Шетелдік қаржы ұйымдары Қазақстанда өз филиалдарын аша алады

Жарияланды
Қаржы реттеушісі қандай талаптар қояды?

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде қабылданған міндеттемелерді іске асыру шеңберінде, 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру брокерлерінің филиалдарын ашуға рұқсат берілді. Бұл туралы fingramota.kz хабарлады.

Қазақстан Республикасының аумағында қызметін бастау үшін шетелдік қаржы ұйымы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде филиал ашуға рұқсат алуға тиіс, одан кейін филиал Агенттіктің тиісті лицензиясын алуға тиіс.

Шетелдік қаржы ұйымына филиал ашу және қызметін бастау үшін мынадай талаптар қойылатын болады:

1) резиденті шетелдік қаржы ұйымы болып табылатын мемлекет АЖ/ТҚҚ саласында халықаралық ынтымақтастыққа қатысушы болып табылады, Ақшаны жылыстаумен күрес бойынша қаржылық шараларды әзірлеу тобымен (ФАТФ) ынтымақтасады;

2) Агенттік және резиденті шетелдік қаржы ұйымы болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы арасында ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы келісім жасалған;

3) шетелдік қаржы ұйымы мынадай шарттарға сәйкес келеді:

– Standard & Poors рейтингтік агенттігінің «ВВВ»-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе Moody’s Investors Service немесе Fitch агенттіктерінің осындай деңгейдегі рейтингі бар;
– резиденттік елінің аумағында банктің немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға қолданыстағы лицензиясы бар;
– филиал тарапынан міндеттемелер орындалмаған және (немесе) тиісінше орындалмаған жағдайларда, міндеттемелерді сөзсіз және дереу орындау туралы жазбаша міндеттеме ұсынды;
– шетелдік банк активтерінің ең аз көлемі 20 млрд АҚШ долларын құрайды;
– шетелдік сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы активтерінің ең аз көлемі 5 млрд АҚШ долларын құрайды, бұл ретте жұмыс тәжірибесі 10 жылдан кем болмауға тиіс.

Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетелдік қаржы ұйымы өз филиалына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде орналастырылуға тиіс және филиал қызметінің кезеңінде алынбауға тиіс резерв ретінде қабылданатын активтерді (меншік капиталына ұқсас) беруге тиіс:  

 1) шетелдік банктердің филиалдары үшін – 10 млрд теңге;

2) сақтандыру ұйымдарының филиалдары үшін саласына қарай:

«жалпы сақтандыру» – 1,5 млн АЕК;
«өмірді сақтандыру» – 1,5 млн АЕК;
«жалпы сақтандыру» және қайта сақтандыру – 2,1 млн АЕК;
«өмірді сақтандыру» және қайта сақтандыру – 2,1 млн АЕК;
қайта сақтандыруды қызметтің ерекше түрі ретінде жүзеге асырған кезде – 10,5 млн АЕК.

 

Сондай-ақ оқыңыз