Үкімет отырысында баяндама жасаған министрлер мен шенділер сөзінен түйгеніміз – жыл соңындағы елдің экономикалық ахуалы көңіл қуантарлық емес. Рас, теңге біршама нығайған. Соған сай базардағы баға ұшқан.
Соңғы күндері ұлттық валютаның біршама нығаюы байқалды. Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, салық төлемі үшін экспорттаушылардың шетел валютасын сатуы есебінен ішкі сұраныс артып, сыртқы қолайлы жағдай қалыптасқан.
Бұл өз кезегінде айырбас курсының 1,8 пайызға нығайып, 1 доллардың 432,66 теңгеден 425,07 теңгеге дейін төмендеуіне әсер етті.
«Бірнеше вакцинаның сәтті сынақтан өтуі туралы хабарлама және АҚШ-та президент билігінің формалды ауысуының басталуы тәуекелді активтерге деген сұранысты көбейтті. Қараша айында мұнай бағасы барреліне 27 пайызға, 37,5 доллардан 47,6 долларға дейін өсті. Желтоқсанда мұнай бағасы ОПЕК+ келісімінен соң тұрақты қарқынмен өсуде», – деді Досаев.
ҰБ төрағасының сөзінше, АҚШ доллары индексінің төмендеуі дамушы елдердің валюта динамикасына оң ықпалын тигізген. Мәселен, бразилиялық реал бір айда 6,6 пайызға, түрік лирасы 6,2 пайызға, мексикалық песо 4,7, ал рубль 3,7 пайызға нығайған.
«Кепілді трансферт аясында Ұлттық қор активтерін конвертациялау және квази мемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін сатуы валюта нарығындағы балансқа қосымша фактор ретінде әсер берді», – деді спикер.
Еске салайық, жыл басынан бері қарашаның соңына дейін республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт үшін Ұлттық қор активтері конвертациясының көлемі 8,6 млрд долларды құрады. Оның 541 млн доллары қараша айында алынған. Жалпы кепілдендірілген трансферт арқылы жыл басынан бері қордан 4,6 трлн теңге алынған.
Үкімет отырысында баяндама жасаған Досаев қарашада жылдық инфляцияның өсе түскенін де айтты. Жылдық инфляция өткен айда 7,3 пайызға дейін өскен. Бір ай бұрын оның мөлшері 7,1 пайыз болған еді. «Бағаның өсуіне азық-түліктік инфляция қатты әсер етіп жатыр. Азық-түлік өнімдеріне деген жылдық баға өсімі 10,7 пайыздан 10,8 пайызға дейін артты. Нарықтағы жеке тамақ өнімдерінің (өсімдік майы, қант) дисбалансы осыған әкеліп соқтырды»,– дейді Досаев.
Ал азық-түліктік емес инфляция киім бағасының 4,7 пайызға дейін қымбаттап кетуіне байланысты 5,6 пайыздан 5,7 пайызға дейін артқан. Ақылы қызметтер инфляциясы да қарап қалмапты. Ол 3,7 пайыздан 4,1 пайызға дейін артқан. Оған мәдениет және демалыс саласындағы, жеке коммуналдық шаруашылық саласындағы қызмет көрсету бағасының шарықтауы себеп болған.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов болса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі жыл басынан бері 9,6 пайызды құрағанын айтады. Министрдің айтуынша, бағаны тұрақтандыру үшін 9 тауарға шекті құн белгіленген, тағы 7 тауардың экспортына шектеу қойылған, қосымша құн салығының мөлшері 12-ден 8 пайызға төмендетілген. Алайда соған қарамастан қазан айында баға қайтадан өскен. Қымбатшылық жағынан Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар мен Атырау облыстары көш бастап тұр. «Әлеуметтік маңызы бар тізімге кіретін 19 тауардың 8-інде баға 10 пайыздан 30 пайызға дейін өскен» деді Сұлтанов.
«Әсіресе, Ресейден импортталатын қант пен қарақұмық 33,6 және 34,6 пайызға қымбаттады. Әлемдік баға өсіміне байланысты күнбағыс майы да 53,8 пайызға қымбаттады. Картоп – экспорттың артуынан, жұмыртқа – өндірістің азаюынан қымбаттап кеткен. Бес тауардың бағасының өсуі жалпы азық-түлік инфляциясында маңызды рөл ойнап тұр. Әйтпесе, жалпы баға өсімі қазіргі 9,6 пайыздың орнына небәрі 2 пайыз болушы еді»,– деді министр.
Сұлтанов алда келе жатқан жаңа жыл мерекесі мен коронавирустың екінші толқыны бағаның тағы да шарықтай түсуіне себеп болуы мүмкін.
«Біріншіден, баға өсіміне жол бермес үшін әкімдіктер тұрақты қордағы азық-түлік көлемін қайта қарап, айналым схемасы бойынша қаржыландыруды кеңейте түсуі керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру үшін азық-түлік корпорациясы базасындағы бидай резервін бақылауы қажет»,– деді Сұлтанов.
10 желтоқсан күнгі жағдай бойынша Қазақстан қор биржасындағы доллардың орташа курсы 419,96 теңге болды. 9 желтоқсанмен салыстырғанда ұлттық валюта 0,01 теңгеге әлсіреген. Сағат 11:15-тегі жағдай бойынша АҚШ валютасы 421,5 теңгеге сатылған.