Салық амнистиясын қанша адам пайдаланып үлгерді?
Елімізде жарияланған салық амнистиясын дәл қазіргі уақытқа дейін 513 мың жеке тұлға пайдаланыпты. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, олар жалпы құны 6,9 млрд теңге сомасын төлеген, бұл ретте пеня ретінде 772,7 млн теңге айыппұл есебінен шығарылған.
Комитет таратқан ақпарат бойынша, Алматы қаласының тұрғындары көлікке салынатын салық бойынша айыппұлдарды есептен шығару жағынан алда тұр. 117,8 млн теңге есептен шығарылған. Ал Шымкент қаласының тұрғындары 63,6 млн теңге болатын жер салығы қарызын өтеген. Соның арқасында 7,2 млн теңге айыппұл сомасын төлеуден босатылған.
Ал мүлік салығына салынған айыппұлдардың кешірілуі тұрғысынан Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары алда. Олардың айыппұл бойынша қарызы 10,3 млн теңгеге жеткен. Елорда тұрғындары 59,3 млн теңге болатын негізгі қарыз сомасын төлеген.
Жалпы, айыппұлдарды есептен шығару акциясы басталған сәтте 1,5 млн жеке тұлғаның жалпы қарызы 23,6 млрд теңгені құраған. Оның ішінде негізгі қарыз сомасы 21,8 млрд теңге болса, айыппұлдар 4,5 млрд теңгеге жеткен. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, салықтың барлық түрі бойынша жүргізіліп жатқан амнистия жыл соңына дейін күшінде болады. Пеняны кешіру бойынша ешқандай органға барып жүгінудің қажеті шамалы. Ең бастысы негізгі қарыз сомасын төлесе жетіп жатыр. Сол кезде айыппұл да автоматты түрде кешіріледі.
Өз атыңызда қандай да бір салық түрінің бар немесе жоқ екенін мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына кіріп, тексере аласыз.
Еске салсақ, 2 шілдеде қабылданған заң негізінде биылғы акция 19 тамызда басталды. Мұндай акция 2019 жылы да жүргізілген. Былтыр 4 айда жақсарған әлеуметтік жағдайды ескере отырып, мемлекет басшысы осындай акцияны биыл да жүргізу туралы тапсырманы сәуір айында берген болатын. Нәтижесінде 755,7 мың жеке тұлға 15,9 млрд теңге негізгі қарыз сомасын төлеудің арқасында, 3,1 млрд айыппұл сомасы кешірілген. Бұл халықтың басым бөлігіне салық органдары әр түрлі уақытта енгізген мүлікке, банктік шоттарға қатысты шектеулер мен тұтқындауларды алып тастауға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің алдын ала есептеуінше, биыл бұл жеңілдікті 1,2 миллионнан астам қазақстандық пайдаланбақ. Ал олардың мемлекетке төлейтін сомасы 12,7 млрд теңге көлемінде.