Балық шаруалышығы саласын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында балық өнімдері өндірісін шамамен 30 есеге – 9 мыңнан 270 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. 500-ден астам жаңа шаруашылық пен 50 мың жұмыс орны құрылады. Бүгін Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балық шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды.
Аталмыш бағдарлама аясында балық өнімдерінің экспорты жылына 30 мың тоннадан 136 мың тоннаға дейін артып, ал импорт жылына 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендеуі тиіс. Сонымен қатар халықтың балық тұтынуы екі есе артып, 2030 жылға қарай биылғы 67 мың тоннадан 134 мың тоннаға жетуі керек.
Қазақстанның балық өнімдері нарығының 2019 жылғы жалпы көлемін құрылымы мынадай: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру –7,4 мың, экспорт – 30 мың, ал импорт – 45 мың тонна.
Қазақстандағы балық саласының жай-күйі мен даму перспективалары туралы баяндама жасаған экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, балық өсіру – балық саласын дамытудағы қарқынды өсіміне айналуы тиіс.
Осыған орай, министрлік ғалымдар мен сарапшыларымен бірлесіп, балық саласының дамыту потенциалына талдау жүргізіпті.Соның нәтижесінде республиканың су айдындарында жылына алты жүз (600) мың тоннаға дейін балық өсіруге болатыны анықталған.
«Бұны біз кезең-кезеңмен іске асыруды жоспарлап отырмыз. Болжам бойынша әлеуеттің қырық бес (45%) пайызына 2030 жылы, ал қалған елу бес (55%) пайызына 2040 жылға дейін қол жеткізілетін болады», – деді Мырзағалиев.
Осы мақсатта министрлік облыс әкімдерімен бірлесіп балық шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламаларын әзірлеген. Оларды жүзеге асыру үшін 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.
«Балық шаруашылығын табысты дамыту үшін біз 4 негізгі факторды анықтадық.
➢ Бірінші. Заңнаманы жетілдіру.
➢ Екінші. Сапалы балық шабақтарымен қамтамасыз ету.
➢ Үшінші. Балық жемінің өндірісін жолға қою.
➢ Төртінші. Кадрлық қамтамасыз ету», –деді министр.
Бағдарламаны сәтті жүзеге асыру үшін балық өсіру шаруашылықтарын сапалы шабақтармен қамтамасыз ету аса маңызды.
Қазіргі кезде елімізде он бес балық питомнигі бар. Олар карпі тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын он екі пайызға және бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын 66)-ға қамтамасыз етеді. Ал форель, сиг және басқа да құнды балық түрлерінің шабақтары импортталады. Бұл ретте 10 жыл ішінде шабақтарға қажеттілік екі жарым (2,5) млрд. дананы құрайды.
Балық саласын дамыту үшін оңтайлы жағдай жасауға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды қысқартуға бағытталған заңнамалық түзетулер Парламенттің қарауында жатыр, бұл саланың одан әрі дамуына серпін береді.