Көпшілігіміз мүмкіндік бар жерден кедергі іздеп әуре боламыз. Сол себепті кіріс пен шығынды есептегенді құп көрмей, ойдан сылтау ойлап табамыз. Ал негізі осы уақытқа дейін жүйелі түрде отбасылық және жеке бюджетті есептеудің тәсілдері туралы кеңестерді назарыңызға ұсынып жүрміз. Бұл жолы да пайдалы материалымызды оқуға кеңес береміз.
Шын мәнінде шығынды жоспарлау арқылы ақшаны орынды жұмсауды үйренуге әбден болады. Егер күнделікті кіріс пен шығысты жазып жүрмесеңіз, үнемдеу оңай болмасы анық. Одан бөлек, бір жерде түртіп жүрмеген адам ақшасының қанша қалғанын нақты білмегендіктен, кейде ретсіз шығынға батып қалуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, мұндай жинақылық яки пысықтық әркімге тән бола бермейді. Одан гөрі сылтау айта салған оңайырақ. Пысықтардың қатарынан болу үшін туғаннан «шығын есептегіш» болудың қажеті жоқ. Бар болғаны, әдетке айналдыруға тырысып, бастау керек. Ел ішінде ең көп таралған сылтаудың он түрін ұсынып отырмыз. Өзіңізді танып қалуыңыз ғажап емес.
«Онсыз да аз ақша табам. Оны есептеп не керек?»
Жұрттың басым бөлігі шығынын есептеп, арнайы бюджеттік есеп жүргізу үшін міндетті түрде жоғары жалақы алып, көп табыс табу керек деп ойлайды. Ал шын мәнінде, қанша алсаңыз да, тіпті табысыңыз төмен болса да, есеп жүргізген дұрыс. Дұрыс дегеннен гөрі аса қажет дейік. Себебі жалақысына көңілі толмайтын адам шығын мен кірісті бақылауды әдетке айналдырмаса, табысының артуы екіталай. Адам есеп жүргізіп, қанша қаражат керегін есептемейінші, жағдайы өзгере қоймайды. Әлбетте, жақсы жұмысқа тұрған соң бастаймын деп созуға болады. Бірақ оған дейін жақсы әдет қалыптастырған тіпті жақсы. Негізі есеп жүргізуді аса қиын не қорқынышты үдеріс қылып елестетпеңіз. «Тым сараң боп кетемін» деп те үрейленудің қажеті шамалы. Бар болғаны, нақты көрініс пайда болып, қанша кеткенін, қанша керегін, қанша тапқаныңызды анық біліп отыруға жол ашылады.
«Көп қаражат жаратпаймын. Жазып жүрмесем де болады»
Мұндай сылтау айтатын топ та бар. Аса дүкенге барғыштамайсыз, барған күннің өзінде азғантай сомаға ғана шығындаласыз. Олай болса, есеп жүргізіп не керек? Осылай ойлайтындар болады. Негізі бюджетті есептеу дегеніміз аз-көп шығынға қарамайды. Себебі қазіргі нарықтық заман талабы бойынша, мүлдем ақша жаратпау мүмкін емес. Судың өзін сатып ішетін, аяқ аттаса, ақша шығындалатын кезде, бәрібір қалтаңыздан қағатын шығын болады. Ендеше, есеп жүргізу — заман талабы. Бұл жерде басты мәселе қалайда шығындап, қытымырлану емес. Не нәрсеге, қалай, қанша жұмсап жатқаныңызды байқау қажет. Айталық, расында дүкенге бас сұққанда тек макарон мен кетчуп не нан алуыңыз мүмкін. Ал ақшаңызды есептеп көрсек, жеміс-жидек пен көкөніс алуға жететін болып шықса ше? Мұндайда жылдар бойы құнарсыз, нәрсіз, зиян тамақ ішіп жүріп, бір күні дәрігердің алдынан бір шықсаңыз не болады? Мұндайды да ойлау қажет. Асылы, адам баласы іштей өзі жайлы өте жақсы ой-пікірде болады. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын бюджетті есептеу арқылы оп-оңай білуге болады.
«Байдың бәрі тиын санағаннан байып кетпеген шығар»
Миллионердің де түр-түрі бар. Әрине, оңай жолмен келген ақшаны есеп жүргізбестен жұмсау оңай. Біздің айтып отырған бай-бақуатты адамдарымыз — өз маңдай терімен тапқандар. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, мұндай адамдар қайта есепке жүйрік болады. Басқа біреудің ақшасына бас ауыртқаннан гөрі, жеке бюджетті реттеген дұрысырақ. Байдың бәрі ақшаны көзсіз жұмсайды деген — қате түсінік. Мысалы бір киімді тастамай киетін Стив Джобс ақшасы жоқтықтан не сараңдықтан шопингке құмар емес дейсіз бе? Мұнда қайта мәселе көзқарас пен түсінікте десек дұрыс болар. Артық шығын, ысырап тұрғысынан қарастырған жөн болар. Әрине, егер есеп жүргізсеңіз, демде байып кетесіз деп бос үміт беруге болмайды. Бірақ қаржылық сауат қажеті анық.
