Ұлттық Банк (ҰБ) базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялады. Шешім мұнай нарығындағы фундаментальды тұрақсыздыққа, елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға, сондай-ақ жаппай вакцинациялау мерзіміне байланысты әлі де сақталып отырған белгісіздік жағдайында жоғары және әлсіз тұрақтанған инфляциялық болжамдарға негізделген.
Қаржылық бас қадағалаушы пайыздық дәлізді +/– 1,0 п.т. дейін тарылта отырып, базалық мөлшерлемені жылдық 9,00 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,0 пайыз және өтімділікті алу бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 8,0 пайыз болмақ.
ҰБ хабарлауынша, базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі 2021 жылдың соңына қарай инфляция бойынша 4–6 пайыздық мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
«2020 жылғы қарашада жылдық инфляция осы жылдың маусым-қазан аралығында 7,0–7,1 пайыз деңгейінде тұрақтанғаннан кейін 7,3 пайызға дейін жылдамдады. Инфляциялық процестердің серпіні 4-6 пайыз нысаналы дәлізінен жоғары қалыптасуды жалғастыруда» делінген хабарламада.
Олардың айтуынша, азық-түлік бағасының өсуі инфляциялық процестердің қалыптасуына үлкен үлес қосып жатыр. Астық бағасының төртінші ай қатарынан қымбаттауы да проинфляциялық тәуекелдерді туындатады. Ет, нан-тоқаш өнімдері қымбаттауының тежелуі де жалпы жылдық инфляцияның 10,8 пайызға дейін өсуіне шектеу бола алмады. Қараша айында әлемдік бағаның өсуі қант пен күнбағыс майының да бағасын аспандатып жіберді.
«Азық-түліктік емес инфляция 2020 жылғы қарашада жылдық көрсеткіште 5,7 пайызға дейін жылдамдады. Пандемияға байланысты дәрі-дәрмектер бағасының 9,7 пайызға, үй тұрмысындағы тауарлар бағасының 7,5 пайызға және жуғыш және тазартқыш құралдар бағасының 10,2 пайызға өсуі сақталуда. Төмен тұтынушылық сұраныс, халықтың нақты ақшалай кірісінің төмендеуі және елдегі карантиндік шектеулер дезинфляциялық әсер етеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция ЖЖМ бағасының жылдық өсу қарқынының 1,7 пайызға дейін баяулауымен, сондай-ақ халықтың тұтынушылық таңдауының неғұрлым арзан импорттық тауарларға ауысуымен тежеледі. Ақылы қызметтердің жылдық көрсеткіштегі инфляциясы да 4,1 пайызға дейін жылдамдауды көрсетті. Бұған реттелетін (коммуналдық қызметтер), сол сияқты реттелмейтін қызметтер (аурухана, білім беру, аяқ киім мен автомобиль жөндеу қызметтері) бағасының өсуі ықпал етті» делінеді ҰБ хабарламасында.
Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, 2020 жылғы тамыз-қазанда тұтыну бағасының маусымдық тазартылған жылдық көрсеткіштегі өсуі 4–6 пайыз нысаналы дәлізінің жоғарғы шегіне жақын қалыптасты. Алайда, 2020 жылғы қарашада жекелеген тауарлар (май мен тоң май, қант, сырт киім, жылу энергиясы) бағасының өсуі аясында ол 7,4 пайызға дейін жылдамдады, сөйтіп нысаналы дәлізден едәуір асып түскен.
Ұлттық Банк желтоқсан айында инфляция бағамы 7,3-7,5 пайыз мөлшерінде болады деп болжам жасайды.
Қаржылық қадағалаушының болжамынша, келер жыл да аса сәтті бола қояды деуге негіз жоқ. Вакциналарды кең ауқымда қолданудың ұзаққа созылмауына, тұтыну мен іскерлік белсенділікке теріс әсер ететін COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі шектеу шараларына байланысты сыртқы сұраныс бір ізге түспейді. Өйткені Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінде жылдық инфляция да әртүрлі, эпидемиологиялық және экономикалық ахуал да бір-біріне ұқсамайтын бағытта өрбіп жатыр.