Жаңалықтар

Жемқорлықпен ұсталған шенеуніктерге қатысты жаза түрі өзгерді. Енді олар мерзімінен бұрын босап шыға алмайды

Құқық қорғау қызметкерлері мен судьяларға қатысты талап та күшейтілді

Елбасы мен мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде тапсырмаларын іске асыру үшін кезең-кезеңмен бірқатар маңызды заңнамалық шаралар қабылданды. Олардың бірі мемлекеттік қызметшілерге, парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерден шоттар ашуға және иеленуге тыйым салуды енгізуге қатысты. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді. Оның мәліметінше, мемлекеттік қызметшілерді қызметке тағайындау кезінде оларға шетелдік шоттарын жабуға 6 ай уақыт берілетін болады.

«Мемлекеттік қызмет – бірқатар шектеулерді қабылдауды көздейтін қызметтің ерекше түрі. Осы түзетулерді әзірлеу кезінде елдің игілігі мен халықтың мүддесіне қызмет ету идеологиясы ескерілді. Ал жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге келсек, оларға да заң қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай беріледі. Сондай-ақ, заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің шетелде жұмыс істеген, оқыған, тағылымдамадан өткен, іссапарға барған, емделген немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелде болған кезінде шетелдік банктерде шот иелену құқықтары айқындалған» деді спикер.

Сонымен қатар, ол бұл шектеу мемлекеттік қызметші заң қабылданғанға дейін ашқан шоттарға да қатысты болатынын атап өтті. Егер мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жапқысы келмесе және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы.

Сондай-ақ Олжас Бектенов заңнан аттаған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға тағайындалатын жазаның да күшейтілгенін атап өтті. Спикер ең көп таралған «пара алу» бабы бойынша мысал келтірді. 

«Баптың қолданыстағы редакциясы бойынша тағайындалған санкцияның мөлшері атқаратын лауазымға байланысты емес. Санкциялардың шегі тек пара мөлшеріне байланысты (қарапайым пара, айтарлықтай мөлшердегі пара, ірі мөлшердегі пара, аса ірі мөлшердегі пара). Заңмен ҚК-нің 366-бабында судьялар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты жаңа құрам енгізіліп, 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі санкция күшейтілді. Санкциялардың ұлғаюы соншалықты маңызды емес болып көрінеді. Әйтсе де, оның құқықтық салдары өте ауыр» дейді спикер.

Енді құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның 138 900 теңгеге дейін пара алуы ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады. Сондықтан, бұл тұлғалар шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылады және олар үшін жазасын бірден қоныс-колонияларда өтеу мүмкіндігі жойылады.

Заңсыз сыйақы алушыларға ғана емес, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.

«Енді парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталғандар, ал бұл айтарлықтай және ірі мөлшерде пара алу және беру, құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның пара алуы, парақорлыққа бірнеше рет делдал болу жазасын өтеу үшін орташа қауіпсіз ҚАЖ мекемелеріне, ал аса ірі мөлшерде пара алған немесе берген адамдар – қауіпсіздігі барынша жоғары ҚАЖ мекемелеріне жіберілетін болады. Осылайша, мұндай санаттағы адамдар үшін жазаны неғұрлым ыңғайлы ұстау жағдайында өтеуге құқықтық тосқауыл қойылды» деді Бектенов.

Ал колония-қонысқа көшу үшін енді олар залалды өтеумен қатар, түзеу мекемесінде жазасын өтеу кезінде үлгілі мінез-құлық көрсете алуы тиіс. 

Сыбайлас жемқорлықпен сотталған кінәлілер бұрынғыдай шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алмайды. Тек екі жағдайда ғана мүмкіндік берілуі мүмкін. 

Бірінші жағдайда, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жалғыз басты әкелер, сондай-ақ зейнеткерлік жастағы адамдар және бірінші, екінші топтағы мүгедектер. Тергеумен белсенді жұмыс істеген күдіктілерге қатысты жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін.

«Залал толық өтелген және жазаны өтеу кезеңінде жазалар болмаған жағдайда, азаматтардың аталған санаттары жазаның белгілі бір мерзімін іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша қалған барлық азаматтарға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату жойылады. Адамдар сот тағайындаған жазаны толығымен өтейді. Бұл шараның елеулі профилактикалық әсері болатынына сенімдімін. Әр адам заңсыз іс-әрекетке бармай тұрып, ойлануы керек» деді жемқорлыққа қарсы ведомствоның өкілі.

Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Василий Олейник «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қатысты біраз жаңашылдықтар туралы баяндады. Оның айтуынша, құжатты қабылдау үшін барлық мемлекеттік органдар, депутаттар, қоғамдық ұйымдар көп жұмыс істеген.

«ҚІЖК көрсетілген новеллалар күдіктілердің, айыпталушылардың ғана емес, жәбірленушілердің де құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттырады. Бұл прокурордың жауапкершілігін арттыру үшін қажет және оның өкілеттіктерін кеңейтумен байланысты емес. Қабылданған нормалар қылмыстық процестің бәсекелестігі мен ашықтығын күшейтуге бағытталған. Енді процеске қатысушылардың пікірін ескере отырып, өндірісті электрондық форматта жүргізуге рұқсат етіледі. Сотқа дейінгі процесс органдарының негізгі шешімдерін, оның ішінде электрондық тәртіппен келісу рәсімі жеңілдетіледі. Тергеу барысында айғақтары сақталған куәлар мен жәбірленушілерді шақыруға және жауап алуға рұқсат етіледі» деді Василий Олейник.

Сонымен қатар, тергеу судьясының қаулысына шағымдану үшін негіздер кеңейтілуде. Мұндай бұрын болмаған. Егер судья процеске қатысушылардың ісін қарастырған болса, одан бас тартуға болады. Бұл апелляциялық және кассациялық сатыға қатысты. Адвокаттарға істі егжей-тегжейлі зерттеуге қосымша уақыт беріледі.