Елімізде квазимемлекеттік компанияларды құруға жарияланған мораторий тағы бір жылға созылды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» байқауы жеңімпаздарын марапаттау салтанатында айтты.
«Біз мемлекеттің экономикаға араласу үлесін төмендету үшін тиісті жағдайды жасап жатырмыз. Биыл квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға деген мораторий аяқталады. Меніңше, бұл шектеу әлі өз мақсатына толық жеткен жоқ. Сондықтан менің жарлығыммен аталған мораторий келесі жылдың соңына дейін созылады. Тиімді бизнес-орта құрумен қатар мемлекет елдегі кәсіпкерліктің жан-жақты дамуы үшін барлық шараларды қабылдайды. Пандемия кезінде бизнес несие төлемін кейінгі шегерді, салықтық каникулдар алды, өзге де преференциялар мен жеңілдіктерді пайдаланды. Мемлекеттік қолдау көлемі 1,5 трлн теңге болды»,– деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы және онлайн сауданың дамуы жаңа мүмкіндіктерді ашады, тиісінше шетелдік өндірушілер тарапынан бәсекелестікті күшейтеді. Мемлекет басшысы қазақстандық бизнес әрдайым өнім сапасын нығайтып, еңбек өнімділігін арттыра түсуі керек екенін айтты. Сондай-ақ жаңа технологияларды пайдалану үрдісі де тәжірибеден шет қалмауы тиіс.
«Уақыт бір орында тұрмайды. Әлем, экономика, технологиялық құралдар сәт сайын өзгеріп жатыр. Конкурс талабы өзекті болып, біздің кәсіпкерлерді өз ісін жетілдіре түсуге ынталандыруы керек. Бұл әлемдік цифрландыру кезеңінде және төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында аса маңызды. Үкімет пен палата жеңімпаз кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша құралдарын әзірлеуі керек. Бұл бизнесті одан әрі ынталандыра түседі»,– деді президент.
Еске салсақ, Қазақстан квази мемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторийді 2019 жылы мамыр айында қабылдады. Президент жарлығында аталған шара мемлекеттік бизнестегі үлесін азайтып, жеке секторды дамыту үшін қолға алынып отырғаны айтылады.
Осыған дейін бірқатар сарапшылар мен депутаттар аталған сектордың тиімділігіне күмәнмен қарап, пікір білдірген еді. Мәселен, 2007-2019 жылдар аралығында квазимемлекеттік компанияларға бюджеттен 7,5 трлн теңге бөлінген. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, осыншама қаржыға ие сектор тиімді жұмыс көрсетіп отырған жоқ. Ол мәжіліс отырысында «Бәйтерек» холдингіне 30 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан жолаушылар вагоны паркін жаңалау жұмыстары тиісті нәтижеге сай болмай шыққанын айтты. Сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың жыл соңына игермей қалған қаражаты 53 млрд теңгені құраған. Оның 25,4 миллиарды 2019 жылдан артылған ақша екен.
Қаржы сарапшысы Владислав Туркин көп жағдайда аталған сектордағы субъектілер ірі инвестициялық жобалар үшін қаржы алатынын айтады.
«Жобаға қажетті құрылғыларды шетел валютасы арқылы сырттан импорттайтындықтан олар үшін теңгелік несие ресурсын пайдаланудың қажеттілігі жоқ»,– дейді ол.
Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың да көзқарасы жоғарыдағы сарапшылар пікірімен үйлеседі.
«Олар бюджетке тәуелді болып отыр. 2007-2019 жылдары 7,5 трлн теңге берілген. Алайда ол қаржының қалай жұмсалғаны туралы мониторинг жоқ. Бұл жерде квази мемлекеттік сектордағы әрбір субъектінің қаржылық ресурстарға байланысты рөлі нақты айқындалуы тиіс. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат көптеген мемлекеттік компаниялар үшін табыс көзі болып отыр. Нәтижесінде мемлекет қолдауын алуы тиіс кәсіпкер пайыздық мөлшерлемесі аспандап тұрған (орта есеппен 6-9 пайыз) несие алуға мәжбүр болады»,– деген еді Годунова.
Еске салайық, биыл 1 қыркүйекте жасаған жолдауында президент аталған секторды қатаң сынға алды.
«Елімізде ондаған ұлттық компания мен он мыңдай ұлттық кәсіпорындар бар. Егер оларға мемлекеттік функцияның бір бөлігі берілер болса онда олардың қызметі еліміз бен азаматтар үшін сервистік, көмекші сипатта болуы керек. Көптеген АҚ-ларда ұжымдық басқару қосымша бюрократиялық қағидаларға айналып жатыр. Барлық квази мемлекеттік секторға жасалатын реформаны жалғастыра түсу керек»,– деген еді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ президент биыл мемлекеттік аппаратты 10 пайызға, 2021 жылы 25 пайызға қысқарту туралы да тапсырма берген болатын.