Ақсу. Моноқалаға айналған шағын станция тарихы
Ермак ауылы ХІХ ғасырдың соңына таман Ертіс өзенінің солтүстік жағалауында, Екібастұз қаласынан Омбыға көмір жеткізер жолдағы жүк тиейтін станса ретіне салынған еді. Жарты ғасыр өте ірі селоға айналған ауыл дамудың жаңа даңғылына түсіп, мәртебесін өзгертті. Қазіргі кезде Ақсу атауын иеленген моноқала өндірістік кәсіпорындарымен танымал. Қалада индустриалдық кластерден бөлек, ауыл шаруашылығы саласы дамып, жеке кәсіпорындар да жұмыс істеп тұр.
Өндіріс
Ақсу моноқаласы (1993 жылға дейін Ермак деп аталған) құрылысы өткен ғасырдың ортасында басталған Ермак ферроқорытпа зауыты мен Ермак ГРЭС-нің негізінде бой көтерген. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл кәсіпорындар жекешелендірілді (қазір Еуразиялық Топтың (ERG) құрамына кіреді). Екеуі де өңірдегі ең ірі жұмыс берушілер: осы кәсіпорындарда Ақсу қаласының 8 000-нан астам тұрғыны еңбек етеді. Ал бұл – өңірдегі 72 мың халықтың 11%-ы немесе әрбір бесінші тұрғын. Қала есімін өзгерту кәсіпорын атауына да әсер етті, ал меншік иесінің ауысуы КСРО ыдырағаннан кейінгі бірнеше жылдық күйреуден соң, қайта жанданып, кезең-кезеңімен қалпына келуіне ықпал етті.
Ақсу ферроқорытпа зауыты («Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы) – дүние жүзіндегі ең ірі ферроқорытпа өндіруші және жеткізушілердің бірі. Зауыт жұмысшылары жыл сайын 1 млн тоннадан астам өнім шығарады, оның 90%-ы алыс шетелдерге: Жапония, Корея, Қытай, Еуропа елдеріне, АҚШ пен Ресейге экспортталады.
«Кәсіпорынның бірегейлігі – түрлі болатты балқытуға қажетті хром, кремний және марганец қорытпаларының ірі өндірісін біріктіруінде. Кен шикізатының барлығы дерлік Қазақстан кен орындарында өндіріледі. Көміртегі бар материалдар тотықсыздандырғыш ретінде кеңінен қолданылады. Кәсіпорын қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Осы мақсатта өндірісті жаңғырту мен реновация жүргізіліп жатыр», – деді АқФЗ корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Ирина Сычина.
«Еуразия энергетикалық корпорациясы» АҚ құрамындағы Ақсу электр станциясы – елдегі ең алғашқы кәсіпорындардың бірі. Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 17 пайызы соның үлесінде. Бұл станция –Батыс Сібір, Алтай өңірі мен Шығыс Қазақстанның энергия жүйесін байланыстырып тұрған тірек торап. Оның 8 энергетикалық блогының алғашқысы 1968 жылы пайдалануға берілген. Қуаттылығы 300 МВт болатын. Ал екі мыңыншы жылдары қайта жаңғыртылып, нәтижесінде электр станциясының қуаттылығы екі еседей артып, 2 475 МВт жеткен.
Осы кәсіпорындардың ерекшелігінің арқасында қалада сүңгуір күл үйіндісінен микросфера жинаушы сынды сирек кездесетін мамандар жұмыс істейді. Ал балқытушы, көрікші, электромост кранының машинисі және жылу технигі сынды мамандықтар бүкіл өңірге танымал.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері, құрылысшылар мен дәрігерлер тапшы
Ақсу қаласы жұмыспен қамту орталығының қызметіне заңгерлер мен экономистер жиі жүгінеді. Сонымен қатар қалада білікті құрылысшылар: тас қалаушы, сылақшы, сырлаушылар жетіспейді. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері: механизаторлар, зоотехниктер қажет. Дәл осындай бос жұмыс орындары маман таппай ұзақ тұрады.
Ақсу қаласында білім беру саласының мамандарына жұмыс табу оңай. Кейбір жұмыссыздар жәрдемақыға күнелтіп, уақытша жұмысқа орналасса, бірқатары өз ісін ашып, кәсіп бастайды.
Мәселен, жұмыспен қамту орталығының дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың 3 тоқсанында кәсіп ашу мен кеңейтуге 93 грант бөлініпті. Оның үштен бір бөлігі ауыл шаруашылығына салынса, тағы бір бөлігі құрылыс, тігіншілік пен қоғамдық тамақтану саласында кәсіп ашуға бөлінген.
