Жаңалықтар

Қазақстанда да компьютер шығарылады. Отандық электроника өндірісі үштен бір есе өскен

Сатылымнан түскен кіріс – 30 млрд теңге

Соңғы бес жылда Қазақстанда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі өсіп келеді. 2015 жылдан бергі  жылдық өсім 5 пайыздан  34%-ға дейін жеткен.  Бұл динамиканы отандық коммуникациялық жабдықтар өндірісі қамтамасыз етіп тұр. 

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің  Ұлттық статистика бюросы ақпаратына сәйкес, АКТ саласындағы жалпы өндіріс көлемі былтыр ақшалай мәнде 30,2 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық болған. Соның ішінде үлесі басым – коммуникациялық жабдықтар өндірісі (маршрутизатор модем, адаптер, желілік кабель және т.б.) екі есеге артыпты.  Бір жыл бұрын 5,8 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, былтыр  өндіріс көлемі 12,9 млрд теңгені құраған. Отандық кәсіпорындар 5,5 млрд теңгеге компьютер мен шеткері жабдықтарды, 11,3 млрд теңгеге тұрмыстық электроника шығарған. 

Дегемен отандық кәсіпорындардағы өндіріс көлемін электроника  тауарлары көтерме саудасымен салыстыруға келмейді. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша,  былтыр қазақстандық тұтынушылар 1 трлн теңгеден астам қаржыға компьютер мен электрондық жабдық сатып алған. Бір жылдық өсім 11 пайызды құрайды.

АКТ өнімдерінің импорты 2019 жылы $2,3 миллиардтан асқан.  (2018 жылмен салыстырғанда  3%-ға артық).

Бұған дейі kursiv.kz жаһандық цифрландыру тұтынушылардың ой-өрісіне қалай әсер ететінін жазған болатын. Жоғары жылдамдықты интернетке жаппай қол жеткізу ақпарат алудың жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, онлайн-сауданы жаңа деңгейге көтерді.