Инвестиция

«Суды көп қажет ететін дақыл егістігін азайту керек» – Экология министрлігі

Трансшекаралық өзендерден келетін су жылдан-жылға азайып барады

Қазақстанда суармалы жерлерге қажетті судың көп бөлігі трансшекаралық өзендерден келеді. Жыл сайын көршілес елдерден келетін судың азаюына байланысты мемлекеттік бағдарламалар аясында жүйелі жұмыс атқарылуы керек. Осы ретте Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Сембай Сейсенов суды көп қажет ететін дақыл егістігін азайту керегін алға тартты. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, су саласының өкілдері «Атамекен» телеарнасының тікелей эфирінде су тапшылығын азайтуға бағытталған шараларды талқылаған.

«Жергілікті атқарушы органдар күріш егетін шаруаларға су тапшылығы мәселесін түсіндіруі керек. Су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда: Қызылорда облысында – 15 мың, Алматы облысында – 10 мың,  Түркістан облысында 4 мың гектарға азайту қажеттігі туып тұр. Басқа дақылдарды егуге көшу қажет. Бұл бір куб километр  суды үнемдеуге мүмкіндік береді»,– дейді Сембай Сейсенов.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров өңірде егістікке арналған 178 мың гектар жердің 159 мың гектарын күріш алқаптары алып жатқанын айтады. Оның сөзінше, облыста тиісті шаралар жедел атқарылмаса, су проблемасы жыл өткен сайын күрделене береді.

«Былтыр 89 мың 500 гектарға күріш егілген. Биыл соны 84 мың 400 гектарға азайтуды жоспарлап отырмыз. Меморандум бойынша 75 мың гектарға дейін қысқару керек еді. Сонымен қатар су тапшылығының алдын алу мақсатында жаңбырлатып суару, тамшылатып суару мәселелерін қолға алып жатырмыз. Жаңбырлату әдісімен 67 мың гектарға жүгері, 10 мың гектарға жоңышқа, тамшылату әдісімен 3 мың гектарға қызанақ егу жоспары бар»,– деді ол.

«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев облыста тамшылатып суару әдісіндегі егістіктер алқабын биылғы 20 мың гектардан 50 мың гектарға жеткізу жоспарланып жатқанын жеткізді.

Су ресурстары комитетінің төрағасы аталған шаралардан бөлек елдегі 119 су магистарльдік каналдарын қайта жөндеуден өткізіп, цифрландыру технологиясын енгізу жоспары бар екенін де айтты.

22 желтоқсанда ҚР Үкіметінің отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 2020 жылдың вегетациялық кезеңінің қорытындылары туралы баяндама жасап, су тапшылығын болдырмаудың нақты амалдарын ұсынған.