Exclusive. Сымбаттың анасы: «Шындықты білмей жатып, сырттан тон пішпеңіздер»

Жарияланды
11-қабаттан секіріп қайтыс болған Сымбат Құлжағарованың анасы ақиқатын айтты

Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен 11-қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған Сымбат Құлжағарованың өлімі желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Оған себеп — марқұмның осыған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып келгені жайлы жазылған әлеуметтік желідегі жазбалары.

Осы оқиғадан соң Президент пен республика парламентіне арналған петиция пайда болды. «Қазақстан әйелдеріне қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатайық» атты петиция авторлары бірқатар талап қойып отыр. Атап айтқанда, «дәлелдемелерді жинау және психологиялық зорлық-зомбылық, экономикалық, діни зорлық-зомбылық, қудалау, қорқыту, бопсалау, отбасы мүшелеріне мәжбүрлеп несие рәсімдеу деректерін анықтау бойынша жедел шаралардың мемлекеттік стандартын әзірлеу» ұсынылды.

Қазан айынан бері Сымбат жеке парақшасына күйеуінің соққыға жығатынын, ажырасу туралы тілегінен соң психикалық ауруханаға күштеп жатқызғанын жазған болатын. 2 баласына екі ай бойы жете алмай отырғаны жайлы ақпарат жарық көрген. БАҚ өкілдеріне Сымбаттың сіңлісі берген сұхбатта Гүлбану мұны растаған. Нұр-Сұлтан полициясы 1 қазанда бұл мәселе бойынша іс жүргізу үшін марқұмның жолдасын ұстаған. Соның нәтижесінде жәбірленушіні қорғау туралы сот ұйғарымы шығады. Дегенмен күйеуі тиісті қорытынды жасамай, әрмен қарай күн көрсетпеген деседі. 21 қазанда ол Әкімшілік кодекстің 73-2-бабы бойынша қайта ұсталады. Құзырлы органдардың араласуымен Сымбат 2 баласын қайтарып алады. 

Өлерінде Сымбат өліміне ешкімді кінәламайтынын жазып, хат қалдырған. Туыстары мен достары бұған сенбейді. Дегенмен анасының пікірі басқаша. Базаргүл Құлжағароваға арнайы хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрастырдық.

«Наурызда Сымбат Ақтауға балаларымен ата-енесіне келген. Сол кезде ажырасқысы келгенін айтты. Себебін сұрағанымда «Абай (Сымбаттың күйеуі — авт.) басқа қыздармен жүреді. Біреуі жүкті болуы мүмкін. Кімнің айтқанын дәлелдер пайда болмайынша айта алмаймын» деді. Күйеу баламнан сұрастырғанда, мұның бәрін жоққа шығарды. Мамырда сөйтіп астанаға қайтты. Сол кезде сөйлескенде Абайдың телефоны өшіп тұрғанын, ашынасының жанында екенін айтты. Қайдан білгенін сұрасам, айтпады. Байқағаным, көңіл-күйі құбылмалы болды. Телефон шалсам, сөйлесуге қашатын. Бір күні маған хабарласып, «Мама, мені емші Талғат гипноздаған сияқты. Абай туралы бәрін айтқан сол еді. Әрі балаларды тартып алады деген соң өзімнің де, балалардың да құжатын апарып бергем» деді. «Ол кісімен енді сөйлеспе, құжаттарды қайтарып ал, Абайға айтып бер» дедім. Бірақ содан кейін қоңырау шалғанымда күйеу балаға кейін айтатын айтып, созып жүрді»,–дейді анасы.

Базаргүл апаның сөзінше, шілдеде Сымбаттың құрбысы Ажар хабарласып, оның суицид жайлы ойлап жүргенін айтыпты. Сынықшы Талғатқа Ажар бұрын барып, ем алған. Бірақ емші оған тиіскісі келген соң бармай қойған. Емшіге барған себебін сұрағанымызда, осыдан 10-15 жыл бұрын марқұмның жағы ұлғая бастағанын айтты. Косметология көмектеспей, халық еміне жүгінген. Жағын орнына қайта салып беріп, бетке жағуға арналған май берген. Кремді анасына да беріп жіберіп, «Талғат осыны мамаңа бер деді» деген. 10 шілдеде Абай енесіне хабарласып, астанаға шақырады.

«11-не ұшып бардым. Сымбат Талғаттың істегендерін Абайға айтып беріпті. Мені күтіп алғанда көзқарасының біртүрлі екенін байқадым. Әуежайға келерден бұрын Абай құжаттарды Талғаттың әйелінен алып алған екен. Сол күні түнгі 3-4 кезінде оянсам, Сымбаттың жоғын байқадым. Қонақ бөлмесінің терезесіне мініп, аяғын сыртқа шығарып отыр екен. 10-қабатта тұратын. «Сымбат!» деп айғайлап едім, терезеден түсті. «Таза ауа жұтқым келді» деп қысқа қайырды. Қорыққанымызды көріп, кешірім сұрап, «Мені біреу аңдып жүрген сияқты. Ұйықтай алмаймын» деді. Ұйқысыздықта ішетін «Вамелан» бердім. Сонда да дөңбекшіп, көз іле алмады. 2-3 рет тұрып, білмесе де намаз оқымақ болды. Қасында жатқам, қарасам, жастығының астында пышақ барын көрдім. «Құран мен пышақты тыныш ұйықтау үшін салып қойдым» деп жауап берді. Таңғы 7 шамасында Сымбат оянып, бізді сырттан кілттеп кетті. Абайды ояттым. Екінші кілтті таба алмадық. Балконнан секіріп кетпеді ме деп қарадық. Секірмепті. Бір кезде үйге келді де, жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Мойны қан-қан, шарфпен орап алыпты. Содан емшіге хабарласып, дуаны қайтаруын сұрадым. «Біз мұсылманбыз, дуаламаймыз. Ақшасын қайтарайын» деді. Өлетін болса, соны кінәлайтынымызды айтқанымда, ол ашуланып «осыдан кейін хабарласпаңыз» деді».

