Көп жылдық дауға нүкте қойылды. Қарашығанақ консорциумы мен Қазақстан Үкіметі келісімге келді
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қарашығанақ жобасының акционерлері – Эни, Шелл, Шеврон, Лукойл компаниялары дауды шешуді аяқтау жөнінде келісімге қол қойды, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Қол жеткізілген келісім аясында Консорциум Қазақстан Республикасына 1 миллиард 305 миллион АҚШ доллары көлемінде төлем жасайды.
Сонымен қатар тараптар өнім бөлудің түпкілікті әдістемесін келісіп, нәтижесінде Қазақстан 2037 жылға дейін қосымша 600 миллион АҚШ долларын алады (мұнай бағасы 1 баррель үшін 40-50 АҚШ доллары болса).
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Қарашығанақ кен орнындағы өндіру деңгейін одан әрі ұстап тұру мақсатында Қарашығанақ-1-ді кеңейту инвестициялық жобасын іске асырудың басталуын мақұлдады.
«Қарашығанақты келешекте кеңейту жобасының (ҚКЖ (1А) инвестициялық көлемі шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды және газды кері айдау компрессорын және онымен байланысты қондырғыларды салуды көздейді. Бұл сұйық көмірсутектер өндіру көлемін жылына 10-11 млн. деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. ҚКЖ (1A) іске асыру жергілікті қамтудың ең аз үлесін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуда 45% және персоналды жалдауда 75% мөлшерінде қамтамасыз етуді көздейді», – делінген хабарламада.
Кейіннен тараптар жобаның техникалық-экономикалық параметрлерін ескере отырып, ҚКЖ 1 (В) іске асырудың келесі кезеңін жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды.
2015 жылы Республика Консорциумның пайданы бөлу және әдістеме бойынша есептеулерімен келіспейтінін мәлімедеді. Осы коммерциялық келіспеушілік нәтижесінде Қазақстан өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің талаптарына сәйкес халықаралық төрелікке жүгінді. Төрелік процесі жүріп жатқан кезде Үкімет пен Консорциум өзара қолайлы шешім табу және келіспеушіліктерді шешу үшін келіссөздер жүргізіп жатты.
Қарашығанақ жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Шелл (29,25%), ЭНИ (29,25%), Шеврон (18%), Лукойл (13,5%) шетелдік компаниялар альянсы және ҚазМұнайГаз (10%) арасында жасалған Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім шеңберінде іске асырылып жатыр.