2021 жыл Қазақстан экономикасы үшін биылдан да ауыр бола ма?

Жарияланды
Ұлттық банк өз болжамын жария етті

2020 жыл да аяқталуға таяу. Бұл жылды сипаттап жатудың өзі артық. Көктемгі қатаң локдаун, ұлттық валютаның құлдырауы, мұнай бағасының тұрақсыздығы, жыл соңына қарай инфляцияның ырыққа көнбей, азық-түлік бағасының қымбаттауы, ел бюджетінің бірнеше миллиард теңгеден айырылуы – экономикалық ахуалдың қай деңгейде екенінен хабар берсе керек. Осы орайда Ұлттық банк келер жылға болжам жариялады. 

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, эпидемиологиялық жағдай тұрақталса, соған сай әлемдік экономика мен ішкі сұраныс қалпына келсе, 2021 жылдың екінші жартысына қарай жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) жағымды зонаға қарай ауысады. 

«Келесі жылдың қорытындысы бойынша өсім қарқыны 3,7–4,0 пайыз болады. 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында осы өсім қарқыны сақталады деген болжам бар. Эпидемологиялық жағдайдың жақсаруы тұтынушылар арасында белсенділікті арттырып, еңбек нарығындағы жағдайды қалпына келтіреді, халықтың шынайы табысы мен тұтыну несиелерінің артуына ықпал етеді. Инвестициялық белсенділік те қарқын алады деген болжам бар. Бұған ішкі және сыртқы сұраныстың артуы, дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен кейінге шегерілген инвестициялық жобалардың орындалуы себеп болады. Бірқатар өңірде карантиндік шектеулерді қайта енгізумен күшейген ішкі сұраныстың айтарлықтай айқын дезинфляциялық ықпалына байланысты инфляция болжамы төмен қарай қайта қаралды. Жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,3–7,5 пайыз шегінде бағаланып отыр» дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов. 

Бұл орайда ҰБ-ның 2021 жылдың соңына қарай инфляцияға болжамы 4-6 пайыз аралығында деп көрсетіледі. 

Пандемия азық-түлік бағасының да қымбаттап кетуіне елеулі «үлес қосты».  

«Азық-түлікке деген сыртқы бағалар Қазақстанның негізгі сауда серіктесі саналатын Ресей инфляциясына да әсер етіп отыр. Қарашадағы қорытынды есеп бойынша, Ресейде инфляция 4,4 пайызға жеделдеп, Ресей Банкінің қазан айындағы болжамынан асып түсті. Инфляцияның бұлай тез қарқын алуына – қант пен өсімдік майының қымбаттауы және астыққа деген әлемдік бағаның шарықтауы тікелей себеп болды. Жаздың екінші жартысынан бастап, азық-түлік инфляциясы баяулады. Қараша айында жылдық өсім 10,8 пайызды құрады. Біз азық-түлік инфляциясы бұдан кейін де төмендейді деген болжам жасап отырмыз. Әлемдік азық-түлік нарығындағы шоктардың ішкі бағаға әсер етуі көптеген факторларға байланысты. Оның әсер ету деңгейі импортқа тәуелділіктің үлесімен, көлік және транзакциялық кідірудің деңгейімен, сауда және протекционистік саясатпен, нақты бір ауыл шаруашылығы саласының субсидиялану деңгейімен, валюта курсының өзгеруімен және тағы басқа факторлармен негізделуі мүмкін» деді Баймағамбетов. 

ҰБ болжамынша, келер жылы бюджет тапшылығы 6,5 млрд долларды құрайды. Бұл бірқатар фактормен байланысты екен. Атап айтқанда: 

•    Шикізат нарығындағы бағалар баяу қалпына келеді, ал, мұнай өндірісі мен экспорт көлемі көп көбеймейді; 
•    Мұнай бағасының өсуі аз да болса шикізат секторында жұмыс істейтін шетелдік тікелей инвесторларға төлем жасау деңгейін арттырады; 
•    Экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің артынан импорттық тауарларға деген ішкі сұраныс артып, оны инвестициялық бағдарламалар мен бастамалар қолдап отырады.

«Біз, экспортқа қарағанда импорт тез өсіп, сауда балансының жақсаруын ұстап тұрады деп күтіп отырмыз. Ең көп өсім инвестициялық және аралық тауарлар бойынша болады деген болжам бар. Азық-түлік және азық-түлік емес тұтыну тауарларының импорты біздің есебіміз бойынша 2020 жылы да азаймаған, 2021 жылы өсімін жалғастыра береді» деді ҰБ өкілі. 

Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, Ұлттық банктің биыл базалық пайыздық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде сақтап қалуы 2021-2022 жылдары инфляция бойынша мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бермек. 

«Біздің шешім елдің ішкі жағдайы мен сыртында болып жатқан құбылыстардың әрі қарай дамуы жақсы болатынына сүйенген салмақты бағалау мен мұқият талдауларға негізделген. Кәсіби қатысушылар арасында жүргізілген сауалнаманың қорытындысы да нарық күткен жағдай Ұлттық Банктің жағымды шешімімен сәйкес келгенін көрсетті. Біздің болжамдарымыз бойынша, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі ставкасында көрсетілген қарапайымдылық үшін сыртқы ақша шарттары болжамды кезеңнің соңына дейін нөлге жуық болады деп топшылаймыз. Сонымен бірге дамыған елдер «өтімділік тұзағына» байланысты сұранысты ынталандыру үшін дәстүрлі емес әдістерді қолданады.т Бұл да жұмсақ әлемдік монетарлық жағдайларын сақтайды. Экономикасы дамыған елдердегі елеулі дефляциялық тәуекелдерді ескере отырып, нөлге жақын ставка кезеңі жеткілікті ұзақ болуы мүмкін. Көп нәрсе әлемдік сұраныстың қалпына келу жылдамдығына, вакцинаның таралуына және эпидемиологиялық жағдайдың қалыпқа келуіне байланысты» дейді спикер. 

Сондай-ақ оқыңыз