«Бюджет есептеудің қажеті қанша, ақшам жетеді»
Айталық, сізді қазір жалақыңыз жоғары. Қажет деген заттың бәрін алуға шамаңыз жетеді. Соған қарап, кейде мұрнымызды көкке шүйіріп қалуымыз мүмкін. Десек те, алдағы уақытта не боларын ешкім білмейді. Сондықтан адамда қор болуы керек. Форс-мажор бола қалуы да аяқ-асты. Мысалы үй алу, көлік алу не басқасына ауыстыру, өмірге жаңа сарын қосу сынды жоспарлар туындауы да ғажап емес. Одан қала берді, көлігіңіз бұзылып қалып, оны жөндеу үшін үлкен көлемде қаражат қажет болса ше? Ол сіздің табысыңыздың едәуір үлесін алатын болса, «бәріне жетеді» деген сөзіңіз құр сөз болып қалуы мүмкін. Міне, сондай жағдайлар болмас үшін ақшаны қалай жұмсап жүргеніңізге, қалай ақылмен жұмсау керегіне қатысты толғам жасай жүріңіз.
«Өмір өзі бір-ақ рет беріледі. Ұсақталғым келмейді»
Адам баласына бюджет жоспарлап, есеп жүргізу өте іш пыстыратын шаруа болып көрінсе керек. Бәлкім, сол себепті көпшілігі қашатын сыңайлы. Онсыз да қамшының сабындай қысқа ғұмырда шалқып өмір сүргенге не жетсін?! Осындай пікір айтады. Көмектесеңіз, қажетіңізге жаратыңыз, артық қалып жатса, басқалардың жағдайын жасаңыз — неге олай етпеске? Тіпті есеп жүргізу арқылы қанша қаражатты жүйелі түрде қол ұшын созу үшін шығара алатыныңызды есептей алар едіңіз.
«Алдымен үй мен көлік алып алайын, сосын есептеймін. Ал әзірге ертелеу»
Ірі дүниелерді сатып алу оңай емес. Көпшілігі күнделікті ұсақ шығындардың өзіне қиналып жүр. Болашақта алатын зат үшін бүгін жоспарлап, есептеген жөн. Сонда мақсатқа жету тіпті жеңілдей түседі. Әйтпесе, «жалқаудың ертеңі бітпейді».
«Шығынды есептеу — бас ауыртады. Есеп жүргізгім келмейді»
Қарыз көп болса, жалақы түсетін күн қуаныш сыйлайтын емес, бас ауыртатын күнге айналады. Себебі «айлық түскенде берем» деп алған қарыздарыңызды қайтару қажет болады. Бір ай бойы күткен күні қарызды есептесеңіз, бүкіл қаражат жоқ болып кететін түрі бар. Тіпті келесі айға дейін өмір сүру үшін тағы қарыз сұрауға мәжбүр болуыңыз да ғажап емес. Сонда да талпынып көріңіз. Бақылаңыз. Қай жерде қателестіңіз? Неге ақша жетпейді? Жақсы жалақы беретін жұмысқа тұру не қосымша еңбек етуге бола ма? Қарыздың көлемі қандай, ол батпақтан қалай шығуға болады? Қағазға жазып, анық көрсетсеңіз, миыңызда анық көрініс пайда болады.
«Мұнымен айналысып отыратын уақытым жоқ»
Жылдық бюджетті жоспарлау үшін шынында бірнеше сағатыңызды сарп етуіңіз керек болатын шығар. Бірақ күнде бірнеше сағат арнаудың қажеті жоқ қой. Кіріс пен шығынды тізбектеңіз, жазыңыз. Уақыт бөліңіз. Оның пайдасын әлбетте, алдағы уақытта көресіз. Мәселен «уақытым жоқ» дегеніңізбен, қолыңыз тигенде әлеуметтік желіде «батып» кететін боларсыз? Күнде желіге қанша сағат шығындайсыз? Ал бюджетті есептеуге неге уақыт бөле алмайсыз? Осыны ойланып көргейсіз.
«Табысым тұрақты болмаған соң, есептегеннен пайда жоқ»
Ай басында не соңында түсетін жалақысы жоқ адамдардың ең көп айтатын сылтауы — осындай. Ал негізі нағыз есеп жүргізуі керек адамдар да — осы табысы тұрақсыздар. Себебі бюджетті жоспарлау арқылы бірде — көл, бірде — шөл жағдайдан шығып, тұрақты әрі қалыпты өмірге орнығуға мүмкіндік туады. Жалпы орта есеппен қанша табасыз, жақсы өмір сүру үшін қанша керек, табыстың қанша бөлігін тұрақты түрде алып қоясыз, қорыңызда қанша қаражат бар — жазып жүрген абзал. Сонда жүрегіңіз тыныш болады.
«Есеп жүргізгеннен ұшпаққа шықпаспын. Сенбеймін»
Мұндай сылтауды не мүлдем есеп жүргізбеген не шамалы уақыт қана жүргізгендер айтады. Әдетке айналдыра алмағандар «кезінде жазып көрдім. Еш пайдасы жоқ» деп шыға келеді. Негізі бір кезде есеп жүргізіп бастаған болсаңыз, бір жерде қателестіңіз деген сөз. Бастысы, қай жерде қандай қате кеткенін бағамдап көріңіз. Бизнесте бәрі есептелуі керек болғандай, отбасында да шығын мен кіріс есептелуі тиіс. Өйткені сіз және сіздің жанұяңыз — кішігірім кәсіпорын. Мұнда да бизнес шарттары жүреді. Бір күні банкротқа ұшырағыңыз келмесе, қазірден бастап ақылға келгейсіз.