2021 жыл Қазақстан экономикасы үшін қандай сый дайындап тұр?

Жарияланды
Биылдан бастап ОПЕК+ елдері қайтадан мұнай өндірісін көбейте бастайды

2021 жылдың әлем экономикасы үшін қандай жаңалықтар әкелерін әрине, ешкім де тап басып айта алмайды. Коронавирус індетінен соң пәлен деп болжам жасауға ауыз да бармайды. Дегенмен 2020 жыл енді қалай қимылдап, қандай қателіктерді жібермеу керек екенін ұғындырғандай. 

AERC экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуін және Ұлттық банктің ақша-несие саясатын қатаңдатуын ескере отырып, инфляция деңгейі 6,1 пайыз мөлшерінде болады деп болжайды. 

«2020 жылдың қорытындысы бойынша номиналды ақша табысы 6,9 пайызға өседі. 2021 жылы ұсыныстың сұраныстан асып түсуі ықтималдығы байқалады. Сол себепті, жалақы өсімі де төмендеп, номиналды табыс көлемі де азаюы мүмкін» делінеді AERC болжамында. 

Биылдан бастап ОПЕК+ елдері қайтадан мұнай өндірісін көбейте бастайды. Соның әсерінен Brent маркалы мұнай бағасы қайта қымбаттап, нәтижесінде бұл тенденция Қазақстан үшін де пайдалы болуы мүмкін. 

«Келісімнен кейін баға дереу көтеріліп кетті. Соншалықты жоғары өсім болады деп айту қиын. Өйткені экономика әлі күнге құлдырау жағдайында тұр. Елдердің экономикасы оңалып кете қоймады. 2021 жылы мұнай барреліне 40-50 доллар аралығында сатылады деп ойлаймын. Өз кезегінде Қазақстан тәулігіне 1,4 млн баррель мұнай өндіру туралы міндеттеме алған. Алайда еліміз бұл шекті мөлшерді сақтай қояды деп айта алмаймын. Қазақстан әрине, өтініш қылады. Бірақ шын мәнінде қанша өндіру керектігін компаниялар өздері шешеді. Сондықтан өзгеріс туындауы әбден мүмкін» дейді экономист Сергей Смирнов. 

Экономист Арман Байғанов та жақын күндері «қара алтын» бағасы кері құлдырайды деп болжаушылар қатарынан. 

«ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін арттыру туралы келісімі сондай бір максималды емес. АҚШ, Норвегия сияқты елдер өндірісті қарқынды арттыруға дайын отыр. Джо Байденнің билікке келуімен АҚШ Иран билігімен санкцияларды алып тастау бойынша келіссөз жүргізуді қайта бастайды. Сол кезде нарыққа тағы тәулігіне 2 млн баррель артық мұнай келіп түседі. Ондай жағдайда баға дереу көтеріліп, артынша күрт құлдырайды» дейді Байғанов. 

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен Еуразиялық даму банкінің сараптауынша, 2021 жылы теңге бағамы әлсірей түседі. Қаржыгерлер қауымдастығы 2021 жылдың соңында бір доллар 445,6 теңге тұрады деп болжаған. Сондай-ақ қауымдастық Brent бағасын барреліне 46,5 доллар болады десе, базалық пайыздық мөлшерлемені қазіргі 9 пайыз деңгейінде қалады деп есептейді. 

«12 айдан соң ЖІӨ өсімі 2,3 пайыз болады. Инфляциялық күтулер біршама әлсіреді. 12 айдан соң жылдық инфляция 7,3 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде» делінген қауымдастықтың қараша айында жариялаған есебінде. 

Ал Еуразиялық даму банкінің болжамынша, биыл теңге бағамы 423,8 теңге болмақ. 2022 жылы ұлттық валюта 433,5 теңгеге дейін әлсіреп кетуі ықтимал. Ресейлік сарапшылар болса биыл теңге біраз нығаяды деп отыр. Мәселен, аналитикалық кредиттік рейтингтік агенттік 2021-де 1 доллар 410,6 теңге маңайында болмақ десе, «Ренессанс Капитал» инвестициялық компаниясының ТМД және Ресей бойынша экономисті Софья Донец 1 доллардың құнын 410 теңге болады деп болжайды. 

Осыған дейін мәжіліс отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов алдағы жылдарға ведомствоның болжамын жариялаған еді. 

«Жылдық орташа жалпы ішкі өнім өсімі базалық сценарий жағдайында 4 пайызды құрайды. ЖІӨ реалды өсімі 2021 жылы 2,8 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6 пайызға жетеді. 2021 жылы номиналды ЖІӨ 76,7 трлн теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 104,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. 2021 жылы мұнай өндірісі 86 млн тоннаны құрап, аталған көрсеткіш 2025 жылы 100,7 млн тоннаға жетпек. Жалпы, барлық базалық салаларда жағымды өсім үрдісі күтіледі. Өңдеуші өнеркәсіптің қарқыны тау-кен өнеркәсібінен де асып түседі. Орташа жылдық өсім ауыл шаруашылығында – 6,2 пайыз, сауда саласында 5,5 пайыз болады. 2021 жылы тауар экспорты 41,4 млрд долларды құрайды деп болжанады. Сәйкесінше, импорт та 36,3 млрд доллардан 37,8 млрд долларға дейін артуы мүмкін» деген еді министр. 

Сол отырыста депутаттар «2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферті туралы» және «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдарды мақұлдаған болатын. Заңға сәйкес Ұлттық қордан 2021 жылы 2 700 000 000 мың теңге шығарылмақ. Тиісінше, 2022 жылы – 2  трлн 400 млрд, 2023 жылы 2 трлн  200 млрд теңге алу көзделген. 

Шағын және орта бизнесті қолдау да биыл да қарқынды түрде жалғаспақ. Министрлік мәліметінше, биыл бұл сала біршама цифрландырылады. 

«11 өңірде толық форматты офлайн-кеңселер бар. Енді 2021 жылдан бастап бизнес үшін онлайн платформалар ашып, тағы алты өңірде офлайн-кеңсе ашу жоспарланып отыр. Бұл бизнесті электронды формада дамытуға мүмкіндік береді. 2020 жылы бизнес-климатты жақсартуға арналған реформалардың сегізінші пакеті қабылданды. Бірқатар қызметтер электронды форматқа ауыстырылды. Жылжымайтын мүлікті сату кезінде қауіпсіздік деңгейі артты, құрылыс кезінде қойылатын талаптардың біразы азайды. Бизнеспен кері байланыс күшейтілді» деді министр. 

Халықаралық валюта қорының бағалауынша, 2020 жылы елдегі өндіріс 2,8 пайызға қысқарып кеткен. Соған қарамастан ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп және құрылыс саласы өз қарқындарын сақтап қалған. ХВҚ мемлекетік басқару секторының жалпы тапшылығы (жергілікті бюджет пен ұлттық қорды қоса есептегенде) 2020 жылдың қорытындысында ЖІӨ-нің 5,5 пайызына дейін артады дейді. 2021 жылы салық-бюджет саясаты экономиканы қалпына келтіруді қолдауға бейімділік танытады дейді олар. 
 
 

Сондай-ақ оқыңыз