Зейнетақы активтерін басқару: басқарушы компанияларға қандай талап қойылады?

Жарияланды
ҚНДРА дайындаған қағидаларды нарық өкілдері талқыға салып, Ұлттық банк мақұлдауы керек

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) инвестициялық портфельді басқару қағидаларын дайындады. Бұл ереже 2021 жылдан бастап қазақстандықтардың зейнетақы активтерін қандай компаниялар басқара алатынын айқындайды. Тиісті қаулының жобасы реттеушінің ресми сайтында жарияланған.

Зейнетақы активтері есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельді басқару Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және инвестициялық портфельді басқарушы арасында жасалған «Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт» негізінде жүзеге асырылады.

ҚНРДА ай сайын өз интернет-ресурсында төменде жазылған талаптарға сай келетін басқарушылар тізімін жариялап отырады. Егер компания басқарушылар тізімінен шығарылса, бұл зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартты бұзуға негіз болады. 

Айта кетейік, қаулы жобасы қазіргі уақытта Ұлттық банк және нарық өкілдері арасында талқыланып жатыр, түпкілікті қабылданған құжат емес. 

Зейнетақы активтерін қандай компаниялар басқара алады?

Аталмыш құжатқа сәйкес, зейнетақы активтерін басқарушының меншікті капиталы 5 миллиард теңгеден кем болмауы тиіс. Инвестициялық портфельді басқарушы компания кленттерінің жиынтық активі, ол  басқарушылар тізіміне енген күннен бастан 15  миллиард теңгеден кем болмауы шарт. 

Басқарушылар тізіміне енгенге дейін компанияның соңғы 36  айда,  кемі 10 млрд теңге инвестициялық портфельді басқарған тәжірибесі болуы керек. Тізімге енгенге дейінгі 2 жылдың қаржылық көрсеткіші бойынша, шығыны болмауы шарт. Ол аудиторлық есеппен расталуы керек. 

Одан  бөлек, инвестициялық портфельді басқарушы акцияларының 10 немесе одан көп пайызына иелік ететін (дауыс беру мүмкіндігі бар) акционері болуы керек.

Сондай-ақ штатта сертификаты бар қаржы талдаушысы мен тәуекел менеджерінің жұмыс істеуі, соңғы 6 ай ішінде пруденциалдық нормативтерді бұзу фактілерінің, басқарушыға қатысты санкциялар мен әкімшілік жазалардың болмауы және т.б. сияқты бірқатар басқа талаптар  қойылады.

Қайда инвестициялауға болады? 

Қаулы жобасы шетел валютасындағы құралдарға инвестицияланатын зейнетақы активтері мөлшерін шектейді. Яғни, шетел валютасына салынған инвестиция кастодианның есепшотындағы шетел валютасымен жатқан қалдықты қоса алғанда, басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтінің 50  пайызынан аспайды.

 Егер туынды қаржы құралдарының базалық активі зейнетақы активтерінің құрамына кірсе және осы қағида қосымшасының талаптарына сай келсе, зейнетақы активтері есебінен туынды қаржы құралдарымен мәміле тек хеджирлеу мақсатында ғана жасалады. 

Зейнетақы активтерін қазақстандық банк депозиттеріне  – 36 айдан аспайтын, ал шетелдік банк депозиттеріне 6 айдан аспайтын мерзімге салуға болады.

Басқарушы сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің бәрін инвестициялауы тиіс. Инвестицияланбай қалған қалдық басқарудағы зейнетақы активтерінің 3%-ынан аспауы керек. 

Қаржы құралдары түрлері бойынша зейнетақы активтерін инвестициялау лимиті басқарушы компанияның инвестициялық декларациясында көрсетілетін болады.

Басқарушы сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерін инвестициялай алатын қаржы құралдарының тізбесі:

