Жаңалықтар

Карантин талаптарын бұзғандарға 1,3 млрд теңге айыппұл салынды

Карантин талаптарын бұзудан Түркістан облысы алда тұр

Елімізде карантин шектеулері  жеңілдетілген сәттен бастап, қазақстандықтарға жалпы сомасы 1,3 млрд теңге болатын 15 мыңнан астам айыппұл салынған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

17 тамыз бен 7 желтоқсан аралығында 53489 рейд жүргізілсе, 215970 нысан тексеріліп, соның ішінде 18903 нысанның санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны анықталған.  Карантин талаптарын сақтамағандар Түркістан (3279 нысан), Алматы (3121 Нысан), Қостанай (1758 нысан), Шығыс Қазақстан (1598 нысан) облыстарында, сондай-ақ Алматы (1584 нысан) және Нұр-Сұлтан (1341 нысан) қалаларында көптеп анықталған. 

Жалпы, Қиясовтың айтуынша, маска тақпағаны, әлеуметтік қашықтықты сақтамағаны, эпидемияға қарсы іс-шаралар мен жұмыс режимін  бұзғаны және бұқаралық іс-шара өткізгені үшін   қазақстандықтарға жалпы сомасы 1,3 млрд теңге көлемінде  15268 айыппұл салыныпты. Оның ішінде 91-і  – лауазымды тұлғаларға, 344-і – заңды тұлғаларға, 1458-і – жеке кәсіпкерлерге, 13375-і жеке тұлғаларға салынған. Соның ішінде 7137 айыппұлды жұмыс орнында сантарлық талаптарды сақтамағаны үшін арқалаған.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары пандемиямен күрес кезеңінде заңды тұлғаларға санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін 50%-ға қысқартуды ұсынған болатын. Мәжілісмендер айыппұл көлемінің көптігі бизнесмендерді сыбайлас жемқорлық қылмысына итермелейді деп санайды.