2020 жылғы қаңтар-қазан аралығында республикалық бюджет кірісі өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға өсіп, 9 триллион теңгеге жеткен. Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында өсімнің негізгі себебі ретінде трансферттік түсімнің 53,6%-ға артуы аталады. Нәтижесінде трансферттердің бюджет кірісіндегі үлесі 52%-дан асқан.
Кіріс азайып барады
Кірістің азаюы короновирустың таралуына қарсы күрес шеңберінде енгізілген шектеу шаралары және экономикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты. Экономиканы қолдау және дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру аясында Ұлттық қордан бөлінген трансферттер айтарлықтай өсті. Биыл Ұлттық қордан бюджетке 4,3 трлн теңгеге кепілдендірілген трансферт бөлінді, ал 2019 жылы кепілдендірілген трансферт –2,4 трлн, ал нысаналы трансферт 370 млрд теңгені құраған еді.
Жалпы, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері биыл 4,8 трлн теңге көлемінде жоспарланған.
Екінші жағынан, коронавируспен күрес және экономикалық белсенділікті төмендеткен шектеу шараларының салдарынан салық түсімдері 22,3%-ға кеміген. Бұдан бөлек, Үкіметтің бизнес пен халықтың табысын қолдау жөніндегі шаралары, атап айтқанда, экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларындағы бизнесті салық пен еңбекақы төлеу қорынан төленетін міндетті төлемдерден босату да әсер етті.
Айта кетейік, бюджет тапшылығына қатысты қиындықтар келер жылы да сақталуы мүмкін. Микро және шағын бизнес тағы екі жыл табыс салығынан босатылған. Сондай- ақ, «Курсив» бұған дейін жазғанындай, 2021 жылғы 1 қаңтардан жаңа арнайы салық режимі – тапқан табыстың 3% мөлшерлемесі негізінде есептелетін бөлшек салық режимі жұмыс істей бастайды. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, мемлекеттік қазынаға түсетін түсім жылына 46 млрд теңгеге дейін төмендейді.
Денсаулық сақтау саласына кеткен шығын 44,6%-ға өсті
Оған қоса әлеуметтік сала шығындары да өсіп жатыр. 2018 жылға дейін бюджеттің білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке бөлінетін әлеуметтік шығындары біркелкі – орта есеппен жылына 400 млрд теңге көлемінде қалыптасатын еді.
2018 жылдан бері жағдай өзгере бастады, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жылғы Жолдауының негізгі бөлігі әлеуметтік блокқа қатысты болды. Дәл сол кезде ең төменгі жалақыны бір жарым есе өсіріп, 28 мыңнан 42,5 мың теңгеге дейін көтеру және ЕТЖ-ны ең төменгі күнкөріс деңгейінен ажырату тапсырылды.
2020 жылғы қаңтар-қазан айларында республикалық бюджет шығындары былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 191%-ға өсіп, 10,8 трлн теңгені құрады. Республикалық бюджет шығынының артуына әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған шығыстың 19,5% ға өсуі де ықпал етті.
Бұл ретте денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығын 44,6%-ға көбейді. Бұл коронавируспен күресте эпидемияға қарсы қолға алынған іс-шаралар және медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтумен байланысты. Мұғалімдердің еңбекақысы өсіру себебінен білім беру саласына бағытталған шығыстар 47,2%-ға өсті. Нәтижесінде, биыл 10 айда бюджет тапшылығы 2,2 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 3,2%-ын құрап, 2019 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге дерлік өсті.
Бюджет тапшылығын Ұлттық қордан бөлінген трансферттер жауып тұр
Ұлттық банк ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында Ұлттық қордан биыл қосымша трансферт бөлінбесе, бюджет тапшылығы одан да жоғары болар еді дейді.
Дегенмен, Ұлттық қор мен профицитті өңірлердің бюджетінен түсетін түсімдердің артуына қарамастан, 2020 жылы бюджеттің болжамды тапшылығы жаппы ішкі өнімнің 3,5%-ына дейін жетпек. Бұл – 1999 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Ұлттық Банктің айтуынша, бюджет тапшылығы шеттен алынатын қарыз есебіне жабылады. Үкіметтің болжамына сүйенсек, алынған борышқа қызмет көрсету шығыны 2020 жылы 13,5%-ға өседі.
Мәселен, 2021 жылы бюджет тапшылығын жабу үшін Үкімет Азия Даму Банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен жалпы сомасы 1,57 млрд еуро қарыз алу жөнінде уағдаласты. Бұл ақша «COVID-19 пандемиясы кезеңінде экономиканы қолдауға» бағытталмақ, олар кіріс ретінде есептеліп, республикалық бюджет тапшылығын жабуға жұмсалады.