Энергетика министрі 2025 жылы еліміздің қанша пайызы көгілдір отын жағатынын айтты

Жарияланды
Нұрлан Ноғаев мұнай бағасына қатысты да пікірін жариялады

Келер жылғы мұнай өндіру жоспарына Қазақстан өзгерту енгізуі мүмкін. Бұл туралы брифингте энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді. 

«Біз биыл өндірісті 90-нан 85 млн тоннаға дейін төмендеттік. Қазіргі кезде өндіріс көлемі 85 млн 600 мың тоннаны құрайды. Келесі жылғы жоспар ОПЕК+ отырысына тікелей байланысты»,– деді министр. 

Оның айтуынша, еліміздегі ең ірі мұнай өндіру операторлары – Қашаған, Теңізшевройл және Қарашығанақтың жоспары желтоқсанның басында қабылданатын міндеттемеге байланысты өзгеруі ықтимал. 

«Осы жылы өндірістік шектеуге байланысты шаралар қабылданды. Келер жылы біз қабылданған міндеттемелерге орай өзгерістер енгіземіз. Міндеттеме осы жылы желтоқсанда белгілі болады. Қазіргі кезде мұнай-газ және мұнай өңдеу зауыттарын қолдау аясында біз мұнай өнімдерін экспорттауға қатысты көптеген шектеулерді алып тастадық. Соның арқасында мұнай өңдеуші зауыттарының артық мұнайға толып кетуіне жол бермедік. Бензин және дизелді отын экспорттау бойынша да 2020 жылы қайта өңдеу жоспары 1 млн тоннаға дейін қысқарды. Жоспарланған 17 млн тоннаның орнына биыл 16 млн тонна қайта өңделді»,– дейді Ноғаев. 

Министрдің сөзінше, осы айда ОПЕК-ке мүше мемлекеттер министрлері өзара кеңескен. Олар өндіріске қатысты өз шешімдерін 1-2 желтоқсанда жария етпек. 

Коронавирусқа қарсы вакцинаның ойлап табылуы да мұнай-газ секторының қайта серпілуіне әсер етпек. 

«Мұнай-газ – аса сезімтал сала. Мұнай мен газ биржалық тауар болып саналады. Сондықтан бүкіл әлемде болып жатқан өзгерістер бағаға да әсерін тигізеді. Әсіресе, бағаның қалыптасуында ірі мемлекеттердің мәлімдемелері мен концептуалдық шешімдер ерекше маңызға ие»,– деді сала басшысы. 

Брифингте министр тағы бірқатар маңызды мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Соның бірі аймақтарды газдандыруға қатысты. 

«Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілігі елді мекендерді газдандыру мәселесімен айналысуда. Елордада І және ІІ жылу орталықтарында су қыздыруды газға ауыстыру жөніндегі шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Барлығы 16 нысанды ауыстыру керек болса, төртеуі газға көшірілді. Алдағы уақытта «Сарыарқа» газ құбырының 2-ші және 3-ші кезегін жүзеге асыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде Ақмола облысының Көкшетау қаласын, Петропавл қаласын, Солтүстік Қазақстан облысын газдандыруға мүмкіндік береді. Егер осы екі кезең жүзеге асатын болса, 800 мыңнан астам адам көгілдір отынды пайдалана алады»,– деді ведомство басшысы.

Оның мәліметінше, қазіргі кезде елімізде газдандыру деңгейі 51,5 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 53 пайызға жетеді. Ал 2025 жылы оны 55 пайызға дейін арттыру көзделген.

Сондай-ақ министр Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің ахуалы жайлы да маңызды мәліметтерді жария етті. Оның айтуынша, қазір елімізде өндірілген жалпы энергияның 3 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен алынып отыр. 

«2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 10 пайызды, 2050 жылы 50 пайызды құрауы тиіс. Қазір республика бойынша, қуаты 1528 мВт құрайтын 110 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді. Президент орта мерзімді кезеңде экономиканың өсуі «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуі тиіс деген болатын. Осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, министрлік қарқынды жұмыстар атқарып келеді. Жыл соңына дейін қуаты 165 мВт болатын 4 нысан пайдалануға берілмек. Егер 1500 мВт талдайтын болсақ, желге қатысты – 404 мВт, күн энергиясына – 891, гидро – 224 және биоэнергия – 7,82 мВт құрайды»,– деді Ноғаев.

Қазіргі таңда гидроэнергетиканы дамыту жөніндегі жоспарлар үкіметте бекітілді. Алдағы төрт жылда 13 гидроэлектр станциясы, 34 жел электр станциясы, 12 күн электр станциясы жобасы жүзеге асырылады. Осылайша 2025 жылға дейін министрлік жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуатты 3 мың мВт-қа жеткізуді жоспарлап отыр. 

 

Сондай-ақ оқыңыз