Бірінші қабаттан пәтер алса не болады?
Көпқабатты тұрғын үйден пәтер қараған кезде бірінші қабаттағы үйлердің бағасы біршама арзандау болатынын байқаған боларсыз. Сонда олардың бағасы неге төмен? Демек, бірінші қабаттағы пәтер сапасыз деген сөз бе? Бірақ кіріп-шығуға қолайлы екенін ескерсек, қайта тіпті жақсы емес пе? Осы сынды екіойлы болып жүрсеңіз, таразының басына бірінші қабаттағы пәтердің плюстері мен минустерін қоюды жөн көріп отырмыз. «Арғы жағын айтпаймын, ішің білсін әлу-ай» демекші, біздің міндет — тізбектеп, барды — бар, жоқты — жоқ деп айту ғана. Шешім мен соңғы сөз — өзіңізде.
Кемшіліктері қандай?
Даладан естілетін шу
Бұрынғы ескі үйлердің бірінші қабаты есіңізде ме? Өте жаман иіс шығып тұратын жертөле, оның ішіне бала кіріп кетпесін деп шыр-пыр болып жүрген ата-ана. Ал қазір енді мұндай қолаңса иіс жоқ. Заман не дегенмен дамыды. Сонда да бірінші қабаттағы пәтерлердің кей адамдарға ұнай бермейтін тұстары табылады. Соның бірі — шу. Негізі көпшілігі онсыз да сырттан, жұмыстан шаршап келгенде, үйге барып тыныққысы келеді. Ал бірінші қабатта тұратын болсаңыз, есік алдында отырған көршілеріңіздің гүбір-гүбір әңгімесіне еріксіз құлақ түруіңізге тура келеді. Одан қала берді, қазір тұрғын үйлердің денінде балаларға арналған алаңқай дәл үйдің алдында. Сондықтан доп теуіп, гироскутерге мініп, музыканы бар даусына қойып жүретін балалар аз болмайтынын ескеріңіз. Егерде терезеңіз қалаға, жолға қарай қараса, машинаның шуынан құлақ ауырады. Кептеліс кезінде бір-бірін жұлып жеп қоярдай дабыл қағатындарды қайтесіз? Әйтсе де, қазір сапалы құрылыс материалдарының көмегімен сырттағы дауысты ішке кіргізбейтіндер етуге болады. Одан қала берді, бөлменің ауасы тазаруы үшін міндетті түрде терезе ашу керек деген заң жоқ. Қаласаңыз, ауа ылғалдандыратын құрал сатып ала аласыз. Болмаса, қапырық болып кетсе, кондиционер орнатып қойсаңыз, тіпті жақсы.
Ұры-қары көп болады
Бұл енді бұрыннан белгілі. Себебі бірінші қабаттағы үйге терезе арқылы болсын, балкон арқылы болсын кіру оңай. Секіріп түсу де қиынға соқпайды. Сондықтан ұрылардың сүйікті нысанасы — төменгі қабаттағы пәтерлер. Байқасаңыз, қаланың үйлерінде бірінші қабатта «жалаң» терезе көрмейсіз. Бәрінде дерлік темір тор бар. Бүгінде тіпті ерекшелік ретінде экстерьерге әдемі үйлестіріп қоятындар да бар. Керемет емес пе? Сонымен бірге соққыға қарсы әйнектер мен сигнализация орнатуға да болады.
Шаң-тозаң
Көшенің шаң-тозаңы бірінші қабаттың терезесіне үйір болады. Ашып қойсаңыз, ішкі кіруден еш тайсалмайды. Демек, жоғарыдағы көршілеріңізге қарағанда үй тазалығын сіз жиірек жасайсыз деген сөз. Әйтпесе, тез шаң басады.
Жертөле мәселесі
Айтқандай, ең негізгі жағымсыз тұстарының бірі — жертөле. Бұл дегеніміз, қыста еден салқын болуы мүмкін екенін білдіреді. Соған байланысты сізге жылы еден төсеуге тура келуі мүмкін. Екіншіден, қанша жерден заманауи тұрғын үйлерде иіс болмайды десек те, түбегейлі таза деп те сеніммен айта алмаймыз. Үйіңізден иіс шығуы ықтимал. Үшіншіден, жертөленің ылғал екенін ескерсек, ол жерде тышқан, тарақандар толып жүруі мүмкін. Ал ол дегеніміз — сізге олардың бір күні қонаққа келуі мүмкін деген сөз. Сондықтан бірінші қабаттан үй алмас бұрын жертөлесіне түсіп, қарап алыңыз. Жөндеу жасалғанына мән беріңіз. Болмаса, сол жерде бұрыннан тұрып келе жатқандардан сыр тартып, жағдайы қандай екенін сұрастырып көрсеңіз де болады.