Гранттардың ¼ бөлігі сұлулық салонын ашуға берілсе, оншақты адам сауда-саттық пен полиграфиялық қызмет ұсынып отыр.
Өңірде кәсібін дөңгелетуге субсидия алған жобалардың арасында «КронАгро» шаруа қожалығы да бар. Бұл ірі жоба туралы ШҚ басшысы Дидар Бейсенбаев былай дейді:
«Біздің шаруа қожалығымыз бірнеше бағытта жұмыс істейді: ірі қара мен ұсақ мал өсіреміз, жем-шөбін дайындаймыз, оған қоса сүт өнімдерін өндіреміз. Жобаның жалпы құны – 5,5 млрд теңге. Бұл өз қаржымыз бен Агрокредиттік корпорация жеңілдікпен берген несие. Бұл ақшаға 1 500 гектар жерді суаруға арналған екі сорғы станциясы мен су таратқыш, 12 000 тонна картоп сақтайтын қойма, сүт өнімдерін шығаратын ферма салып, қажетті техника мен мал сатып алдық».
«КронАгро» ШҚ 2020 жылдың соңында 1 000 сауын сиырға арналған сүт фермасын ашуды жоспарлап отыр. Қыркүйек айында Австрия мен Германиядан етті-сүтті 550 бас мал әкелінген, тағы 650 бас мал келуі тиіс. Шаруа қожалығында 100 адам жұмыс істейді, олардың санын 150-ге дейін арттыру жоспары бар.
«Карантин техника мен тұқым жеткізуде біршама қиындық туғызды. Бірақ біраз уақыттан кейін бәрі қалпына келе бастады. Тыңайтқышымыз жеткізіліп, дизель отынымен қамтамасыз етті. Пандемия кезінде біз тіпті қызметкерлер санын көбейттік. Біздің шаруада демалыс керек, бас ауырды, балтыр сыздады деп жүре алмайсың, сондықтан барлық санитарлық талаптарды сақтаймыз», – дейді КронАгро басшысы пандемия кезіндегі жұмысқа тоқталып.
Дидар Бейсенбаевтың айтуынша, шаруа қожалығының өзге де мәселелері бар, бірақ олар көбіне шешімін тауып, түйінін тарқатуға болар тірлік. Мәселен, Ақсу өңірінде егінді суаруға тура келеді. Сондықтан су тартқыш салып, қажетті техника сатып алған. Қ.Сәтпаев каналынан алған су ақысын төлеу үшін шаруашылыққа субсидия да бөлінген.
«Ең басты мәселе – білікті мамандар. Бұл тек ауыл шаруашылығы саласы ғана емес, ірі кәсіпорындар үшін де қиын мәселе сынды. Мәселені тек мамандардың өндірісте оқытып, баулу арқылы шеше аламыз. Жұмысқа алар кезде сала мамандарын сынақ мерзімінде, үйренсін деп, осындай шаруа қожалықтарына жібереміз. Биыл бізде аграрлық-техникалық колледж студенттері тәжірибеден өтіп жатыр. Арасында шетелдік жұмыс күшін де тартамыз, мысалы, екі агрономның бірі Омбыдан келген», – деп атап өтті шаруа қожалығының басшысы
Ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығы – агроном, зоотехник, мал дәрігері сынды мамандық беделінің тым төмен болуының салдары деп ойлайды. Жастардың бәрі қаржыгер мен заңгер болып, дизайн мен экономиканы оқығысы келеді.
Дидар Бейсенбаев бұл тығырықтан шығудың жолы ауыл шаруашылығы колледждерінің санын арттырып, жастар арасында осы сала мамандықтарына деген көзқарасын өзгертіп, беделін көтеру деп біледі
«Бұл жердегі мәселе тек мамандардың еңбекақысына келіп тіреліп тұрған жоқ. Қазір тіпті олар жақсы жалақы алады», – дейді ол.
Туристерді тартатын – қала тарихы
Ақсу қаласында жүрген турист – өндірістік қала тұрғындары көзі үйренбеген құбылыс. Алайда қала мен оның сәулеті, кеңес заманынан келе жатқан аллея жайлы, тіпті шетелде де біледі. Мәселен, Ақсуға 2011 жылы келген белгілі европалық саяхатшы Петер Хохенхаус қаланың көрікті жерлері туралы өз сайтында мақала жариялаған.
