Жанат Құрманов: «Қазақстандықтар жинақтарын алып қана қоймай, басқарушы компанияны таңдау құқығына ие болады»

Жарияланды
БЖЗҚ басқарма төрағасы жылды қорытындылап, болашақ жоспарларымен бөлісті

Қазіргі кезде парламент ел азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз етуді реттейтін заңға енгізілер өзгерістерді қарап жатыр. Бүкіл әлемде зейнетақы жүйесі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық процестерінің айнасы іспеттес, сондықтан үнемі өзгеріп, дамып отырады. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалмақ емес. Осы орайда «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов қазіргі өзгерістердің себебі неде, болашақта қор қалай жұмыс істейтіні жайлы айтып берді. 

– Жанат Бостанұлы, пандемия басталғалы бері, әлемдегі зейнетақы қорларының кірістілігі төмендегені байқалады. Осы ретте БЖЗҚ-ның көрсеткіштері қандай? 

–  БЖЗҚ салымшылары үшін зейнетақы активтерінің жыл басынан бергі инвестициялық көрсеткіштері оң болды.

2020 жылдың 10 айында есептелген инвестициялық табыс сомасы 1 трлн теңгеден асты, бұл сан  2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есе артық (551,1 млрд теңге). Зейнетақы активтерінің кірістілігі 2020 жылы 9,94%-ды құрап, инфляциядан (5,5%) 4,44%-ға асып түсті.

Жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыс  сомасы биыл түскен міндетті зейнетақы жарнасынан асып кетті. Яғни, зейнетақы жинақтарының негізгі өсімін жарна емес, зейнетақы активтерін басқарушы ретінде Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық кіріс құрады.

 Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңде  инвестициялық кірістілік 596,69%-ды құрады. Ал жинақталған инфляция 485,55% болды. Осылайша 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 111,14%-ды құрайды. 

Жаһандық қаржы дағдарысынан бері инвестициялық көрсеткіштерге  биылғы пандемия айтарлықтай теріс әсер етті. Акциялар нарығы 30%-ға төмендеп, инвестициялық емес борыштық бағалы қағаздарға арналған кредиттік спрэдтер күрт өсті. Инвестициялық портфелі классикалық 60/40-ты (акциялар/облигациялар) қүрайтын жеке зейнетақы қорлары көпшілігінің кірістілігі теріс нәтиже көрсетті.

БЖЗҚ портфелі консервативті, 80%-дан астамын тәуекел дегейі төмен бағалы қағаздар немесе эмитенттің халықаралық шкаласы бойынша «ААА» – дан «BBB -» – ға дейін жоғары рейтинг көрсететін қаржы құралдары құрайды.

Салымшылардың инвестициялық табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету және тәуекелді төмендету үшін зейнатақы активтері портфелі инвестиция түрлері, соның ішінде валюта бойынша әртараптандырылған. Инвестицияның үштен екі  бөлігі(69,7%)  – теңгеде, ал үштен бір бөлігі – шетел валтасында номинирелген, шетел валютасының ішінде АҚШ долларының үлесі басым. 

Зейнетақы активтерді инвестициялатын валюта құрылымы теңгерімді болуы теңгедегі портфельдің табыстылығына нарықтың теріс әсерін төмендетеді.

–Келер жылдан бастап Украинада зейнетақы жасы өседі. Германия, Ресей, Беларусь,  Ұлыбритания, Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш бернеше жылда сатылап өспек. Бұл зейнетақы төлемдерін жинақтау мерзімін ұзарту жөнінде  шешім қабылдаған мемлекеттердің бір парасы ғана. Бұл немен байланысты?Экономикалық дамуы бір-бірінен мүлдем алшақ  көптеген елдің билігі неге зейнетке шығу жасын ұзартып жатыр? 

– Адамдардың өмір жасының ұзаруына (зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру кезеңін қоса алғанда) байланысты жаһандық демографиялық тренд мемлекеттердің өз азаматтары еңбекпен қамтылу кезеңін және еңбек өтілін арттыру жөнінде шаралар қабылдауға (оның ішінде зейнеткерлік жасты кезең-кезеңімен арттыру шаралары) мәжбүрлейді.

