ӘЧ-2022: Қазақстан құрамасының іріктеу кампаниясындағы қарсыластары анықталды
Швейцарияның Цюрих қаласында футболдан 2022 жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды.
Қазақстан құрамасы іріктеу кампаниясы кезеңінде Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина құрамаларымен бірге D тобында ойнайды. Бұл командалардың ішінде Қазақстан Франция құрамасымен тұңғыш рет ойнағалы тұр. Сонымен қатар біздің ұлттық құраманың жолы Босниямен де түйісіп көрмеген. Ал Украинамен 2006 және 2010 жылдары әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде ойнады. Өткен төрт матчтың төртеуінде де украиналықтар басым түскен. Финляндия құрамасымен біздер үш рет кездестік. 2006 жылы жолдастық кездесуде Қазақстан жеңіске жетсе, ЕУРО-2008 іріктеу кампаниясында оларға екі мәрте жол бердік.
Өзге топтағы жағдай мынадай:
A тобы: Португалия, Сербия, Ирландия, Люксембург, Әзірбайжан.
B тобы: Испания, Швеция, Грекия, Грузия, Косово.
С тобы: Италия, Швейцария, Солтүстік Ирландия, Болгария, Литва.
D тобы: Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина, Қазақстан.
E тобы: Бельгия, Уэльс, Чехия, Беларусь, Эстония.
F тобы: Дания, Австрия, Шотландия, Израиль, Фарер аралдары, Молдова
G тобы: Нидерланды, Түркия, Норвегия, Черногория, Латвия, Гибралтар.
H тобы: Хорватия, Словакия, Ресей, Словения, Кипр, Мальта.
I тобы: Англия, Польша, Венгрия, Албания, Андорра, Сан-Марино.
J тобы: Германия, Румыния, Исландия, Солтүстік Македония, Армения, Лихтенштейн.
Іріктеу турнирінің алғашқы туры 2021 жылдың 24-25 наурызына жоспарланған. Топтан бірінші орын алған 10 ұлттық құрама 2022 жылдың 21 қарашасы мен 18 желтоқсанында Катарда өтетін мундиальға тікелей жолдама алады. Тағы үш жолдама иегері қосымша матчтарда анықталады. Оған 12 команда – топта екінші орын алған 10 және турнир рейтингі бойынша 2020/21 жылғы Ұлттар лигасындағы 2 үздік жеңімпаз таласады. Қосымша матчтарда үш плей-офф болады. Үш финалдың жеңімпазы Катарға аттанады. 12 команда үш бағытқа бөлініп, әрқайсында жартылай финал мен финал (бір-бір матчтан) өтеді. Қосымша кездесулердің үш жеңімпазы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.
Еске салсақ, Қазақстан осыған дейін қатысқан іріктеу кезеңдерінің ешбірінен өтіп көрген емес. Тек голландиялық маман Арно Пайперс баптаған кезде ғана 7 ұпай жинап, өзі үшін рекордтық нәтижеге қол жеткізген еді.