Хабиб Қазақстанда өзінің спорт мектептерін ашуға ниетті екенін айтты
Жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов спорт залдарын ашу туралы жоспарымен бөлісті. Ол Қазақстанда да ашуға ниетті екенін жеткізді. Бұл туралы sn.kz сайты хабарлады.
Ол кешеннің қандай форматта болатынына да тоқталды.
«Барлығы бірге болады деп ойлаймын. Онда аралас жекпе-жек шеберлері де, енді бастағандар да дайындалады. Бірақ, бізде келісімшарт бар, басты орталықтардың бірі Абу-Дабиде болады. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жазға қарай осы залды ашсақ деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Алғашқы зал Абу-Дабиде ашылады, ары қарай осы тәжірибеге сүйене отырып, басқа елдерде де жүзеге асырылмақ. Спорт кешені Қазақстанда да ашылады деген жоспар бар.
«Біз Дубайда, Индонезияда, Малайзия мен Үндістанда ашамыз. Онда ашқысы келетін адамдар бар. Залдарға өзім барып, шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамын. Одан бөлек, Бішкекте, Ташкентте, Нұр-Сұлтан мен Алматыда, Душанбеде, Бакуде ашпақ ниеттеміз. Сұраныс көп», – деді чемпион.
Хабиб бұл жұмыстарды 2021 жылдан бастап қолға алмақ ниетте.