Қазіргі жағдайға қатысты сандарды сөйлетіп, сараптама жасап көрсек. БҰҰ-ның болжамы бойынша, дүние жүзінде адамдардың орташа өмір жасы ұзара бермек, айталық 2019 жылы бұл көрсеткіш –72,6 жас болса, 2050 жылға қарай 77,1 жасқа жетеді.

БЖЗҚ-ның да,  БҰҰ-ның да  жүргізген актуарлық есептеріне сәйкес, Қазақстанда 2050 жылға қарай  жасы 65-тен асқан кісілердің үлесі екі есе артуы мүмкін. (БЖЗҚ болжамы бойынша – ағымдағы 7,3-тен 14,2%-ға дейін, ал  БҰҰ болжамы бойынша – 14,1%-ға дейін).

Сондай-ақ, халықтың қартаюы салдарынан 25 жасқа дейінгі жастардың (БЖЗҚ болжамы бойынша  – 3,2%-ға және БҰҰ болжамы бойынша –4,5%-ға) және 25 пен 65  жас аралығындағы «еңбекке қабілетті» жандардың үлесі (БЖЗҚ болжамы бойынша – 3,1%-ға және БҰҰ болжамы бойынша – 1,7%-ға) төмендеуі ықтимал. 

БЖЗҚ мен БҰҰ-ның бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 24 миллионға жетеді. Өсімнің  үштен екі бөлігі «дмографиялық импульске» негізделсе (яғни, өмір сүру ұзақтығы мен елдегі жасы үлкен кісілер үлесінің артуы),  үштен бір бөлігі –  туу көрсеткішінің артуы есебінен. 

Халықтың қартаюының негізгі себебі –  бала туу көрсеткішінің біртіндеп төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының артуы. Қазақстанда 60 жастан асқан адамдардың үлесі биыл 12% болса, 2050 жылға қарай 20%-ға дейін өседі. Халықаралық жіктеуге сәйкес, мұндай елдер қазірдің өзінде  халқының демографиялық қартаю деңгейі өте жоғары елдер қатарына жатады. Бұл осы елдерде жұмыспен қамтылған халықтың  зейнеткерлерге ынтымақты (ортақ)  зейнетақы жүйесі шеңберіндегі аударымдар есебінен ағымдағы төлемдерін қамтамасыз ету мүмкіндігін шектейді.

– Сол себепті елімізде ортақ модельді толық қайтару мүмкін емес пе? 

–Әр модельдің (тек ынтымақты немесе тек жинақтаушы құрамдауышқа негізделген) өз кемшілігі бар және ұзақ мерзімді  перспективада теңгерімді деп танылуы мүмкін емес. Бір модельді (ынтымақты) басқа модельге (жинақтаушы) қарама-қарсы қойып, салыстыру тәсілі бүгінде ескірген. 
Шет мемлекеттердің бәрі қызметкер мен жұмыс берушінің қатысуымен қалыптастырылатын, мемлекеттік және жинақтаушы зейнетақыны қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құруға ұмтылып жатыр.

Көп деңгейлі жүйе алдыңғы қатарлы және анағұрлым тұрақты деп танылған, ЭЫДҰ елдерінің стандарттарына  біртабан жақын зейнетақымен қамтамасыз ету стандарттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Қазақстанның зейнетақы жүйесі ЭЫДҰ мен өзге де  халықаралық ұйымдардың көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құру жөніндегі негізгі қағидаты мен ұсынымдарына сай және бірнеше құрамдауыш бөліктерден тұрады: базалық және ортақ зейнетақы, міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жинақтаушы зейнетақы.

Бұл ретте зейнетақы жүйелерінің арасында  жинақтаушы жүйенің маңызы артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Соңғы 20 жылда әлемдік зейнетақы  активтерінің ішінде жинақтаушы жүйенің үлесі артып, 50 пайыздан асты. DC принципі негізінде құрылған жинақтаушы жүйе дағдарыс кезінде үлестірімді жүйемен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты болып келеді. 

– Қазіргі кезде зейнетақы реформасы талқыланып жатыр. Осы  ретте БЖЗҚ-ның рөлі қандай болмақ?

–Заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін қазақстандықтар жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын мақсатты пайдалану (тұрғын үй мен емге), сондай-ақ басқарушы компанияны таңдау және жинақтардың бір бөлігін инвестициялық басқаруға аудару құқығына ие болады

БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бүкіл ақпараттық, қаржылық ағынының бірыңғай есеп орталығы және операторы болғандықтан, оның мемлекеттік органдар мен ұйымдар, кастодиан банктер, инвестициялық басқарушылар мен сақтандыру компаниялары, салымшылармен байланыса отырып, жоғарыда аталған міндеттерді жүзеге асыруға белсене қатысуы көзделген.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтары, инвестиция құрылымы, инвестициялық басқару қорытындысы жайлы деректердің дұрыс есепке алынуы мен қолжетімділігін, салымшыларға 24/7 режимінде, кез келген мерзімге шоттан үзінді көшірме беру арқылы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді, өзінің барлық қызметі мен зейнетақы капиталын қалыптастыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жалғастырады.

 – БЖЗҚ бірнеше жылдан бері өз қызметтерін онлайн режимде көрсетіп келеді. Карантин кезінде қалай жұмыс істедіңіздер? Интернетте қызмет көрсету пайызы артты ма? Бизнесті цифрландыруды жалғастыра бересіздер бе?

– 2020 жылдың 10 айында қор өз салымшыларына 15,8 миллион қызмет көрсетті. Бұл ретте операциялар жалпы көлемінің 14,5 миллионы (яғни 92%) электрондық форматта жүргізілді. 

Өткен жылмен салыстырғанда электрондық қызметтердің танымалдығы 23,8% немесе 2,8 млн қызметке өсті. БЖЗҚ-ның электрондық қызметтері қолжетімді, ыңғайлы және көптеген салымшылар оларды enpf.kz сайты мен мобильді қосымшадағы жеке кабинетте 24/7 режимінде пайдалануға үйреніп қалған.

Атап айтқанда, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге және (немесе) көшуге берілетін өтініштің мәртебесін қадағалау және тағы басқалар.

Соның ішінде ЖЗШ-дан үзінді көшірме алу – ең танымал қызмет (жүргізілген операциялардың 94%-ы). Бұл адамдардың жинақ сомасына қызығушылық танытып қана қоймай, жарналардың уақтылы түсуін, инвестициялық табыстың өсуін бақылай бастағанын білдіреді.

– Бүкіл әлемде қаржы ұйымдары финтех компаниялар қатарынан табылуға ұмтылып жатыр. Ал БЖЗҚ-ның келер жылға жоспары қандай?

–БЖЗҚ жоғары технологиялық компания ретінде бірнеше жыл қатарынан дамып келеді. Бұл ретте БЖЗҚ  – қаржылық қана емес, бүкіл Қазақстан бойынша тұтынушысы көп әлеуметтік ұйым.

Сондықтан барлық салымшыларымыз бен алымшыларымыздың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңі бойында – шарт жасаудан бастап, төлем алуға дейінгі –барлық талап-тілектерін ескереміз. БЖЗҚ қызметтерінің барлығын дерлік цифрлық форматта,  қашықтан алуға болады. Азаматтардың жеке өзі, пошта арқылы немесе сенім білдірген өкілі арқылы Қор кеңсесіне өтініш жасауын талап ететін жекелеген қызметтер бар, бірақ мұндай кезде де БЖЗҚ шетелге тұрақты тұруға көшкенде қажет  құжаттарды онлайн-тексеру сынды  қолжетімді сервис ұсынады. 

Келер жылы enpf.kz сайты мен  мобильді қосымшаны одан әрі дамыту және жаңарту жоспарланып отыр. Сайт ішіндегі жеке кабинеттің функционалы жаңғыртылады, онда заңды тұлғалар үшін жеке бөлім пайда болады. Фронт-офистерге арналған есепке алу жүйесінің жаңа нұсқасы пайдалануға беріледі, байланыс орталығына жаңа бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілетін болады.

БЖЗҚ-ның барлық ақпараттық және операциялық жүйелері заңнамалық өзгерістерді ескере отырып және дербес деректерді көпсатылы қорғау жүйесін сақтай отырып, қайта құрылатын болады. Бұл  халыққа біршама жоғары технологиялық деңгейде қызмет көрсету мүмкіндігін береді, елдің барлық өңірлерінде көрсетілер қызмет жеделдігін, қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз етеді. 

Сондай-ақ оқыңыз