Еуразиялық экономикалық одақ елдері енді несие мәліметтерін біріктірмек. Енді Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Ресей және Беларусь елдерінің азаматтары одаққа мүше осы мемлек еттердің кез-келгенінен несие алу мүмкіндігіне ие болады.
«Ресейдің Қаржы министрлігі ұсынған және Ресейдің Сыртқы істер министрлігі, экономикалық даму министрлігі және Ресей банкімен келісілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде несиелік тарихқа енгізілген ақпараттармен алмасу тәртібі туралы келісім жобасы мақұлдансын»,– делінген хабарламада.
Несиелік есеп несиелік тарихты пайдаланушының өтініші бойынша ұсынылады және несиелік тарих субъектісінің сәйкестендіру деректерін және оның міндеттемелері туралы ақпаратты қамтиды.
Келісім жобасын РФ қаржы министрлігі дайындаған. Осыған дейін министрлік аталған келісімнің ресейлік заңды тұлғалардың ЕАЭО құрамына кіретін елдерден, одақ елдері азаматтарының Ресейден несие алуына мүмкіндік береді деп хабарлаған еді.
Хабарламада қазіргі кезде одақ елдеріндегі қаржы институттарының резидент емес тұлғаларға несие беруге құлықты емес екені айтылады. Бұл бірінші кезекте қарыз алушының несие тарихын тексеру кезіндегі қиындықтармен байланысты. Енді жоғарыдағы келісім барлық тараптан бірауыздан мақұлданса жағдай өзгермек.
«Келісім, бір жағынан, басқа мүше мемлекеттердің аумағында банктерге кредит үшін қайырылған кезде ЕАЭО-ның барлық елінің резиденттері үшін тең шарыттар жасалуына ықпал ететін болады. Екінші жағынан, құжат банктерге басқа мүше мемлекеттердің резиденттерін кредиттеу туралы шешім қабылдау кезінде тәуекелдерді сайма-сай бағалауға мүмкіндік береді. Бұл Одақта трансшекаралық кредиттеудің дамуын ынталандыратын болады»,– делінген Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында.
Ресей Федерациясы – бұл келісімді ұсынушы және алғашқы болып мақұлдаушы. Енді тек өзге төрт мемлекеттің келісімі ғана қалып отыр.
Сонымен қатар 11 желтоқсан күні ЕАЭО аясында мүлікті бағалау бойынша қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру туралы шешім шықты. Аталған нарық өз қызметін 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастауы мүмкін. Мұндай шешім Жоғары Еуразиялық экономикалық одақ отырысында қабылданды.
ЕАЭО-ның барлық елдерінде меншікті бағалау қызметтерінің өзектілігі өте жоғары болып қала береді. Дәстүрлі және көптеген жылдар бойы бағалау қызметінің бағыттарына жылжымайтын мүлік, кәсіпкерлік (кәсіпорындар) және бағалы қағаздар саласындағы бағалаулар, кепілдендірілген несиелеу, сақтандыру, мүліктік дауларды шешу, мүлікті бөлу, мұрагерлік, қайырымдылық, бизнесті тарату, меншікті беру, зиянды өтеу, сақтау, неке шарты және т.б салалар жатқызылды.
Соңғы жылдары ЕАЭО елдерінде кәсіби бағалаушылар саны 23 мыңнан 15 мыңға дейін қысқарды. Сонымен қатар, несиелендіру нарығының дамуы және көптеген салаларда міндетті бағалау осы қызмет түріне сұраныстың жоғарылауына ықпал етуде» делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, ЕАЭО 2015 жылы құрылды. Құрылым өз жарғысында бес мемлекеттің ортақ экономикалық нарығын қалыптастыру арқылы, елдердің экономикалық, әлеуметтік әлеуетін арттыруды көздейтінін мәлімдеген.