Алматыда өткен Almaty Investment Forum 2020-да отандық және халықаралық бизнесмендер, қаржы институттарының өкілдері мен белгілі саясаткерлер Алматыдағы бизнестің қазіргі даму ахуалы, инвестициялық тартымдылығы және қаланың келешектегі даму перспективасы туралы ойларымен бөлісті.
«Мегаполистердің» жаңа қалпы» атты телекөпірде әлемге әйгілі шаһарлардың басшылары мен саясаткерлер өз тәжірибелерін айтты. GFCC атқарушы директоры Роберто Альварездің айтуынша, қазір Латын Америкасының белгілі IT-мамандары тұратын бразилиялық Флорианаполис қаласын 500 мыңдық кішкентай шаһардан аса қуатты инновациялық және технологиялық орталыққа айналдыру үшін шағын бизнестің көмегі аса қажет болған. Қазір аталған қалада бірнеше индустриалды-технологиялық аймақ бар. Онда әр аймақтан келген үздік IT-мамандары өздерінің стартап жобаларын жүзеге асырады.
Mercer Quality of Living жетекшісі Сладжин Паракатил жаңадан ғажайып қала ойлап табудың қажеті шамалы, ең бастысы өзінің ерекшелігі бар өз тарихыңды құру керексің дейді. Ең бастысы қала бизнес жүргізуге өте ыңғайлы болуы керек.
Грузияның экс-премьер-министрі Николоз Гилаури қазіргі таңда мегаполистер жиі кездесіп отырған қиындықтарды да атап өтті.
«Әлем дағдарысқа үнемі ұшырап келе жатыр. Қазіргі дағдарыс – тікелей шағын бизнеске келген дағдарыс. Шағын кәсіпкерлік үлкен рөл ойнайтын қалалар үшін бұл кедергіні жою ең бірінші міндет болып тұр. Бұл ретте мемлекет шағын бизнеске үлкен қолдау көрсетуі қажет. Өйткені олар ірі кәсіпорындар сияқты мол резервке ие емес. Қолдау болмаса олар оңай жабылып қалады. Екінші фактор – әрі қарай даму үшін жаңа инвестиция тарту. Үшіншісі – мемлекет пен бизнес серіктестігі жүйесін реформалау. Егер әділ бәсекеге қабілетті жағдай жасалса, онда жеке инвесторларға кәсіпорын құру үшін ақша салу жеңілдей түседі. Төртіншісі – еркін экономикалық, өнеркәсіптік және виртуалды аймақтар құру. Бұл қаланы инвестиция тұрғысынан тартымды ете түседі»,– деді Гилаури.
Ал Қазан қаласының мэрі Илсур Метшин кішкентай әрі жас шаһардың үлкен істер тындырып отырғанын алға тартты.
«Бізде тұратын 1 млн 300 мың халықтың 50 пайызы 30 жасқа дейінгілер. Біз Ресейдегі маңызды білім орталығы ғана емес, әрі маңызды өндірістік орталықпыз. Біз КамАЗ-дар жасаймыз. Аз уақытта Ресейдің спорттық астанасына да айналып үлгердік. Мәдени тұрғыдан да даму қарқынды жүруде. Мұның бәрі бізді инвестициялық тартымды шаһарға айналдырды»,– деді мэр.
Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы кәсіпкерлік жайы, шаһардың болашақтағы даму жоспары жайлы құнды пікірлерін жария етті.
«Алматы – қаржы және іскерлік сектор қатты дамып жатқан қала. Біз таланттарды шақырып, оларға бизнестің өсуі үшін барлық жағдай жасалған алаңқай ұсынғымыз келеді. Алматыда табиғи ресурстар өндірілмейді, ауыл шаруашылығы үшін де аса ыңғайлы емес, бірақ біздің қала республика экономикасында маңызды рөл атқарады. Біз республикалық бюджеттің 20 пайыз түсімін қамтамасыз етеміз. Цифрландыруды және технологиялық компанияларды дамытудың жарқын мысалы ретінде Kaspi.kz IPO-сын айта аламыз. Қазір бұл компанияның капиталы 10 млрд долларды құрайды. 18 млн халқы бар қазақстандық нарық үшін бұл маңызды цифр. Бізде қажетті база бар – кадрлық ресурс, қаржы, арнайы бағдарламалар» ,–деді Сағынтаев.
