Таразда түнде такси жүргізушісін ұрып, тонап кеткен екі адам ұсталды
Таразда екі жолаушы жігіт жүргізушіні ұрып, жеке мүліктерін тартып алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласында ПБ 2-ПБ қызметкерлері бір тәулік ішінде Тараз қаласының 32 және 29 жастағы тұрғындарын ізін суытпай ұстады. Ер адамдар алдын ала сөз байласып, жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, бөтеннің мүлкін ашық түрде ұрлаған. Жеке көлікпен адам тасумен айналысатын Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны кешкі сағат 19.30-да қала орталығынан екі адамды Қант заводы ауданына апарған.
Жарықсыз және адам көп жүрмейтін көшеде жолаушылар жүргізушіні көліктен шығарып, жерге құлатып, ұра бастаған. Жәбірленушіге қарсылық көрсетуге мүмкіндік бермей, біреуі – спорттық битамен (сақа), екіншісі жұдырықпен соққылаған. Жәбірленушінің жеке мүлкін алып, қаскүнемдер оқиға орнынан бой тасалаған.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 191-бабының 2-бөлігі (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, жеке мүлкі жәбірленушіге қайтарылды. Күдіктілерге қатысты Жамбыл облысының Мамандандырылған тергеу соты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Күдіктілердің бірі осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын бірнеше рет сотты болған. Құқық бұзушылық жасағаны үшін санкция мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Тараз қаласы ПБ 2 –ПБ жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерге қала сыртына екі және одан да көп адамды жеткізу кезінде қырағы болуға кеңес береді.