Қаржы құралының атауы 
1 Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары (оның ішінде шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес бастама жасалған), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдеме беруімен және (немесе) кепілімен шығарылған  бағалы қағаздар 
2 Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған борыштық бағалы қағаздар
3 Акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, кәсіпкерлік қызметке байланысты емес жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлға шығарған борыштық бағалы қағаздар
4 Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес «Қазақстанның Даму Банкі», «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамдары шығарған борыштық бағалы қағаздар
5 Мынадай талаптардың біріне сәйкес келетін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдар:
Standard &Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «ВВ-»-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар немесе Standard & Poor’s ұлттық шкаласы бойынша «kzА»-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар банктер; 
бейрезидент бас банкi Standard &Poor’s агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша «А-»-тен төмен емес ұзақ мерзiмдi кредиттiк рейтингi немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегi рейтингi бар резидент еншiлес банктері  
6 Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «А»-тен төмен емес ұзақ мерзімді рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар бейрезидент банктердегі салымдар 
7 Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «ВВ+»-тен  төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар мынадай халықаралық қаржы ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздар:
 Азия даму банкі (the Asian Development Bank);
Америкааралық даму банкі (the Inter-American Development Bank); 
 Африка даму банкі (the African Development Bank);
 Еуразиялық даму банкі (Eurasian Development Bank);
 Еуропа қайта құру және даму банкі (the European Bank for Reconstruction and Development);
 Еуропа инвестициялық банкі  (the European Investment Bank);
 Еуропалық Кеңестің Даму Банкі; (the Council of Europe Development Bank);
 Жеке Секторды Дамыту жөнiндегi Ислам Корпорациясы (the Islamic Corporation for the Development of the Private Sector); 
 Ислам даму банкі (the Islamic Development Bank);
 Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі (the Multilateral Investment Guarantee Agency);
 Скандинавиялық инвестициялық банк (the Nordic Investment Bank);
 Халықаралық валюта қоры  (the International Monetary Fund);
 Халықаралық даму қоғамдастығы (the International Development Association);
 Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталық (the International Centre for Settlement of Investment Disputes);
Халықаралық қайта құру және даму банкі (the International Bank for Reconstruction and Development);
 Халықаралық қаржы корпорациясы (the International Finance Corporation).
 
8 Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «ВВ+»-тен төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар
9 Шетелдік ұйымдар шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар:
Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «ВВ+»-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингік бағасы бар шетелдік эмитенттердің акциялары;
негізгі қор индекстерінің құрамына кіретін шетелдік эмитенттердің акциялары және базалық активі осы акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттар;
Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «ВВ+»-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар
10

Қазақстан Республикасының немесе басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар:
Standard & Poor’s  агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша   «ВВ-»-тен төмен емес рейтингіктік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар немесе Standard & Poor’s ұлттық шкаласы бойынша «kzА-»-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар заңды тұлғалардың акциялары және базалық активі осы акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттар;

қор биржасының ресми тізіміне «Негізгі» алаңының «акциялар» секторы «премиум» санатының талаптарына сәйкес келетін, қор биржасының ресми тізіміне енгізілген заңды тұлғалардың акциялары және базалық активі осы акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттар; 

негізгі қор индекстерінің құрамына кіретін шетел валютасында номинирленген заңды тұлғалардың акциялары;

Standard &Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «ВВ-»-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар немесе Standard & Poor’s ұлттық шкаласы бойынша «kzА-»-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар 
осы эмитенттің бұрын шығарылған бағалы қағаздарына не өзге міндеттемелеріне айырбастау мақсатында эмитент міндеттемелерін қайта құрылымдау шеңберінде шығарылған бағалы қағаздар

11 Morningstar рейтингтік агенттігінің «3 жұлдыздан» төмен емес рейтингтік бағасы бар Exchange Traded Funds (ETF), Exchange Traded Commodities (ETC), Exchange Traded Notes (ETN) пайлары
12 Басқарушы компаниясы қор биржасының ресми тізіміне «Аралас» алаңының «инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары»  секторы талаптарына сәйкес келетін, қор биржасының ресми тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын аралық инвестициялық пай қорларының пайлары
13 Активтерінің құрылымы негізгі қор индекстерінің бірінің құрылымын қайталайтын немесе олардың пайлар бойынша баға белгілеулері негізгі қор индексіне байланысты болатын Exchange Traded Funds (ETF) пайлары
14 Standard & Poor’s агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша «ВВВ»-дан төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингі бар елдердің шетел валютасы
15 Лондон бағалы металдар нарығының қауымдастығы (London bullion market association) қабылдаған және «Лондондық сапалы өнім беру»  («London good delivery») стандарты ретінде осы қауымдастықтың құжаттарында белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сай келетін аффинирленген бағалы металдар, сонымен қатар  он екі айдан аспайтын мерзімге Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктеріндегі  Standard & Poor’s  агенттігінің «АА»-дан төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингі бар метал депозиттер. 
16 Хеджирлеу мақсатында жасалған, базалық активі осы қосымшаға сәйкес зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдары болып табылатын мынадай туынды қаржы құралдары:
опциондар;
фьючерстер;
форвардтар;
своптар;
жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының жиынтығы болып табылатын туынды қаржы құралдары.

Айта кетейік, зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға қатысты түзетулерге сәйкес, зейнетақы жинағының «жеткілікті ең төменгі шегінен» асатын бөлігін ғана  басқаруға беруге болады.
 

Сондай-ақ оқыңыз