Жаңалықтар

Биыл ипотека нарығына қандай өзгерістер енді? Алда не күтіп тұр?

2020 жыл ипотека нарығына қалай әсер етті?

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов 2020 жылдың баспана нарығы үшін қалай өткенін, БЖЗҚ қаражатын пайдалау бойынша бірыңғай оператор атану мүмкіндігін, тағы да басқа маңызды мәселелер жайында пікір білдірді. 

Бұл туралы ол отандық kapital.kz басылымына берген сұхбатында айтады. Оның айтуынша, карантин азаматтардың тұрғын үй алуға деген ынтасына да кері әсер етті. Егер 2019 жылы желтоқсанда барлық банктердегі ипотекалық займдар портфелі 2,257 трлн теңге болса, мамыр айында ол 2,094 трлн теңгеге дейін төмендеп кеткен. Бірақ локдауннан кейін халық қайта еңсе тіктей бастады. Қыркүйекте жиынтық портфель 2,376 трлн-ға жетіпті. 

«Сондықтан биыл әкімдік кезегінде тұрғандар үшін берілетін «Шаңырақ» бағдарламасынан басқа жаңа жобалар шығармадық. Қазір екінші деңгейлі банктер негізінен мемлекеттік бағдарламаларды пайдалануда. Алайда біз олардың біртіндеп ірі құрылыс компанияларымен бірігіп жеке ипотекалық өнімдер құра бастағанын байқап отырмыз. Сонымен қатар «Баспана Хит» бағдарламасына жаңашылдық енгізілді – яғни, кепілдендірілген тұрғын үй құрылыс қорының кепіл болуымен несиеге өтініштер қабылданады. Бұл үлестік құрылыс кезеңіндегі тәуекелдерді азайтады. Сатып алушылар үшін ондай пәтерлер арзанға түседі, яғни, несиелік жүктемесін де жеңілдетеді»,- дейді сарапшы. 

Қазір  қайталама нарықтағы үйлерді алушыларға берілген несие үлесі 68,8 пайызды (29 611 пәтер) құраса, бірінші нарық пәтерлеріне берілген несие 31,2 пайыз (18 982 пәтер) болған. Былтыр да екінші нарық пәтерлері 64,8 пайызбен алға шыққан еді.   

Банк өкілі қазір тұтынушылардың басым бөлігі қызметтерді онлайн алуға көшті. Сол себепті, келер жылдан бастап ипотеканы да онлайн рәсімдеуді бастаймыз дейді. Сонымен қатар эксперт биыл мемлекеттік деңгейде жүзеге асқан негізгі үш қадамды да атап өтті. 

«Алғашқысы – мемлекеттік займдар бойынша төлемді шегеру туралы тапсырмасы. Оған ипотекалық несиелер де кірді. 

Екіншісі – 10 пайыздық алғашқы төлем жарнасы және 5 пайыз мөлшерлемесі бар «Шаңырақ» бағдарламасы. Оны несиелеуге – 210, құрылысқа 180 млрд теңге бөлінді. Желтоқсанда жаңа пәтерлер беріле бастайды. 

Үшіншісі – БЖЗҚ қаражатын баспанаға жұмсау туралы президент тапсырмасы. Бұл көп адамның баспана мәселесін жеңілдетеді. Мемлекет табысы орта және төмен азаматтар үшін әркез жағдай жасап келеді: «Шаңырақ», «Нұрлы жер», «Бақытты Отбасы», «Әскери баспана» сияқты бағдарламалар шығарды, тұрғын үй сертификаттары арқылы әкімдік есебінен баспана мәселесін шешуде»,- деді Ақшанов. 

Сарапшының айтуынша, келер жылы банктің жаңа бөлімшелері ашылмайды. Есесіне онлайн қызмет жетілдіріле түспек.