Коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыттың құны қанша?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазіргі кезде әлемде коронавирус инфекциясына қарсы 212 вакцина-кандидат бар. Солардың ішінде 48-і ғана клиникалық сынақтан өткізу кезеңіне жеткен. Осы 48 вакцинаның қатарында қазақстандық QazCovid-in вакцинасы да бар. Оны ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жасап жатыр.
Аталмыш ҒЗИ Жамбыл облысы, Гвардейский елдімекенінде орналасқан. Сәуір айында Үкімет Жамбыл облысы әкімдігіне жоба құжаттамасын әзірлеу мен ҒЗИ аумағында биофармацевтика зауыты құрылысын бастауға 685,9 млн теңге бөлді. Кәсіпорын өндірістік тәжірибенің халықаралық стандартына сәйкес (GMP) иммунды-биологиялық дәрілік препараттарды, соның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығаратын болады. Зауыт қуаттылығы – жылына 60 млн доза вакцина өндіру.
БҚПҒЗИ мәліметі бойынша, құрылысқа тікелей тапсырыс берген – Білім және ғылым министрлігі, оны «Ка-Строй ЛТД» ЖШС салып жатыр. ҒЗИ қызметкерлері зауыт салуға қанша қаржы бөлінді деген сұраққа жауап беруге ыңғай танытпай, Жамбыл облысы әкімдігіне қарай сілтеп жіберді. Ал аймақ әкімшілігі зауыт құрылысына 7 млрд теңге бөлінгенін, оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына 2,6 млрд теңге жұмсалып, керекті құрал-жабдық алуға 3,3 млрд теңге кететінін хабарлады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған, барлық инженерлік коммуникация жүйесі жүргізіліп қойған. Зауыт өз жұмысын 2021 жылдың I тоқсанында бастайды.
Ашық дерек көздерінен биофармацевтика зауытын салуға қатысты жариялаған қандай да бір тендерді таба алмадық. goszakup.gov.kz порталындағы деректерге сүйенсек, БҚПҒЗИ жаңа зауытта қолданылатын құрал-жабдық сатып алып жатқан сыңайлы. Осы ретте «Курсив» ғылыми зерттеу институты биыл жыл басынан бері жариялаған, құны 10 миллион теңгеден асатын тендерлерді зерделеп көрді. Бұндай тендерлердің саны – 76. Олардың арасында 193 млн теңгеге зертхана құрал-жабдықтарын, 74,5 млн теңгеге 2, 5, 10, 50 және 100 мл сұйықтық құятын флакондарды, 34,8 млн теңгеге ДНК/РНК синтезаторын және 48 млн теңге төмен температуралы тоңазытқыш сатып алу тендері бар. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2019 жылы институт құны 10 млн теңгеден асатын алты-ақ тендер жариялаған. ҒЗИ жем-шөп, мал, ампула мен натрий хлоридін сатып алған.
16 қараша күні коронавирус инфекцияның таралуына қарсы шаралар жөніндегі кеңесте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясы бойынша осал топтарға кіретін 3,6 млн қазақстандыққа екпе егу үшін Үкімет резервінен 47 млрд теңге жұмсалатынын айтты.
«Екпе аса қымбат болмайды. Бізге айтқандары бойынша, оның өзіндік құны 2-4 доллар болады», – деген еді Алексей Цой пресс-конференцияда.
Бір адамға екпе егу үшін QazCovid-in-нің екі дозасы қажет, сәкесінше, өзіндік құны $4–6, немесе қазіргі бағам бойынша 1700–2500 тенге айналасында болады. Отандық вакцина сапасы мен қауіпсіздігі сынақтан толық өткен соң ғана өндіріле бастайды. Алексей Цой сынақтың екінші кезеңі 17 қарашада бітеді деген еді, алайда материал жарияланғанда дейін бұған қатысты ресми мәлімдеме болған жоқ.
Қазақстан сонымен қатар, коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны да өндірмек. Тамыз айында «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «коронавирусқа қарсы вакцина өндірісін Ресеймен бірлесе отырып жолға қою» жоспары туралы айтып берген еді.
11 қараша күні Кремль баспасөз қызметі Тоқаев пен Путин «Қазақстан аумағында корнавирусқа қарсы ортақ вакцина өндірісін ұйымдастыруды» талқылағанын хабарлады. 16 қарашада коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы ресейлік вакцина шығаратын зауыт салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.
«Келер жыл коронавируспен күресте аса маңызы екенін ескерсек, бұл зауыт артық болмайды. Бізге вакцина керек. Үкімет осы аса қажетті жобаға инвестиция тарту жұмысына кірісіп кетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры бұл мәселе бойынша әлі тапсырма түспегенін айтады.
Қазақстан мен Ресей тамыз айында коронавирусқа қарсы әлемде алғашқылардың бірі болып ресми тіркелген вакцина – «Спутник V» жеткізу туралы келісімге келді. Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (РФПИ) барлық сынақ кезеңдерінен өткен соң, вакцинаның кепілдендірілген көлемін бөлуі керек. Ресейлік БАҚ Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының қызметкері («Спутник V» әзірлеушісі) Анатолий Альтштейнге сілтеме жасай отырып, вакцинаның өзіндік құны шамамен 700 рубльді немесе 25 қарашадағы бағам бойынша, шамамен 3,9 мың теңгені құрайтынын хабарлады.
Осы ретте Қазақстан дәл осы «Спутник V» вакцинасын шығарып, ал Ресей тарапынан РФПИ серіктес атануы мүмкін деген болжам жасауға болады. Ол бұған дейін де шетелдерде осындай жобаларды жүзеге асырумен айналысқан. Мәселен, 13 қарашада қор Оңтүстік Корея биотехнология саласындағы жетекші компанияларының бірі – GL Rapha-мен осы елде «Спутник V» вакцинасының 150 млн-нан астам дозасын өндіру жөнінде келісімге келгені жайлы жарияланды. Тараптар желтоқсан айында вакцина өндірісін жолға қойып, 2021 жылдың қаңтарынан оны экспорттауға ниетті.
«Курсив» Қазақстанда вакцина өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігі жөнінде ақпарат алу үшін РФПИ-мен байланысып көріп еді, алайда қор өкілдері жоба бойынша пікір беруден бас тартты.