Осы айда аймақтағы шаруашылықтардағы мал саны импорттық ірі қаралармен толықты. Атап айтқанда, Ресейден – 105, Ирландиядан 140 бас асыл тұқымды сиыр жеткізілді. Жыл соңына дейін «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облысқа тағы 2 мың ірі қара әкелу жоспарда бар.
Жалпы, Павлодар облысында «Сыбаға» бағдарламасымен 19 шаруа және фермерлік қожалық шетелден мал басын алды. Бұл ретте шаруалар герефорд тұқымды ірі қара малды сатып алғанды жөн көреді.
«Герефордтардың басты артықшылығы – оларды ерекше күтіп-баптаудың қажеті жоқ әрі етінің сапасы өте жоғары. Бүгінде біздің шаруашылықта 1200-ге жуық ірі қара бар. Яғни, еліміздің кез келген өңіріне асыл тұқымды төлді сатуға қауқарымыз жетеді», – дейді «Болат» шаруа қожалығының басшысы Серік Сүлейменов.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Әр асыл тұқымды мал үшін мемлекет тарапынан субсидия төленеді. Шаруалар алыс шетелден әкелсе 300 мың теңге, ТМД елдерінен жеткізсе 225 мың теңге және басқа аймақтардан сатып алса 150 мың теңге беріледі. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасын, жем-шөп өндіруге арналған жабдықтарды сатып алуға және айналым капиталын толықтыруға несие ала алады.
«Біз мал шаруашылығын дамытуға мүдделіміз, өйткені бұл ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жастардың бизнеспен айналысуына мүмкіндік береді. «Сыбаға» бағдарламасынан басқа да жеңілдетілген несие мен субсидия беретін тиімді тетіктер қарастырылған», – дейді облыс әкімінің орынбасары Асайын Байханов.
Айта кетелік, өңірде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алу үшін өтініш қабылдау жалғасуда.