ЕАЭО: Кедергілер жойыла ма?

Жарияланды
Баспасөз жиынында экономикалық серіктестік туралы сөз болды

Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «Қазақстан және ЕАЭО. Экономикалық интеграцияның ағымдағы процестері» тақырыбындағы баспасөз конференциясы өтіп, ең маңызды сұрақтарға жауап берілді. 

Соңғы жылдары ЕАЭО кеден бажының көлемі өскен. Бұл мәселеге қатысты қаржы вице-министрі Қанат Баеділов пікір білдірді. 

«Біздің еліміз одақ жұмысы шеңберінде бюджетке қосымша 370 млрд теңге қаражат алып, осындай түсімдердің оң сальдосына ие болып отыр. Яғни, іс жүзінде біздің басқа елдерге бергенімізге қарағанда, аларымыз көбірек. Бірыңғай кедендік қағидалар мен тәсілдер транзиттік тасымалдау уақытының өзін де, сол сияқты бизнестің қаржылық шығындарын да айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Егер одақ құрылғанға дейін Еуропадан Қазақстанға тауарды транзиттік тасымалдау 7 күннен 15 күнге дейін уақыт алса, қазір 5 күннен 10 күнге дейін қысқарды»,– деді Баеділов.

Ал  ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбековтың айтуынша,  ЕАЭО аясында ауыл шаруашылығының дамуына кері әсер ететін факторлар да баршылық. Бес жыл ішінде Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер нарығына көкөніс экспортының көлемін 9 есеге, жеміс-жидек экспортын 4,5 есеге, сүт өнімдерін 2 есеге арттырған және мұнымен шектеліп қалуды қаламайды. Қазақстан дәл қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін де, терең қайта өңдеу өнімдерін де экспорттау көлемін едәуір арттыру бойынша әлеуетке ие. Алайда, осыншама оң үрдіске қарамастан, іс жүзінде қазақстандық тауарлардың еркін қозғалысына қатысты проблемалар әлі де туындап отыр дейді вице-министр. 

«Бұған саудада әлі күнге дейін сақталып отырған кедергілер мен тосқауылдар себеп. Олар әлі де жойылған жоқ. Әдетте, олар ұлттық деңгейде сауда қозғалысын шектеуге мүмкіндік беретін одақ құқығындағы қолданыстағы сілтемелік нормалармен байланысты болады. Қазіргі уақытта аграрлық сектордың дамуына теріс әсер ететін 20-дан астам кедергі бар. Бұл кедергілердің негізгі көлемі фитосанитария және ветеринариялық-санитариялық бақылау, сондай-ақ техникалық реттеу салаларына тиесілі»,– деп атап өтті спикер. 

Одақ аясындағы ең ықпалды серіктес, экономикалық әлеуеті жоғары мемлекет Ресей екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Еуразиялық экономикалық одақта болған кезеңдегі Қазақстан мен Ресейдің базалық көрсеткіштеріне тоқталды. 2016-2019 жылдары Ресейдің өңдеуші өнеркәсібіндегі жалпы импортында Қазақстанның үлесі 60 пайызға дейін, 1,5 млрд доллардан 2,5 млрд долларға дейін жеткен. 

«Осы кезеңде Ресей Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі импорты құрылымында көлемді 65-тен 70 пайызға дейін арттыра алды. Құндық есептеуде өсім 65 пайызға тең болды: 6 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін. Секторлық бөліністе 2016-2019 жылдары салалар бойынша Ресейдегі экспорттың айтарлықтай өсімі байқалды. Атап айтқанда, тоқыма бұйымдары – 4 есе, металлургия өнімдері – 65 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдары 2 есе артқан»,– деді вице министр.

Оның атап өтуінше, жалпы алғанда, екі ел интеграциялық бірлестікте болудың арқасында белсенді өзара сауда жүргізіп, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыра алады. Жоғарыда аталғандар ЕАЭО берген артықшылықтарының аз ғана бөлігі.

Одақ жұмысын бастағалы бері Қазақстанның серіктес елдермен сауда байланысы 33 пайызға өскен. Отандық экспорт 4 пайызға жоғарылаған. Қазақстандық экспорт құрылымында өңделген өнімнің де үлесі артып, 58 пайызға жеткен. Қазақстанның экспорттық қоржынының ассортименті 2 еседен астам көрсеткішке ұлғайған. Мұндай деректерді сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова келтіреді. 

«ЕАЭО елдері инвестицияларының үлесі тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 6 пайызына дейін өсті. Мүше мемлекеттердің қатысуымен кәсіпорындар саны да 2 есеге артты. Қазақстанның ЕАЭО-ға қатысуының неғұрлым маңызды артықшылықтарына мыналарды жатқызуға болады: біріншіден, 184 миллион адамды құрайтын ауқымды тұтыну нарығы. Бұл бізге тауарлар мен қызметтер экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде білім құжаттары өзара мойындалады, елге келген күннен бастап 30 тәулік бойы тіркеусіз жүру мерзімі белгіленген. Жұмысқа орналастыру бойынша шектеулер жоқ. Айта кетейік, 53 сектор бойынша бірыңғай қызмет көрсету нарығының жұмысы бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді»,–деді Күшікова. 

Вице-министрдің айтуынша, ЕАЭО үшінші елдермен де өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік бермек. 

«Вьетнам, Сербия, Иран, Сингапур елдерімен еркін сауда туралы келісімдер жасалды. Бұл біздің өнімдерімізге бажсыз немесе кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемелері бойынша қол жеткізу үшін нарықтарды ашады»,– деді вице-министр.  

Сонымен қатар ортақ нарықтың әлеуетін толыққанды пайдалануға кедергі болып жатқан факторлар анықталып, олармен күрес жүргізілуде деп атап өтті министрлік өкілі. 

«Біз кемшіліктерді, құқықтық немесе өнім экспорттаушылар үшін белгіленген кедергілерді анықтаймыз. Аталған мәселелер ЕАЭК алаңында талқыланады. Мысалы, 62 кедергі дәлелденді. 51-і жойылды. Айта кетейік, олардың 25-і Ресей Федерациясының үлесіне тиесілі» деді вице-министр бірлескен жұмыстың тиімділігіне мысал келтіре отырып.

Ол атап өткен тағы бір кедергі сезімтал секторлардағы міндеттемелердің орындалмауы. Бұл, мысалы, мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділікті шектеу. Бірақ бұл мәселе жақын арада өз шешімін таппақ. Ол үшін министрлік жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобы да еңбек етіп жатыр екен. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз