Парламент сенаты Еуразиялық экономикалық одақ елдері азаматтарының осы одаққа мүше кез-келген ел аумағында жұмыс істеп, сол елдің үкіметінен зейнетақы алуына мүмкіндік беретін келісімді бірауыздан мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.
Бұл құжатпен жұмыс 2014 жылы басталған еді. 2019 жылы 20 желтоқсанда ЕАЭО мемлекет басшылары келісімге қол қойған болатын. Енді, міне араға бір жыл салып Қазақстан бұл келісімді қолдайтынын ресми растады. Тек мемлекет басшысының қол қоюы ғана қалып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, бұл заң ЕАЭО елдеріндегі ала-құла зейнетақы жүйесін бір ретке салады.
«Заң жобасының басты мақсаты – бірыңғай зейнетақы жүйесін қалыптастыру. Қарап отырсақ, әр елдегі жүйе әртүрлі. Беларусь Республикасында мүлде жинақтаушы зейнетақы жүйесі жоқ. Ал Қазақстан, Ресей және Армения елдеріндегі зейнетақы жүйелерінің айырмашылығы көп. Олардағы зейнет жасы, зейнетақы мөлшері, еңбек өтілі, басқа да параметрлер бөлек. Әр елдегі тұрақты тұрушы азаматтың зейнетақы мәселесі реттелген. Ал ЕАЭО елдерінен келіп жұмыс істеп жүрген азаматтардың зейнетақы мәселесі әлі шешілмей тұр. Бұл ретте, әр мемлекет өздеріндегі ұлттық заңнамаға сәйкес зейнетақы төлемін жасайды» деді министр.
Сенат мақұлдаған келісім бойынша, азамат жұмыс істеп жүрген елдегі еңбек өтілі бір жылдан асса сол елден зейнетақы алады.
«Бұл келісім одақ аумағындағы еңбек ресурстарының еркіндігіне мүмкіндік сыйлайды. Жұмысшы өзі барған елдің азаматтарымен бір деңгейде төлем алады. Қазақстанда жұмыс істеп жүрген өзге ел азаматтары зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ-ға аударып, кейін осы қордан зейнетақы төлемін алады. Егер бір азамат ЕАЭО аумағындағы үш елде жұмыс істесе, зейнетақысын үш елден де алады. Келісім – еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз етудің әділетті жолы. Заң жобасы қабылдануының арқасында мигранттардың табыстары заңдастырылады» дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
«Келісім күшіне енгеннен кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары еңбек қызметін жүзеге асырған мемлекеттің азаматтары сияқты зейнетақымен қамсыздандырылуға құқылы болады.
ЕАЭО-ға қатысушы әрбір ел еңбек етушіге оның аумағында жинақталған жұмыс өтілі үшін зейнетақы төлейтін (экспорттайтын) болады. ЕАЭО-ның басқа елінде тұратынына қарамастан, еңбек етушіге зейнетақыны ол еңбек қызметін жүзеге асырған ЕАЭО-ға мүше мемлекет төлейтін болады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстанда келісімді іске асыру бойынша құзыретті орган болып белгіленді. Зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша барлық сұрақтар бойынша ҚР және ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтары БЖЗҚ-ға тікелей жүгінетін болады.
Келісім бойынша ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің еңбекшілеріне Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдері жүзеге асырылатын болады, өйткені олар Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтармен және шетелдіктермен тең жағдайда ұлттық зейнетақы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда БЖЗҚ-ға МЗЖ аударады» делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдемесінде.
Статистика бойынша жыл басынан бері Қазақстанда ЕАЭО елдерінен келген 20 мыңғы жуық еңбек мигранттары жұмыс істеген. Тиісінше, Қазақстаннан одақ елдеріне жұмыс іздеп кететін азаматтар саны өскен. Әрине, көпшілігі Ресейге барады. 2015 жылы Қазақстаннан Ресейге кеткен қазақстандықтар саны 70 мыңнан асса, 2019 жылы олардың саны 137 мыңға жеткен. Ал 2015 жылы Ресейден Қазақстанға 12,5 мың ресейлік жұмыс істеуге келсе, 2019 жылы олардың саны екі жарым есе өсіп, 30 мыңға жеткен.
Қазір бұл келісімді Армения, Беларусь елдері ратификациялап қойды. Қырғыз Республикасының парламенті мен Ресей Федерациясының Федералдық жиыны да келісімді мақұлдаған. Қазіргі жағдай бойынша, Армениядағы орташа зейнетақы көлемі – 37 146, Беларусь Республикасында – 75 201, Қырғыз Республикасында – 30 566, Ресей Федерациясында – 103 585, ал Қазақстанда 95 943 теңгені құрайды.