«Кәсіпкерлер жұмысын жасырын жалғастырып жатыр». «Атамекен» палатасы бизнес қызметі тоқтамауы керек деп пайымдайды
«Атамекен» палатасы карантинге байланысты жұмыс істеуіне рұсат берілмей отырған кәсіпкерлердің қызметін кезең-кезеңімен қайта жандандыруды ұсынады. Ал Үкімет бизнес барлық санитарлық нормалар мен цифрлық мониторинг талаптары қатаң сақтаса, ҰКП ұсынысын қарауға дайын екен.
Палата баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, «Атамекеннің» бастамасы бойынша, жұмыс істеуіне 9 ай бойы тыйым салынған сала өкілдері өз проблемаларын ҚР Премьер-министрінің орынбасары және ведомствоаралық комиссия төрағасы Ералы Тоғжановқа тікелей айтқан.
Онлайн кездесуге ҰКП Басқарма мүшелері, кәсіпкерлер, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларының әкім орынбасарлары, сондай-ақ денсаулық сақтау, ішкі істер, цифрлық даму министрліктері басшылығының өкілдері қатысыпты.
Караоке мен компьютерлік клубтар, бильярд, боулинг, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары, фудкорт пен банкет залының иелері олардың қызметіне қатаң тыйым салу – көлеңкелі нарыққа жол ашатынын бірнеше рет айтып, мәселе етіп көтерген.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкерлер санитарлық дәрігердің позициясын және коронавирус таралуы қаупін түсінетінін айтып өтті.
«Бірақ біз тыйым салып, бұлар жұмыс істемейді дегенімізге қарамастан, адамдар осы нысандарға баруын тоқтатпады. Нәтиже ретінде біз нақты ситуацияны байқамай отырмыз, кәсіпкерлер жасырын жұмыс істеп, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасалып жатыр. Сондықтан бизнес нысандарының жүмысын аса мұқият, кезең-кезеңмен ашуды бастауымыз керек», – деді Мырзахметов.
Палата басшысының айтуынша, пандемия басталғалы «Атамекен» мен мемлекет арасында құрылымды диалог орнап, соның нәтижесінде бизнестің 90%-ы бірқатар шектеумен болса да жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Алайда 13 мың кәсіпкердің қызметіне әлі де тыйым салынған. 1-14 желтоқсан аралығында ҰКП 42 мың кәсіпкер арасында сауалнама жүргізген, оның 90%-ы – шағын кәсіп өкілдері.
Респонденттердің тең жартысы қаржы тұрақтылығы нашарлағанын, кіріс жоғын (43%), сұраныс төмендегенін (26%), жалдау құны (27%), мен коммуналдық қызметтерді(15%), салық төлей алмай (15%), қызметкерлерге еңбекақысын бере алмай, шаруасын жүргізуге қаражат жетіспей жатқанын (13%) айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 10%-ы жақын арада кәсібін жабуға мәжбүр болмақ.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева кәсіпкерлер өз қаржы ағынын, кіріс-шығысын мереке алдындағы қосымша тапсырыс пен түсімдерді ескере отырып есептейтінін атап өтті.
Осы себепті бизнес жұмысқа тезірек кірісу үшін санитарлық нормаларды сақтау бойынша қосымша міндеттемелер алуға дайын. Happylon балалар ойын-сауық паркі желісінің басқарушысы Ләззат Тұрсынбаева болса, СОО-ның балалар аймағында қауіпсіздік қамтамасыз етіп, тіпті шағын 40-минуттық ертеңгілік өткізе алатындарын жеткізді.
«Сауда орталықтарында заманауи желдету жүйесі орнатылған, балалар ойын алаңдарының аумағы әр балаға 4 шаршы метрден асады. Оған қоса, төбесі де биік, 10 метрден асады. Мәселен, біздің ойын алаңымыздың биіктігі – 17 метр. Мұндай жағдайда ауа жақсы алмасады, біз бір уақытта сағатына 100 балаға қызмет көрсете аламыз, ал әр 30 минут сайын тазалау жұмыстарын жүргіземіз», – деді кәсіпкер.
Мейрамхана иелерінің пандемия кезінде табысы 40%-ға кеміген, кәсіпкерлер коммуналдық қызмет алдындағы міндетін өтей алмай отыр, сондықтан жұмыс уақытын түнгі бірге дейін ұзартуды сұрайды.
Шығынға батып, көлеңкеге кеткен тағы бір сала – компьютер клубтары. CYBERDOM тең құрылтайшының бірі Максим Исаевтың айтуынша, Нұр-Сұлтанда 120 клубтан 40 клуб жабылып қалған, қалған 80%-ы жасырын жұмыс істеп жатыр.
Жұмысқа кезең-кезеңмен рұқсат беруді бильярд иелері сұрап отыр. Салалық қауымдастық басшысының пікірінше, олар ойын-сауық нысандарына қателікпен жатқызған, өйткені бильярд спорт нысандарына жатады. Нысандар санитарлық нормаларға сай, олар жұмыс бастап, бизнесті сақтап қалу үшін дәрігерлердің барлық талаптарын орындауға дайын.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовқа караоке, фуд-корт, боулинг, асхана, банкет залдары, балалардың ойын-сауық алаңдарындағы санитарлық талаптарды сақтау бойынша бизнес ұсынған ұсыныстарды қарастыруды тапсырды. Алайда, Ералы Тоғжанов вирустың қайта өршуіне жол бермеу үшін жұмысты мұқият жасау керегіне назар аудартты. Ведомствоаралық комиссияның келесі отырысында мейрамхана кафе мен асханалардың жұмыс істеу уақытын қайта қарау туралы ұсыныстар қаралатын болады.