Төрткүл дүниені өзіне телмірткен футбол әлемінде мұсылмандық жолын таңдаған әйгілі аяқдопшылар біраз баршылық. Әрине, арасында өзі әу бастан мұсылман боп өмірге келген спортшылар да жеткілікті. Дегенмен бүгін жасыл алаңда дұғасын жасап, алақанын жайып Алладан медет тілеп көпшіліктің көзіне түскен, бірақ онысы арзан пиар емес, шынайы ғибадат екенін дәлелдеген, ең танымал футболшылар туралы айтпақпыз.
Мұхамед Салах
Егер бізден «Әлемдегі ең ықпалды, ең танымал мұсылман футболшы кім?» деп сұраса бірден Мұхамед Салах есімі ауызға оралар еді. 2018 жылы «Ливерпульмен» Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен, сол жылы ағылшын премьер-лигасында ең үздік бомбардир атанған, 2019 жылы «Ливерпульмен» Чемпиондар лигасын жеңіп алып, «The Best FIFA Men’s Player» марапаттау бәйгесінде шорт-листке енген футболшы аз уақытта әлемге керемет ойынын ғана емес, исламды да дәріптеп үлгергендей. Әрине, ол жасыл алаңда және одан тыс жерде мұсылмандықты тікелей насихат қылған жоқ. Бірақ оның мұсылман екені, ислам дініне ерекше құрметпен қарайтыны әлемнің өзге халықтарын тәнті етіп, оған деген махаббатын аша түскені рас.
Салахтың қайырымдылыққа жаны құмар. Өз елінде спорт алаңқайларын салуға, медициналық аппараттар сатып алуға жиі қаражат бөледі. Египетте Салахтың әрбір қатысқан матчын көру, әрбір голын тойлау, әр қимылы мен іс-әрекетін жаппай талқылау кәдімгідей салтқа айналған. Тіпті оған Сауд Арабиясының билігі Меккеден жер телімін де тарту етіпті. Айтуларынша, жерді қаланың қай бөлігінен алатынын футболшының өзі таңдауға құқылы.
«Салах қазіргі кезде футболдағы араб және мұсылман әлемінің символына айналды. Оның жүріс-тұрысы, әрекеті, тәртібі мен әдебі нағыз мұсылман адамының қандай болатынын көрсетеді. Спорт әлемінде исламды ерекше насихаттай білді. Қазір ислам дінін теріс ағым етіп, экстремизм сипатында көрсетушілер көбейді. Дәл осындай кезде Салахтың әлемдік аренаға шығуы мұсылман әлеміне үлкен пайдасын тигізуде» деп жазады Goal France басылымының журналисі Наим Бенеддра.
Месут Өзіл
Кешегі күнге дейін Германия құрамасының намысын қорғағанына қарамастан оның шыққан тегі түрік екенін бүкіл әлем білді және оны Өзілдің өзі де жасырып қалған жоқ. Былтыр үйлену тойына құрметті қонақ етіп Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанды шақырғаны да сөзімізге дәлел. Германия құрамасында ойнағанын «кешегі күнге дейін» деп баян еткеніміз – қазір оның ұлттық құрамада ойнамайтынында. Лондонда Түркия президентімен (үйлену тойына дейін) кездесуіне Германия футбол федерациясы қарсылық білдіріп, оның құрамада ойнауына қарсы болған. Өзілдің бас командадан кетуі жанкүйерлерді екіұдай күйге қалдырды. Кейін бас бапкер Иоахим Лев оны қайта шақырды да. Бірақ Өзіл барған жоқ. Қазір клубтық деңгейде лондондық «Арсенал» намысын қорғайды. Оған дейін әйгілі мадридтік «Реалда» ойнап әлем жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленген еді. Оның әр матч сайын жасыл алаңда дұға қылатыны, исламды қадір тұтып, оның заңдылықтарын ұстануы жанкүйерлердің оған деген махаббатын тудырды. Тіпті бұрынғы клубтасы Роналдудың өзі Өзілден біраз Құран сүрелерін үйренгенін ашық айтып берген еді.
Осыдан бірер жыл бұрын түрік футболшысы кіші қажылыққа сапар жасап, сол сапары аясында Иорданияның «Заатари» лагеріндегі сириялық босқындарға көмектесуді мақсат еткен қайырымдылық матчына да қатысты.
