Жаңалықтар

Автокредиттің артықшылықтары мен кемшіліктері

Бұл мәліметтерді сіз әлі білмеуіңіз мүмкін

Автокөлікті несиеге алу үшін, әлбетте, автокредит тиімдірек. Өйткені мұнда пайызы төмен, шарттары да оңай. Десек те, таяқтың екі ұшы болатындай, мұның артықшылығымен қатар, кемшілігі де болады. Бүгін сіздерге автокредиттің қыр-сырын жан-жақты ашып береміз. 
Артықшылықтары қандай?

Бүгінде автокредитті көптеген банктен рәсімдеуге болады. Автодилер бастапқы жарнаны да аса көп сұрамайды. Несиелендіру бағдарламасын таңдап, тез арада өз атыңызға жазып ала аласыз. Орта есеппен қазіргі таңда машинаның құнының 10 пайызындай мөлшерде бастапқы жарна құюға болады. Кейде одан сәл көп болуы да мүмкін. Сонымен бірге қанша пайызын салуды ерікті түрде өзіңіз де таңдасаңыз болады. Сонымен бірге қолайлы бағдарламаны да таңдауға еріктісіз. 1-5 жыл аралықта алуға болады. Әрине, үстіне қосып төлейтін сома аз болуы үшін аз мерзімге алу керек. Неғұрлым жылын созған сайын, қосып төлейтініңіз көбейеді. Кей банктерде экспресс рәсімдеу тәсілі бар. Мұндайда табысыңыз туралы анықтама көрсету сұралмайды. Бар болғаны жеке басыңызды куәландыратын және жүргізуші куәлігіңізді көрсетсеңіз болғаны. Ескеретін жайт — бұл жағдайда пайызы жоғары болады. Trade-in тәсілі арқылы көлік ауыстыратын болсаңыз, мінген машинаңызды жаңасына алмастыруға болады. Яғни соманың бір бөлігі ескі көлігіңіздің есебінен төленеді. Жалпы алғанда автокредитті рәсімдеу көп уақыт алмайды. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген автонесие бағдарламалары бар. Құлағыңыз түрік жүрсе, өтінім қабылдай бастағанда құжат тапсырсаңыз, үлгере аласыз. Мұның артықшылығы — шарттары бойынша өте тиімді, пайызы төмен.  Автокредит арқылы тек жаңа көлік алу керек деген жаңсақ пікір бар. Ал негізі қолдан алуға да болады.  

Кемшіліктеріне келсек

Автокредитті көп банктен алуға болғанымен, кез келген адам ала алмайды. Мысалы зейнеткерлерге, студенттерге кепілзатсыз бермейді. Сонымен бірге кей банктер сіз туралы жағымсыз пікір берсе, кредит тарихыңых нашар болса да рәсімдеуге келгенде мәселе туындауы мүмкін. Сондай-ақ, бірнеше кредиті барлар, жұмысқа жаңа орналасқандар, табысы аз адамдар да онша емес жауап алуы ғажап емес. Өйткені банк сіз туралы мағлұматтың бәрін тәптіштеп тексереді.  

Қарызға алған соң, оны толық төлемейінше машинаның техпаспорты банктің иелігінде болады. Қандай да бір форс-мажор жағдай болып, клиент әрмен қарай кредитті төлей алмайтын болса, машинаны банк арқылы ғана сата алады. Жалпы алғанда автокөлік кепілзат саналады. Яғни осыған дейін де айтқандай, қарыздан толықтай құтылғанша, банктің меншігінде тұрады. Сондықтан клиент төлей алмай қалса, ұйым машинаны тартып алуға құқылы. Сөйтіп техпаспорттан айырыласыз әрі осыған дейін төлеген ақшаңызды да қайтармайды. Осындай үлкен бір кемшілігі бар. Сол себепті машинаны кредитке алғанда ай сайынғы сомасын есептетіп, нақты төлей алатыныңызға көз жеткізу шарт. Әрине, кредиттің басқа түрлері секілді ай сайынғы төлемді кешіктірсеңіз, үстемақы қосылады.