Инвестиция

Қазақстанның мұнай қоры қанша?

Әлемдік рейтингте еліміз 11-орында тұр

Қазақстан  мұнай қоры рейтингінде 11-орында тұр. Еліміздің мұнай қоры – 30 млрд баррель. Биыл 10 айда 61 млн тонна шикі мұнай өндірілген. Өндіріс көлемін азайту жөніндегі келісімге сәйкес,  өткен жылмен салыстырғанда, 6 пайызға аз, деп жазады energyprom.kz. 

Мүнай  қоры мол елдердің көшін Внесуэла бастап тұр. Бұл елдегі мұнай қоры 302,8 млрд баррельді қүрайды. Үздік үштік қатарына Сауд Арабиясы мен Канада кірген. 

2020 жылдың қаңтар-қазан аралығында еліміде 61,2 млн тонна шикі мұнай өндірілген. Ақшалай мәнде алсақ, өндірілген шикі мұнай құны 6,5 трлн теңгені құраған. Айта кетейік, мұнай өндірісінің азаюына ОПЕК+ елдері келісімі себеп. Осы келісім аясында мұнай одағына кіретін мемлекеттер мамыр айынан бері бір күнде өндірілетін мұнай көлемін 9,7 млн баррельге қысқартуға уағдаласқан.

Үш ай бойы бір күндік өндіріс 9,7 млн баррельге қысқарса, тамыз айынан бері  мұнай күніне 7,7 млн баррельге кем өндіріліп жатыр. Альянс жыл соңына дейін осы келісімді ұстанбақ. 2021-2022 жылдары қандай көлемде мұнай өндірілетіні жайлы келісім жүріп жатыр. 

Қазақстанда  мұнай негізгі екі аймақта – Атырау облысы мен Маңғыстау облысында өндіріледі. Атырау облысына өндірістің  64,3%-ы тиесілі болса, Маңғыстау облысының еншісінде – 22,8%. Айта кетейік, бұл өңірлерде «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.» филиалы (Қашаған кен орны), «Теңізшевройл» ЖШС (Теңіз кен орны), «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қарақұдықмұнай» ЖШС және басқалары жұмыс істейді. 

2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан 18,7 млрд АҚШ долларына 55 млн тонна мұнай экспорттады.  Экспорттың заттай мәндегі өсімі 7,6%-ды құраса, ақшалай мәндегі көрсеткіші, керісінше, бірден 24,8%-ға төмендеген.

Соның ішінде ТМД елдеріне жалпы құны 120,3 млн доллар болатын 439,4 мың тонна шикі мұнай жөнелтілген. Қазақстандық мұнай ТМД елдері арасында негізінен Өзбекстанға экспортталады. Өзге шетелдерге 54,6 млн тонна мұнай жөнелтіліпті. Негізгі импорттаушылар –  Италия, Нидерланды және Үндістан.