Франк Рибери
Өзі футболға кеш келген (кәсіпқой футболға 15-16 жасында араласқан), соған қарамастан қатарластарымен тең дәрежеде доп теуіп, кейін әлемнің үздіктері қатарына қосылған француз футболшысы жанкүйерлерге қажыр-қайраты, табандылығы һәм намысымен жақсы танымал. Соңғы сегіз жылын «Бавария» сапында өткізіп, қазір А сериясындағы «Фиорентина» жейдесін киіп жүрген Риберидің мұсылманша есімі – Біләл Юсуф Мұхамед. Шыққан тегі алжирлік болатын футболшы 2006 жылы әйелімен бірге мұсылман дінін қабылдаған. Қазір Рибери мен Вахибаның (әйелі де алжирлік) Хизия, Шахинез деген қыздары және Мұхаммед есімді ұлы бар. «Мен күніне бес рет амал етемін. Бұл менің санамды серпілтіп, ерекше күш сыйлайды» дейді ол.
Бір жолы Германия чемпионатын жеңіп алған «Бавария» жеңісті сыралатып тойлайды. Анығында футболшылар мұндай сәтте бірінің үстіне бірі сыра шашып мерекелейді. Сондай сәттердің бірінде Рибери өзінің үстіне келіп сыра құйып кеткен командаласы Боатенгке қатты ренжіген. Ал командалық фото рәсімі кезінде қолына сыра құйылған стакан ұстап түсуден бас тартқан. Футболшы алкогольдік тәуелділікке қарсы күрес мақсатында өзінің туған қаласы Булонь-сюр-Мерде алкогольсіз бар ашқан. Ол жерде қонақтарға тек қана жеміс шырындары ұсынылады.
Поль Погба
Ислам дінін қабылдаған тағы бір француз футболшысы. Рибери француз футболының (жалпы, әлем футболының да) кешегісі болса, Погба – келешегінен үлкен үміт күттіретін бүгіні һәм ертеңі екені даусыз. Жас футболшы осы уақытқа дейін Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы атанып үлгерді. Сондай-ақ «Ювентус» сапында ойнап, ерекше ойынымен көпті тәнті қылып, 2016 жылы 105 млн еуроға «Манчестер Юнайтедке» ауысып барған.
26 жастағы футболшы гвинеялық отбасында дүниеге келген. «Анам – мұсылман. Бірақ мен мұсылман болып туған жоқпын. Ислам – керемет дін. Оны әркім де қабылдай алады. Ислам – бұл адамдарға деген құрмет» дейді футболшы.
Меккеге барып, қажылық парызын да өтеген. «Ислам менің өзгеруіме, көп нәрсені тереңірек түсінуіме әсер етті. Бұл жағдай менің ішкі жан-дүниемді тынышталдырады. Достарымның көбінің мұсылман болуы да менің исламды таңдауыма ықпалын тигізді» дейді футболшы БАҚ-қа берген сұхбатында.
Тьерри Анри
Көпшілікке «Арсенал» сапындағы жарқын ойындары арқылы жақсы таныс әйгілі француз футболшысы. Ислам дінін 2006 жылы қабылдап, кейінірек бұл шешімі туралы «Әл-Жазира» телеарнасы арқылы хабарлайды. Оның бұл шешіміне ұлттық құрамадағы командаластары ықпал еткен.
«Мен исламға достарым Эрик Абидаль мен Франк Риберидің арқасында қызыға бастадым. Олармен әңгімелесе отырып өзімді исламға жақын сезіндім және бар жүрегіммен бұл дінге сендім. Ислам мен үшін ең маңызды әлемге айналды. Әлемдегі жаңалықтармен, игіліктермен байланысты дүниенің бәрі құранда анық жазылған» дейді ол. Ислам дінін қабылдағаннан кейін ол гол соққан кездегі мерекелеу стилін де өзгертті. Гол соққан соң алаң жиегіне барып, басын сәждеге тигізгендей етіп, жасыл алаңға басын тигізіп, Жаратқанға алғыс айтқан.
Анри кейін футболшылық мансабын аяқтаған соң бапкерлікпен айналысты. Біраз уақыт Бельгия құрамасы бапкері Роберто Мартинестің көмекшісі болды. Содан соң «Монаконы» жаттықтырды. 2019 жылдың 14 қарашасында MLS-тағы «Монреаль Импакт» канадалық клубымен келісімшартқа отырды.
Ислам дінін қабылдап, соған лайық бола алып жүрген жоғарыдағы футболшылардан да басқалары жетерлік. Бірақ бір мақаланың өн бойында оның бәрін атап шығу тағы мүмкін емес. Біз тек таңдаулыларын ғана айттық.