Дегенмен бұл сайтта жергілікті өлкетану музейі туралы еш ақпарат жоқ. Музей әкімшілігі оған шетелдік туристер сирек келетінін айтады. Десе де музейде көз қуантарлық дүниелер жеткілікті. 20 жыл ішінде 3800-ден аса экспонат жинақталған.
Олардың арасында мерзімді баспасөз жәдігері көп, ҰОС жылдарындағы газеттер мен «Огонек» апталық көркем-әдеби журналының 1915 жылғы шығарылымы, сондай-ақ, «Металлург» зауыт газетінің 1985 жылғы тігіндісі бар. Қала тарихы, құрылысы туралы сыр шертетін суреттер де қызық.
Меузей көне экспонаттарының бірі – немістің 1914 жылы шыққан «Walters original Qrandiosa» шұлық-тоқыма машинасы,сонымен қатар осы кезеңнен қалған патефон, Тула мыс самаурындары, иірімжіп және көмірмен жұмыс істейтін ауыр темір үтік сынды жәдігерлер сақталған. Кеңес заманынан қалған заттардың арасында 1975 жылы ҰОС ардагері Нұрмұхан Сүленов қолдан жасаған радиола да бар. Жергілікті киномеханик Яков Коновалов 1968 жылы өзінің әйгілі қиноқұрылғысын (теледидар мен радио біріктірілген) өлкетану музейіне сыйға тартқан.
Музейде экскурсия қазақ және орыс тілінде жүргізіледі, шетелдік қонақтар үшін бес тілде аудиогид қарастырылған. Кіру билетінің құны 60-200 теңге аралығында, сондай-ақ экскурсия жетекшісі қызметі мен фото-бейнетүсірілімге қосымша төленеді.
«Бағасы аса қымбат болмаса да, қала тұрғындары мен қонақтарының музейге келуі сирек. Пандемияға дейін студенттер мен оқушылар келіп тұратын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ірі кәсіпорын жұмысшылары көріп кетті. Ал шетелдіктер бірнеше жылда бір келетін шығар. Фейсбук пен инстаграм әлеуметтік желілерінде арнайы айдар жүргізіп, жәдігерлердің тарихы туралы айтып, алдағы іс-шаралар туралы хабардар етіп отырамыз. Карантин кезінде виртуалды экскурсия жүргізіп, іс-шараларды онлайн өткіздік. Дегенмен музейге келушілердің қатары қатты сиреп кетті, өйткені оқушылар мен студенттер қашықтан оқып жатыр, ал бізге бірді-екілі адам ғана бас сұғады», – дейді Ақсу тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі Гүлжанар Ақшолақова.
Павлодар география үйінің директоры және саяхатшы Александр Вервекин Ақсудың туристерді тартпауын қалада туристік инфрақұрылым, өзекті ақпараттық ресурс, туристерге арналған жарнаманың жоқтығымен түсіндіреді:
«ПавГео қатарында Ақсу қаласына анда-санда барып тұруды ұсынатын кісілер бар, осы қалада өз филиалымыз орналасқан, көрме өткіземіз, қала тұрғындары «Ертіс күні» мерекесіне белсенді қатысады. Бірақ туризм деген турист тоқтайтын, тұратын жерден басталады. Сондықтан қала туралы ақпаратты бірнеше тілде бір немесе бірнеше сайтқа жинап, үнемі жаңартып отыру керек, бірақ оны істеп жатқан ешкім жоқ. Қонақ үйлерден бөлек, қалта көтеретіндей, арзандау, тоқтайтын орындар, мәселен, хостел мен жатақхана салынуы тиіс. Өйткені туристердің едәуір бөлігі – отбасын құрмаған жастар, студенттер, қымбат қонақүйді олардың қалтасы көтермейді».
Кеңес заманына қалған, Ленин, Дзержинский, Маркс бюсттері орналасқан аллея, үй қабырғаларындағы үлкен кеңестік мозаикалар, орталық көше бойындағы шағын пішіндер мен ағаш құрылымдар, қалалық жағалау, ескі қайық станциясы, Қ.Сәтпаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналының біршама туристік әлеуеті бар. Зауыт пен электр станциясы мұражайлары өте қызық – қала тарихы және бұрынғы одақтас республикалардан құрылысқа келген кейбір тұрғындары, құрылыс пен өндіріс ерекшеліктері туралы фактілерді біле аласыз. Бірақ туризмді дамыту үшін осы бағытта жұмыс істеуге ниетті адамдар мен қаражат қажет».
Фото: Анатолий Романов, Дидар Бейсенбаев