Заңсыз елік атқандар ұсталды

Жарияланды
Солтүстік Қазақстан облысында браконьерлер 4 елікті атқан

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заңсыз төрт елікті атқан күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО табиғатты қорғау полицейлері мүдделі ведомстволардың қызметкерлерімен жануарлар дүниесін браконьерлерден қорғау бойынша тұрақты бірлескен рейдтерді өткізеді. 5 желтоқсанда кезекті рейд барысында Мамлют ауданының ПБ табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Меңгесер аңшылық шаруашылығы қорықшысымен Катанай с. маңындағы жерде Петропавлдың 37 жастағы тұрғыны басқарған «Nissan Hilux» автокөлігін тоқтатқан.

Оның жолаушылары тағы бір қалалық пен екі аудан тұрғыны болған. Көлік салонынан қынапқа салынған тегіс ұңғылы қару, 42 патроны бар оқшантай, пышақ табылды. Жүксалғышта бастары кесілген, атыс жарақаты келтірілген төрт сібір елігі жатқан. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

    «Қазіргі уақытта екі қарудың иесі 54 және 48 жастағы ауыл тұрғыны күдікті деп танылды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жануарлардың денесі, қару мен автокөлік тәркіленді, қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүргізілуде», – деді Мамлют ауданының ПБ бастығы Серік Әлжанов.

 

Сондай-ақ оқыңыз