Грекия билігі шектеу шараларын 11 қаңтарға дейін ұзартты

Жарияланды
Таиландта 28 провинцияда карантин күшейтілді

Коронавирус әлем ахуалы: Рождество және Жаңа жыл мерекелері жеңілдік әкелмеді, эпидемиологтар болжағандай әлемде пандемия көрінісі нашарлады. Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК жұмысы туралы шұғыл ресми ақпарат Telegram каналы хабарлады.

Англияда мерекелік демалыстардан кейін барлық мектептерді бірінші сыныптар үшін ашуды, содан кейін жоғарғы сынып оқушыларын кезең-кезеңімен мектепке қайтаруды жоспарлаған. Алайда, індетті жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты билік бұл шешімінен бас тартты. Соңғы төрт күн қатарынан Ұлыбританияда коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 50 мыңнан асып түсті. Ауруханалар толып, ел билігі денсаулық сақтау жүйесі науқастардың санына төтеп бере алмаған жағдайда, көктемде дайындалған уақытша ауруханаларды ашуды жоспарлап отыр.

Грекия билігі карантиндік шектеу шараларын 11 қаңтарға дейін ұзартпақ. Елде қызмет көрсету кәсіпорындары, кітап дүкендері, шаштараздар мен сұлулық салондары, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциялары, сондай-ақ шіркеулер жабылады, аң аулауға және балық аулауға тыйым салынады. Тұрғындар үйден кешкі 21.00-ден таңғы 05.00-ге дейін шығуға тиым салынбақ, тек жұмысқа баруы керек адамдар мен медициналық көмекке мұқтаж адамдар үшін ғана рұқсат етілмек.

Германияның Денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан көптеген дүкендер, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары, мұражайлар, кафелер, мейрамханалар, мектептер мен балабақшалардың жабылуын қарастыратын қатаң локдаунды енгізуді ұсынды. Соңғы шешім 5 қаңтарда Үкімет пен федералды мемлекет басшыларының жиналысында қабылданады.

  Таиландта індетті жұқтырғандардың санының өсуіне жауап ретінде елдің 28 провинциясында карантин күшейтілді. Ел астанасы Бангкок қаласында жаңа шектеулер күшіне енді: барлық мектептер, спорт залдары, барлар мен массаж салондары екі аптаға жабылды. Бірақ сауда орталықтары, сұлулық салондары, бассейндер мен саябақтар жұмыс жасап тұр, келушілерден әлеуметтік арақашықтық және гигиеналық шаралардың сақталуы талап етілуде.

Оңтүстік Корея астанасында енгізілген қатаң шектеу шаралары бүкіл ел аумағында жүргізілетін болады. 17 қаңтарға дейін ел азаматтарына төрт адамнан асатын топтарға жиналуға тыйым салынады. Рождество алдында Сеулде енгізілген бұл тыйым індетті жұқтырғандардың санының өсуіне байланысты болған. Ел билігіңің айтуынша, барлық індетті жаңа жұқтырғандардың 40% -нан  астамы топтық іс-шараларда жұқтырған екен.

Түркіменстанда жолаушылар теміржол көлігінің қозғалысына шектеу 2021 жылдың 1 ақпанына дейін ұзартылды. Елдегі жолаушылар пойыздарының қозғалысы 2020 жылдың 16 шілдесінен бастап тоқтатылды. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында шетелдік әуе қатынасы, жолаушылар пойыздары мен қалааралық автобустардың қозғалысы тоқтатылған, мешіттер мен шіркеулер және сауда орталықтары да жұмыстарын тоқтатқан.
 

Сондай-ақ оқыңыз