Модератор Елдар Әбдіразақовтың «2021 жылы қала басшыларының алдында тұратын басты мәселе не болады?» деген сауалына Гилаури «жұмыс орындары» деп жауап берді.
Ал Сағынтаев денсаулық сақтау жүйесі мен экономиканы қалпына келтіру қатар әрі қарқынды жүруі керек деп санайды.
«Біз қиын жағдайларға дайын болуымыз керек. Денсаулық сақтау саласында коллапсқа жол бермес үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар экономиканы қалпына келтіру, қалалықтарды қалыпты өмірге қайта оралту да – басты міндет. Келесі жыл да бізге оңай тимейді. Бірақ осының өзінен көп нәрсені үйрендік».– деді әкім.
Десе де шаһар басшысы қаладағы шағын және орта бизнестің коронавирус кесірінен ауқымды түрде зардап шеккенін айтады. Қазіргі таңда қалалық әкімдік үш негізгі ұстанымды қабылдаған. Олар: қалалықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау; дағдарысқа қарсы шаралар; пандемиядан кейінгі даму.
«Алматылықтардың өмірін сақтау үшін CОVID-19-бен күрес мақсатында қала бюджетінен 89,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде КВИ-ді диагностикалау лабораториясының қуаттылығы тәулігіне 14 мың зерттеу жүргізуге дейін жетті. Қажет болған жағдайда 25 мың тестке дейін жеткізіледі. Қазір қалада бір тәулікте орта есеппен 3-4 мың тест жасалады. Алдағы бес жылда 1900 орындық 3 аурухана салынбақ. Сондай-ақ қазіргі ауруханалар жанынан қосымша құрылыс жүргізіледі»,– деді әкім.
Ол биыл жаңадан 11 амбулатория салынып, 35 жедел жәрдем көлігі сатып алынғанын да атап өтті.
Дағдарысқа қарсы шаралар үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 9,7 млрд теңге бөлінген. 102 млрд теңгеге 556 жоба қолдау тауып, 9 мың жұмыс орны сақталып қалған. Ал 66 жоба «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 121,2 млрд теңгеге қаржыландырылған.
«Алматының басты байлығы – оның тұрғындары мен адами потенциалы. Жұмыс істеп жүрген 70 пайыз адамның жоғарғы білімі бар. Қалада 14-35 жас аралығындағы 700 мың адам тұрады. Шаһардағы 38 университет жыл сайын үздік кадрларды даярлап шығарып жатыр. Адами капиталдың дамуы біздің басты көзіріміз болуы тиіс. Алматы елдегі басты ірі қаржылық орталық, қаржылық хаб болып қалыптасып және одан әрі дами түсуі тиіс. «Алатау» технологиялық паркі базасында Smart City Lab құру көзделіп отыр. Әкімдіктің цифрлық жобалар бойынша барлық жоспары азаматтар үшін қолжетімді болады. Жалпы, биылғы қиын ахуалға қарамастан Алматының инвестициялық потенциалы өз тұрақтылығын дәлелдеп отыр. 2020 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 17 пайызға өсті. Бұл біздің қаланың тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де тартымды болғанын байқатады»,– деді Бақытжан Сағынтаев.
Қала әкімінің айтуынша, Алматы 2050 жылы әлемдегі үздік 100 қаланың қатарынан ойып тұрып орын алуы тиіс.
«Пандемиядан кейінгі даму шеңберінде «Алматы-2050» стратегиясы жаңа экономика салаларын дамытуды көздейді. Алматы инновациялар мен жаңа индустриялардың орталығына айналуы керек. Алматы болашақта мәдени және креативті, жасыл және қауіпсіз қала, шеті жоқ қала және тең мүмкіндіктер қаласы, жаһандық іскери орталыққа айналады. Қазір Mercer рейтингі бойынша біздің қаланың тартымдылық индексі – 177-орын. Мегаполистің мақсаты – әлемнің үздік 10 мегаполисі қатарына кіру»,– деді спикер.