте covid-19-бен күрес, яғни эпидемияға қарсы іс-шаралар, коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу, дәрігерлерді ынталандыру. Екінші бағыт – дағдарыс жағдайында экономиканы қолдау, яғни қосымша жұмыс орындарын құру және жұмыспен қамтуды жандандыру. Үшінші бағыт – шағын және орта бизнесті қолдау», – деді министр.
Еліміздің бас қаржыгері осы ақшаны тарту бюджет тапшылығы кезінде өте маңызды екенін айтып өтті.
«Бұл қаражат Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы үшін 2020 жылға резервтелген», – дейді қаржы министрі.