Банк пен қаржы

2021 жыл: Қазақстан экономикасы құлдырай ма, өрлей ме?

PricewaterhouseCoopers болжамын ұсынамыз

Консалтинг және аудит бойынша қызмет көрсететін халықаралық PricewaterhouseCoopers компаниясының Қазақстандағы өкілдігі 2020 жылдың IV тоқсанының қорытындысы негізінде алдағы 1-5 жыл аралығына макроэкономикалық болжамдарды жария етті. 

Компания жүргізген арнайы сауалнамаға экономистер, макроэкономика профессорлары, халықаралық даму институттары, коммерциялық банк, брокерлік компания өкілдері, жалпы алғанда 18 эксперт қатысқан. 

Сауалнамаға қатысушылардың:

•    72 пайызы COVID-19-дан соң экономиканың U-образды қалпына келуін болжайды. 
•    94 пайызы Brent мұнайының бағасы жыл бойына барреліне 50 доллардан асады деп болжайды. 
•    61 пайызы доллар курсын жыл бойына 440-450 теңге деңгейінде болады деп болжайды. 
•    44 пайызы инфляция жыл бойына 7 пайыздан асады деп болжайды. 
•    100 пайызы ҰБ базалық мөлшерлемесі жыл бойына 9 пайызға тең және одан төмен болады деп болжайды. 

Әрі қарай компания әрбіріне жеке-жеке тоқталады. 

Экономиканың қалпына келуі

Коронавирустан соң экономиканың қалпына келу сценарийіне қатысушылар U, V, L, W нұсқалары негізінде болжам жасайды. 

U  сценарийі: Респонденттердің 72 пайызы экономиканың қалпына келуі төмен белсенділікпен ұзақ мерзім ішінде қалпына келеді деп болжаған. 
V сценарийі: 11 пайызы экономика өте тез құлдырайды, тиісінше тез қалпына келеді деген. 
L сценарийі: Экономика күрт құлдырайды, артынша экономикаға дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге де жете алмайтындай депрессия орнайды. 
W сценарийі: Күрт құлдырау, жылдам қалпына келу, артынша қайта бәсеңсу, кейін қайта қалпына келу жағдайы күтіледі. 

«Экономикалық өсудің әлеуеті орташа деңгейде қалып отыр. Әсіресе, шағын және орта бизнес сегментінде және халықаралық бәсекелестік үшін ашық секторларда. Эпидемияға бейімделген соң жағдай қалыпқа түсе бастайды» дейді Сәбит Хәкімжанов. 

ҰБ төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуовтың айтуынша, әлем елдері пандемия заңдылықтарына бейімделуде. «Келесі жылдан бастап коронавирустің экономикаға кері әсері төмендейді. Өйткені елдердің денсаулық сақтау саласының күшеюі және вакциналардың сәтті ойлап табылуы экономиканың қалпына келуін тездетеді» дейді 
эксперт. 

Мұнай бағасы

Сарапшылар Brent маркалы мұнай бағасы:
•    1 жылдан соң – барреліне 40-54 доллар; 
•    3 жылдан соң – барреліне 45-60 доллар; 
•    5 жылдан соң – барреліне 45-60 доллар болады деп болжайды. 

Халық Банк басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов «алдағы 12 айда Brent мұнайының бағасы 40-50 доллар аралығында болады деген болжамымды өзгертпеймін» дейді. 

Ал Олжас Төлеуов келер жылы Brent бағасы 45-47 доллардан аспайды деген болжам айтады. 

Валюта курсы

Респонденттер доллар курсын 

1 жылдан соң – 420-440 теңге; 
3 жылдан соң – 440-470 теңге; 
5 жылдан соң – 460-500 теңге аралығында болады деп болжайды. 

Сауалнамаға қатысушылар болжамды кезеңде теңгенің долларға қатысы әлсірей береді деген пікірге тоқтаған. Ал алдағы бір жыл көлемінде 1 рубль бағасы 5 теңге болады деп болжанған. Ал ең жоғарғы күтілетін құнсыздану деңгейі – 7 теңге. 

Респонденттер рубль курсын 

1 жылдан соң – 5,5-6,0 теңге; 
3 жылдан соң – 5,7-6,2 теңге; 
5 жылдан соң – 5,8-6,4 теңге аралығында болады деп болжайды. 

«Соңғы бірнеше жылда ресейлік валюта курсы әлемдегі және өңірдегі геосаяси жағдайларға, сондай-ақ батыс елдерінің санкцияларына күрт реакция танытып жатыр. Сол себепт  USD/RUB курсы динамикасының базалық сценарийі қысқа мерзімді перспективада бір долларға 75-81 рубль деңгейінде анықталады. Сонымен қатар АҚШ-қа Байденнің президент болып келуі де екі ел арасындағы қарым-қатынастың қалай өрістейтінін белгісіз күйде қалдырып отыр. Байденнің келуі рублге деген қысымды арттыруы мүмкін» дейді Олжас Төлеуов. 

Инфляция

«Сентрас Секьюритиз» АҚ аналитикалық департаментінің директоры Маржан Меланич импорттың экспорттан асып түсу, ЖІӨ-нің төмендеуі және теңге курсының құбылуы себебінен жоғары инфляция сақталып тұр дейді.  

Респонденттердің 44 пайызы алдағы бір жылда инфляция шарықтай түседі деп болжаса, 66 пайызы алдағы бес жыл көлемінде инфляция көлемі біртіндеп төмендейді деп пікір білдірген. Олардың болжауынша 1 жылдан соң инфляция 7,7-ге дейін жетіп, 3 жылдан соң 6,5-ке, одан әрі 6-ға дейін төмендеуі мүмкін. 

«Бірнеше ай бойы инфляцияның тұрақталғанын байқап отырмыз. Оның себебі – жиынтық сұраныстың бәсеңдеуі, халықтың шынайы табысының азаюы және іскерлік белсенділіктің өте баяу қалпына келуі» деп жазылған зерттеуде. 

Базалық мөлшерлеме

Эксперттер базалық мөлшерлеме 1 жылдан соң 7,1 мен 9,7 аралығында құбылады деп болжаған. 3 жылдан соң 7,5, ал 5 жылдан соң 6,9-ға дейін төмендеуі мүмкін. 

«Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде сақтайды. Әлемде экономикалық белсенділік орташа деңгейде қалпына келіп жатыр және коронавирустің қайта таралуына байланысты жағдайдың қалай болары әлі белгісіз күйде қалуда. Індеттің қайта таралуына байланысты біраз мемлекеттер жаңа шектеу шараларын енгізуге мәжбүр. Геосаяси тәуекелдердің өріс алуы,  мұнай нарығындағы құбылу, экономиканың әрі қарай дамуының түсініксіз күйде қалуы – базалық мөлшерлеменің потенциалын шектеп отыр. Сарапшылардың болжауынша, алдағы бір жылда мөлшерлеме 0,6 пайызға ғана төмендеуі мүмкін» делінген зерттеуде.