Баспана үшін зейнетақы қаржысын пайдалану бойынша қай жерде, қалай өтініш беруге болады? Отбасы банкі ресми жария етті
Отбасы банкі 2021 жылдың қаңтар айынан бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы қаражатын пайдалануға арналған онлайн платформаны іске қоспақ. Клиент ЭЦҚ кілті арқылы авторизация жасап, онлайн түрде өтініш бере алады.
Клиент өзінің жеке кабинетінде қаражатты пайдалану мақсатын көрсетіп, қажетті құжаттар тізімімен танысады. Әр мақсат бойынша жеке құжаттар тізімі бекітілген. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, ережеде 8 мақсат қарастырылған.
БІРІНШІ МАҚСАТ.
Кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысу, онда сіз меншігіңізге тұрғын үй сатып аласыз. Бұл сатып алу-сату шарты, үлестік қатысу шарты, жекешелендіру шарты, тұрғын үй құрылысы кооперативіндегі үлестік қатысу туралы шарт, бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау шарты болуы мүмкін. Тұрғын үйдің құнын толық төлеу үшін сатып алудың барлық мүмкін тәсілдері қарастырылған.
ЕКІНШІ МАҚСАТ.
Ипотека бойынша бастапқы жарнаны төлеу.
ҮШІНШІ МАҚСАТ.
Қолданыстағы ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу. Бұл негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу. Айыппұлдар мен өсімпұлдар қабылданбайды.
ТӨРТІНШІ МАҚСАТ.
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу. Өз ерекшеліктері бар болғандықтан, оны бөлек етіп шығарған.
БЕСІНШІ МАҚСАТ.
Қайта қаржыландыру.
АЛТЫНШЫ МАҚСАТ.
Сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді аренда бойынша қарыздарды толық өтеу.
ЖЕТІНШІ МАҚСАТ.
Өтініш берушінің құқықтарын жақын туыстарына беру мәселесі. Ата-аналар, балалар, аға-інілер, апа-сіңлілер зейнетақы жинақтарының бір бөлігін осы пайданы алушы адамның пайдасына бере алады.
СЕГІЗІНШІ МАҚСАТ.
Қардыны емделуге қолдану үшін арнайы қосымша бар. Бұл ереже қоғамдық тыңдауға ұсынылды. Қазірдің өзінде оны 2,5 мыңнан астам адам қарап, 30-ға жуық пікір жазған.
Еске салайық, 23 желтоқсанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалану құқығын беретін заң қабылданды.
«БЖЗҚ-да жинақтары бар, тиісті жаста «жеткіліктілік шегінен» асатын соманың бір бөлігін пайдалана алатын жұмыс істейтін азаматтарға құқық берілетін болады. Осындай 760 мыңға жуық азамат бар. Орта есеппен бір адамға 2,3 млн теңгеден келеді. Белгілі бір сома салымшының шотында қалуы тиіс» дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасов.
Екінші санат – зейнеткерлер. Олар зейнетақысының жиынтық мөлшері айырылған табыстың 40 пайызы деңгейінде алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда, жинақтардың жартысына дейін пайдалана алады. Мұндай қазақстандықтардың саны 170 мыңға жуық. Орта есеппен, әрқайсысына жарты миллион теңгеден келмек. Ал үшінші санат – зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да жинақтары бар азаматтар. Онда орта есеппен 23 мың адамның әрқайсысына 2,5 млн теңгеден келеді.
«Жалпы, осы үш санат бойынша шамамен 1 млн адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға, алуға құқылы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – қартайған шақта тұрақты кірістермен қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Сондықтан барлық азаматтарға зейнетақы жинақтарының ахуалын және отбасының қажеттілігін ескере отырып, оларды алып қою мәселесіне байыпты қарау ұсынылады. Үкімет зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалану жөніндегі өкілетті операторды айқындайтын болады. Бірінші кезеңде «Отбасы Банкті» белгілеу ұсынылады. Барлық механизмдер ережелерде көрсетіледі. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі қағидаларды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, емделуге ақы төлеу мәселелері бойынша денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаңтар айында заңға байланысты барлық нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығын беру тетігін толығымен іске қосамыз» деді вице-министр.
Өз кезегінде «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов салымшыдан түскен өтінімді қарау рәсімі қалай және қанша уақытқа созылатындығын айтып берді.
«Жинақтарының бір бөлігін алу туралы шешім қабылдайтын немесе шешім қабылдаған азаматтар үкімет айқындайтын тұрғын үй сатып алу және емдеу мәселелері жөніндегі өкілетті операторға жүгіне алады. Мұндай оператор «Отбасы банк» ТҚЖБ болады деп болжануда. Салымшының қажетті құжаттарын қарағаннан кейін өкілетті оператор зейнетақы жинақтарын салымшы өз өтінімінде анықтап, көрсеткен мөлшерде аудару үшін БЖЗҚ-ға тиісті хабарлама жібереді. Бұл ретте салымшы бірден жеке табыс салығын төлеу тәсілдерінің бірін таңдауы тиіс. Жаңа салық кодексіне сәйкес, азаматтар ЖТС екі жолмен төлейді: жинақтарды алған кезде толық көлемде төлеу немесе мерзімін ұзарту. ЖТС зейнеткерлік жасқа жеткен кезде бөліп төленеді. Одан әрі БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының барлық криетрийлерге және алу талаптарына сәйкестігін тексереді. Өкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде өкілетті операторға зейнетақы жинақтарынан тиісті аударымды жүзеге асырады, ол өз кезегінде бір жұмыс күні ішінде салымшының жинақтарын арнайы шоттарға аударады, онда ақша 45 жұмыс күн бойы сақталады» деп түсіндірді зейнетақы қорының басшысы.
Егер салымшы белгіленген мерзімде қаржыны пайдалану мақсатын таңдамаса, ақша кері қайтарылады. Зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасын БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильдік қосымшадан білуге болады.