Шағын және орта бизнес тауар таңбалау жайлы не білгені жөн?

Жарияланды
Оған үрке қараудың қажеті жоқ

ЕАЭО елдері  арасында тасымалданатын тауарларды міндетті таңбалау мәселесі біраздан бері талқыланып келеді. Келісімге 2018 жылы-ақ қол қойылып қойған. Қазақстан бірқатар тауар – темекі және тері өнімдерін таңбалау жүйесін енгізудің соңғы сатысында тұр.  Ал өзге  тауарлар бойынша пилоттық жоба қолға алынған. 

Алайда кез келген жаңашылдық сынды, тауар таңбалау да кәсіпкерлер тарапынан бірқатар сауал тудырып тұр.  

Осы орайда шағын және орта бизнес тауар таңбалау туралы не білгені жөн, неліктен оған үрке қараудың қажеті жоқ екенін талдаймыз. 

1.Таңбалау жүйесін түсіну үшін не істеу керек?

Ең бастысы – алғашқы қадамнан шатасып кетпеу. Ол үшін нақты және өзекті, ең бастысы ресми ақпарат іздеген жөн. Тауар таңбалау деген не, Қазақстанда ол қалай жүзеге асатыны жайлы ismet.kz сайтынан оқып білуге болады. «Таңбалау» айдарынан жалпы таңбалау туралы, кейбір тауар түрлерін таңбалау жайлы, таңбалауға қажет құралдар жөнінде ақпарат  бар. Жобаға қатысты құжаттар, ең өзекті сауалдарға жауап, соңғы жаңалықтар да сол жерде жарияланады. 

2. Қандай тауарларды таңбалау қажет және ол қашан міндеттеледі?

Әр тауар түрі бойынша өз мерзімі бар. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып, содан кейін ғана міндетті таңбалау туралы талап күшіне енеді. 
Тауар санаты бойынша қарастырсақ: 

Табиғи теріден жасалған бұйымдарды таңбалау Қазақстанда 2017 жылы басталды.

Биыл 1 қазаннан  темекі өнімдеріне таңбалау басталды

Алкоголь өнімдерін таңбалау пилоттық жобасы  2019 жылдың 1 маусымында қолға алынған.

Пилоттық жобаға қатысушылар тізбекті басынан соңына дейін: код жабыстырудан бастап, тауар сатылғанға дейінгі кезеңді тексеріп, апробация жасады. Алкоголь өнімдерін міндетті таңбалау 2021 жылғы 1 сәуірден басталмақ.

Аяқ киім таңбалау бойынша пилоттық жоба 2019 жылдың 30 шілдесінде басталған. Жоба аясында код енгізу процесі тексерілген. Міндетті таңбалау 2021 жылғы 1 шілдеде енгізіледі деп жоспарланып отыр. 

Дәрі-дәрмек бойынша пилоттық жоба 2019 жылғы 9 қыркүйекте басталды. 2020 жылдың соңына дейін «СК-Фармация» ЖШС-де этикеттеу технологиясын тестілеу жүргізіледі. Дәрілік заттарды міндетті таңбалауды енгізу 2022 жылғы 1 қаңтарға жоспарланған.
Сүт өнімдері бойынша пилоттық жоба 2020 жылдың 1 қазанында басталды.

Қазіргі кезде Рсейге экспортталатын тауарларды таңбалауға дайындық жүргізіліп жатыр. Сүт өнімдерін міндетті таңбалау талабы 2022 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енбек. 

3.Жаңа ережелерге сай болу үшін қандай құрал-жабдық сатып алу керек?

Егер сіз сауда нүктесінің иесі болсаңыз, онда таңбаланған тауарларды сату үшін сізде:

* 2D штрихкод-сканері болуы керек (құны 25 000 теңгеден басталады),
* кассалық аппаратты қайта прошивка жасату
(тауардың жаңартылған номенклатурасын жүктеу керек). Бірыңғай оператор әзірлеген Naqty Sauda қосымшасын пайдалануға болады

Сервистік қызмет көрсететін компания қызметі қажет болуы да мүмкін. Шағын көтерме дүкен «таңбалауға» толық дайын болуы үшін  шамамен 50 мың теңге жұмсайды. 

Егер сіз тауар өндіруші болсаңыз, өндірілетін өнімге байланысты, таңба түсіретін құрал-жабдықтарды алу қажет болады. 

 Мәселен, сіздің аяқ киім тігетін шеберханаңыз  болса, онда: 

•     Қол аппликаторы (15 000 теңгеден басталады), 
•     Код басып шығаратын DataMatrix принтері  ( 20 000 теңгеден басталады),
•     арнайы қағаз  (әр тауарға 0,5 теңгеден) қажет.

4. Ереже күшіне енгенге дейін сатылмай қалған тауарларды не істеймін? Оларды кім таңбалауы керек?

2020 жылғы 1 қазаннан бастап темекі бұйымдарын міндетті таңбалау енгізілуіне байланысты, таңбаланбаған темекі бұйымдарын 2021 жылғы 1 қазанға дейін сатуға рұқсат етіледі. Міндетті таңбалау жөніндегі қағидалар күшіне енген басқа тауар санатты бойынша  өзге уақыт белгіленеді.

5. Таңбалау бизнесімді жүргізіп отырған салық режиміне  әсер ете ме?

Жоқ, әсер етпейді. Таңбалау қазақстандық кәсіпкерлер пайдаланатын  салық режиміне қандайда бір өзгеріс енгізбейді. 

Сондай-ақ оқыңыз