Терезеден сығалауы мүмкін
Ауылдағы кездер еске түсіп кетті ме? Қалада да терезеден сығалайтындар табылады. Жалпы алғанда бірінші қабатта тұру деген — өсектің нысанына айналу деуге болады. Себебі сіздің өміріңіз сырттағылардың назарына ерекше аударады. Терезе кешке қарай ашық қалса, тіпті әңгімеге арқау боласыз. Бөтен көз қарағыштап, не істеп жатқаныңызға көз тастайды. Ол үшін біріншіден, үнемі терезені жауып жүру керек. Одан басқа амалы — айналы пленка. Егер орнатып қойсаңыз, сізге сырттағылар көрінгенімен, сізге ешкім көз сала алмайды. Осылайша емін-еркін жүре бересіз. Тағы бір айта кетерлігі, ел ішінде «хрущевка» аталып кеткен үйлерге қарағанда жаңа тұрғын үйлер биіктеу салынған.
Темекі түтіні
Подъездің алдына шығып, темекінің түтінін будақтататын көршілер аз емес. Сіздің айналаңыздан да табылуы мүмкін. Мұндай жағдайда одан шыққан иіс сіздің пәтеріңізді жайлайды. Екінші, тіпті үшінші қабатқа да жетуі мүмкін. Бастысы, көршіңізбен бейбіт жолмен бітімге келсеңіз болғаны.
Артықшылықтары қандай?
Бағасы арзан
Жаман тұстарын тізбелеп шықтық. Енді жақсы тұстарын да атап шықсақ. Бірінші қабаттағы үйлердің бағасы төмендеу болады. Оған не себеп? Себептің бәрін жоғарыда атап шықтық. Осы кемшіліктеріне байланысты бағасы басқа қабаттағы үйлерден арзандау болады. Сондықтан көп жағдайда бюджеті шектеулі болса, бірінші қабаттан үй алады.
Қартқа да, балаға да жақсы
Бағасынан бөлек қолжетімді тұстары бар. Бұл артықшылық, әсіресе, кішкентай баласы не жасы егде қарты бар отбасыларға арналған. Себебі лифтілер кейде істен шығып қалып атады. Мұндайда ата-әжелер жоғарыға шыққанша шаршап қалатын болса, сәбиі барларға баланың арбасын көтеріп шығу оңай емес. Сонымен бірге велосипеді бар тұрғындарға да бірінші қабаттан үй алған жақсы. Себебі ауыр көлігін тасып әуре болмайды.
Төменде ешкім тұрмайды
Өмір болған соң, кейде үстідегі, кейде астыдағы көршілермен сөзге келіп қалып жатамыз. Әсіресе, балалары қатты шулайтын болса, музыканы даңғырлатып қоятын болса қолайсыздық көп туады. Ал бірінші қабатта тұрсаңыз, ұрсысып қалу ықтималы азаяды. Мұны да артықшылық деп қарастыруға болады деп ойлаймыз. Сонымен бірге төмендегі үйге су кетіп қалу деген мәселе сізді мазаламайды. Балаларыңыз да емін-еркін жүгіре алады.
Бизнес көзіне айналдыруға болады
Әдетте, бірінші қабатта түрлі дүкен мен кеңсе орналасады. Сондықтан болашақта кәсіп ашуды ойласаңыз, сіз үшін жақсы нұсқа деуге болады. Тұрғын үйге арналмаған аумақ етіп алсаңыз, тіпті бағасын шарықтатып сатып жібере аласыз. Жалға алу жолдарын да қарастыруға болады. Кәсіпкерлер әдетте мұндай нұсқаларды аңдып жүреді. Міне, назарыңызға артықшылықтары мен кемшіліктерін ұсындық. Басында айтып өткендей, шешім шығару өзіңізде. Байқасаңыз, минустың өзін плюске айналдыратын әдістер бар заманда өмір сүріп жатырмыз. Ендеше, қалауыңыз білсін. Қоныс жайлы болсын!