Шариғат талаптарына сай келетін банк қызметін пайдаланғыңыз келе ме?

Жарияланды
Қазақстанда несиелеудің жаңа түрі серпін алып келе жатыр

Соңғы уақытта қаржы нарығында исламдық қаржыландыру ұғымы бекіп келе жатыр. Шариғат талаптарына негізделген қаржы ұйымдарының қызметін пайдаланушылардың да қатары артқан. 

Нарықтағы жаңа ағым туралы АПЕКС департаментінің директоры Әбілахат Балтабаев пен бағдарламалық құралдар департаментінің директоры Арсен Мұстафин Businessfm радиосының «Деловое утро» бағдарламасында исламдық қаржыландыру мен микронесиелеудің ерекшеліктері туралы айтып берген. 

«Исламдық қаржыландыру – несиелеудегі жаңа бағыт. ТМД-дағы алғашқы ислам банкі 2010 жылы Қазақстан және БАӘ үкіметінің келісімі негізінде құрылды. 2020 жылы «Даму» қоры алғаш рет шағын және орта бизнесті қаржыландыру мақсатында исламдық қаржыландыру принциптері негізінде біздің серіктестерімізді қаржылай қолдау бойынша келісімді жүзеге асырды. Біз исламдық қаржыландыру жүйесін ұзақ және мұқият зерттеп, зерделедік. Ол үшін өзге елдердің осы бағыттағы тәжірибесін қарап шықтық. Сәуір айында Al Hilal ислам банкімен келісім орнаттық. Қор кепілдіктер мен субсидиялар түріндегі исламдық несиелер алуға көмек ұсынды. Сол мақсатта исламдық қарыз бойынша субсидиялау мен үстеме ақы төлеудің жеке ережелері әзірленді. Қазір пандемияға қарамастан сұраныс бар екеніне көзіміз жетіп отыр» дейді Әбілахат Балтабаев. 

Эксперттердің айтуынша, дәстүрлі несиелеудің исламдық несиелеуден басты айырмашылығы – қарызды ұсыну принциптерінде. Яғни, қарыз ұсыну кезінде мұсылманның өмір салты мен шариғат талаптарын басты назарда ұстайды. Шариғат пайыздық мөлшерлеме белгілеуді немесе қарыз алушыдан қандай да бір сыйақы алуды құптамайды. Ысырапшылдыққа тыйым салады. Исламдық қаржыландыру ұғымына салсақ, мұнда ақшаны тек тауар құнын өлшейтін құрал ретінде ғана көреді. Сол орайда ислам қандай да бір тауарды бөліп төлеу ережесі арқылы сатуға, тауарға үстем ақы төлеуге рұқсат етеді. 

Қазір тәжірибеде қаржыландырудың екі негізгі құралы бар: мурабаха және иджар. Мурабаха бойынша қарыз алушы қолма-қол қаржыландыруға ие болса, иджар дегеніміз – дәстүрлі лизингтің аналогы. Сондай-ақ бұл өнімдерді пайдалану үшін мұсылман болу міндетті емес. Егер қарыз алушы несиені уақытылы төлей алмаса, сол себепті өсімпұл пайда болса, онда қарыз алушыдан өндірілген өсімпұл қайырымдылық мақсатқа жұмсалады. Қазіргі таңда Al Hilal банкі максималды 2 млрд теңгеге дейін несие береді. Сонымен қатар сарапшылар микронесиелеуге қатысты да түсінік берді. 

«Қазір елімізде микронесиелеу қарқынды дамып жатыр. ҚР қаржы нарығын қадағалау және дамыту агенттігінің деректері бойынша, Қазақстанда 233 микроқаржылық ұйым бар. Олардың бәрі Ұлттық банкке есеп береді. Олардың қызметі толықтай бақыланады. 2020 жылдың 1 қазанында портфель сомасы 380 млрд теңге болды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша шағын қаржылық ұйымдар 530 мың шағын несие берген, оның 450 мыңы кіші және шағын бизнесті өркендетуге жұмсалған. Кіші және шағын бизнес саласындағы кәсіпкерлердің басым бөлігі сауда саласында жұмыс істейді. Кәсіпкерлер қажет болған жағдайда микрозаймдарды үш жұмыс күні ішінде ала алады» дейді Арсен Мұстафин. 

Ережеге сәйкес жылдық тиімді мөлшерлеме 56 пайыздан, ал номиналды мөлшерлеме 44 пайыздан аспауы керек. Эксперттердің айтуынша, 2021 жылдан бастап лицензиялау енгізіледі. Ол лицензияны микроқаржы ұйымдары 2021 жылдың 1 наурызына дейін алып үлгеруі тиіс. 

«2016 жылдан бері барлық микроқаржы ұйымдары Ұлттық банкте тіркеуден өтуі тиіс. Микроқаржы ұйымдары қауымдастығының директоры микроқаржы ұйымдары үшін жарғылық капиталды 100 млн теңгеге дейін ұлғайту туралы ұсыныс айтты. Алайда аталған ұйымдардың кез-келген уақытта күрт қысқарып кетуі мүмкін екенін ескере отырып, Ұлттық банк бұл бастаманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы шешім шығарды. Қазір микроқаржы ұйымдарының 50-60 пайызы кепілсіз несие беріп жатыр. 

«Даму» қоры исламдық қаржыландыру бағыты бойынша Al-Hilal банкімен және «Қазақстандық Иджар Компания» лизингтік компаниясымен екі келісім жасады. Біздің серіктестерімізді қаржыландыру мерзімі – 7 жыл. Қордың басты міндеті – шағын және орта бизнесті қолдау. Қаражат тұтынушыға еш кедергісіз жетіп, игерілуі керек» деді сарапшылар. 

Tayyab цифрлы ислам банкінің негізін салушы Иван Каменскийдің айтуынша, Қазақстанның ислам қаржыландыруы саласында әлемдік маңызды орталыққа айналуға толық мүмкіндігі бар. Десе де Қазақстандағы ислам банктерінің әлеуеті әзірге айтарлықтай жоғары емес. «Ислам «Заман-Банк» басқарушы директоры Еркін Нұрбековтың айтуынша, ислам банктері жергілікті қаржы институттарымен тең дәрежеде емес. Ол біздегі ислам банктері Түркия еліндегідей мемлекеттік депозиттерді сақтандыру бағдарламаларына еркін қатыса алуы қажет деп санайды. 

«Сосын бізде ислам банктері жеңілдетілген автонесие және ипотека сияқты мемлекеттік бағдарламаларға да қатыса алмайды. Автонесие беру үшін елдің барлық аймағында филиал болуы шарт екен. Ипотека бойынша – банктің нарықтағы үлесі активтер бойынша 1 пайыздан артық болуы тиіс. Ал қазір екі ислам банкі қосылғанда активтері 0,25 пайыздан аз» дейді Еркін Нұрбеков. 

Сондай-ақ оқыңыз