Зейнетақы қоры салымшыларының инвестициялық табысы 1,1 триллион теңгеге жетті

Жарияланды
БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы 12,6 триллион теңгеден асты

Ағымдағы жылы БЖЗҚ салымшылары 1,1 триллион теңге инвестициялық табыс алды. БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы 12,6 триллион теңгеден асты. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстың кіретіні белгілі. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады. 

Естеріңізге сала кетейік, жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.

Тәуекелдерді азайту мақсатында инвестициялық портфель инвестициялау түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылған. Қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3 жуығы теңгемен және 1/3 жуығы шетел валютасымен, оның басым бөлігі АҚШ долларымен номиналданған.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.

Ағымдағы жылдың 10 айында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 қазанына дейін салымшылардың шоттарына 1,1 трлн теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есе артық (01.01.2019 жылдан бастап 31.10.2019 жылға дейін таза инвестициялық кіріс 551,1 млрд теңгені құрады). Айта кетейік, 01.11.2019 жылдан бастап 31.10.2020 жылға дейінгі бір жыл ішіндегі кірістілік 7,1% инфляция кезінде 10,88% болды. Бұл ретте 2020 жылдың басынан бастап кірістілік 9,94%, ал инфляция 5,5% құрады.

Жалпы алғанда, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 4,6 трлн теңгеге жетті. Есепті күнге зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 34,5%.

Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алатын болсақ, онда таза инвестициялық табыс 5,4 триллион теңгеден асты. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 596,69% құрады. Ал инфляция 485,55% болды. Осылайша 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 111,14%.

Сонымен қатар зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыс мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезең үшін талдау керек. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш бола алмайды, себебі олар күнделікті нарықтық жағдайға тәуелді.

Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады. БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.

Сондай-ақ оқыңыз