Осы жағдайдан соң Базаргүл апа Сымбат жақсы сөйлесетін психологқа дереу хабарласады. Сөйлескен аудиохаттар мен скрин-шоттарды да қоса жолдады. Елордададағы үш психотерапевтің нөмірін алады.

«Анар Қаражанова «қызыңызды аман алып қалғыңыз келсе, жедел жәрдем шақырыңыз. Бригада келсін» деді. Түсініктеме жаздық, Сымбат бәрін айтып берді. Сөйтіп оны психиатриялық ауруханаға алып кетті. Желіде неше түрлі өтірік әңгіме жүр. «Күйеубаласына ақшаға сатылды» деп жатыр. Негізі бұл туралы бұрын айтқым келген, бірақ емделіп кетеді деген үмітпен, қызым «жындыханаға жатқанымды бәріне жария еттің» деп ренжіп жүрер деп үндемей келдім. Әйтпесе, жазғандарының бәрін интернеттен оқып отырдық. Бірнеше миллиондық аудиториясы бар блогерлер шулатып жатыр. Көңіл айтып келіп жатқандардың ішінде психатриялық ауруханаға жатып шыққан таныстары туралы айтқандар бар. 3-4 ай жатып, емделіп шығыпты. Соны естігенде ішім өртенеді. Жындыхана де-ген атынан қорықтық. Психолог, психотерапевт, психиатрдың айырмасын аса білмейміз. Дұрыстап дәрісін ішіп жүргенде жазылып кетер еді», – деп жүрегі қан жылайды анасының. 

12 шілде күні Сымбаттың телефонын қарағанда емші Талғатқа 4 айда 400 мың теңге аударғанын білген. Сымбатты психиатриялық ауруханаға жатқызған соң, кіші қызы Әминаны Базаргүл апа Ақтауға алып кетеді де, үлкен ұлы Махамбетті ата-әжесіне апарып тастайды. «Абай Сымбатты ақылы бөлімге ауыстырып, күніне екі рет барып тұрды. Тіпті «жағдайы жақсарып келе жатыр, күлетін болды. Әзілдеседі» деп қуанып жүрген. 6 тамызда дәрігерлердің «әлі 2-3 ай емделуі керек» дегеніне қарамастан шығарып алдық. Шымкентте карантинге байланысты шипажайлар жабық болды. Содан таза ауа жұтсын деп оны тауға апардық. Халық емімен емдедік. Сөйтіп Нұр-Сұлтанға қайттық. Ол өткенде ұстараның жүзін жұтып қойған болатын. Содан клизма жасап, тексерді. Бүкіл тиісті маманға қаралды. 28 тамызда Ақтауға емделуге келді. Бір айда осында болып, 27 қыркүйекте үйіне, астанаға қайтты. Сонда Абай Сымбаттың біртүрлі қылықтар көрсететінін айтты.

«Түнде жақсы сөйлеседі де, жұмысқа кетсем, ажырасқысы келетінін айтады. Далаға шығып біреумен сөйлеседі. Кіммен екенін айтпайды. Сөй-лесіңізші онымен» деді. Қызыммен сөйлескенде ол «Балаларды өзіме алып алам, Абайды маған көлік пен пәтер алып беруге көндіріп беріңіз» деген еді. Ол сөзіне мен «2-3 ай бұрын бір түнде үш рет суицид жасамақ болдың. Көлік пен пәтер алып берер, бірақ саған баланы қалай сеніп тап-сырады? Әлі толық жазылмадың. Сотта психатриялық ауруханада жатқаныңды біліп қояды. Дені сау деген анықтама керек» деп жауап бердім. 

8 қазанда Сымбат адвокатына «Абай бригада шақырады да, мені жындыханаға жатқызады» деп хабарласады. Сөйтіп заттарын жинап, кетіп қалады. Ол кезде қасында менің кіші сіңлім Тамара болған. 16-сы күні Абай хабарласып, «Сымбат бір жерден екінші жерге көшіп жүрмесін. Балалармен тұрғысы келген жерде тұрсын. Көлік те берейін. Сіз қасына келіңізші» деді. Қызым қорғаушысымен үнемі ақылдасып тұрды. Шындықты білгеніммен, ақ Сымбатым үшін үндемей келдім. «Бо-лашағына зияны тимесін, балалары өсіп келе жатыр» деп іштей тындым. Абайдың ұрғаны туралы осы күнге дейін бір айтқан емес. Егер солай болса, жұрттың сөзіне қарамастан өзім-ақ ажыратып алар едім. Басында — Талғаттың, кейін заңгердің айтқанымен жүрді. Бір түсінгенім, депрессия деген үлкен проблема екен. Блогерлердің кейбірі балаларының суретін, толық аты-жөнін жазып жатыр. Бұлай етуге бола ма? Ақиқатты білмей жатып сырттан тон пішпеңіздер дегім келеді» – деп сөзін қорытындылады Базаргүл Құлжағарова. 

Анықтама үшін: 2013 жылы Сымбат Құлжағарова «Ұлыбританиядағы Қазақстан аруы» атанған. Лондонда MBA бағдарламасы бойынша оқу бітірген, Экономикалық лицей мен KIMEP университетінің түлегі.

 

Сондай-ақ оқыңыз