Зейнетақы қорының комиссиялық сыйақысы келер жылы қаншалықты төмендейді?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылға арналған комиссиялық сыйақы мөлшерін белгіледі. Сыйақы Ұлттық Банк Басқармасының 2020 жылы 27 қарашадағы №132 қаулысымен белгіленіп отыр.
Сыйақы инвестициялық табыс сомасының 2,0 пайызы және зейнетақы активтерінің айына 0,01 пайызы көлемінде бекітілген.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес комиссиялық сыйақының шекті шамасы инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан және зейнетақы активтерінің айына 0,025 пайызынан аспайтын шекте белгіленеді.Осылайша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап белгіленетін комиссиялық сыйақының заңда белгіленген шекті шамалардан төмен нақты шамалары мынадай:
– инвестициялық табыс сомасынан – 3,75 есе;
– зейнетақы активтерінен – 2,5 есе» делінген қор мәлімдемесінде.
БЖЗҚ жыл сайын Ұлттық Банкпен бірлесе отырып комиссиялық сыйақыны төмендету және Қордың шығынын оңтайландыру жүргізеді. 2020 жылға комиссия мөлшері инвестициялық табыстың 5 пайызынан 2 пайызына дейін және зейнетақы активтерінен айына 0,015 пайызынан 0,011 пайызға дейін айтарлықтай төмендетілген еді.
Заң бойынша БЖЗҚ комиссиялық сыйақының екі түрін де алады және барлық шығындарды, соның ішінде зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға байланысты шығындарды да жабады. БЖЗҚ-ның меншікті капиталының өсімі және меншікті активтерді инвестициялау комиссиялық сыйақыны одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді.
«Комиссиялық сыйақының салыстырмалы және абсолюттік шамаларының төмендеуі зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы ретінде Ұлттық Банктің, сондай-ақ, қаржы құралдарын инвестициялық есепке алу, жеке зейнетақы шоттарын дербестендірілген есепке алу, салымшылар мен алушыларға зейнетақы қызметтерін көрсету жөніндегі бірыңғай оператор ретінде БЖЗҚ жүргізген жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Жалпы инвестициялық басқаруға және кастодиандық қызметтерге комиссиялық шығыстар төмендетілді, бизнес-үдерістерді автоматтандыру және қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру, зейнетақы қызметтерін электрондық форматқа көшіру және операциялардың жалпы көлеміндегі олардың үлесін ұлғайту бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, сондай-ақ, әкімшілік шығыстардың бір бөлігін меншікті активтерді инвестициялаудан түскен кірістерден жабу есебінен БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыстары азайтылды.
Комиссиялық сыйақы шамасының айтарлықтай төмендеуі салымшылар мен алушылардың инвестициялық табысы мен зейнетақы жинақтарының көбеюіне оң әсерін тигізуде» делінген хабарламада.