«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, 1 қаңтардан ел азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге алу, сондай-ақ жеке басқарушы компаниялардың инвестициялық басқаруына беру құқығына ие болды.
БЖЗҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, салымшы жеткілік шегінен асатын ақшасын ем-домға жұмсағысы келсе, оны тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін ем және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін пайдалана алады.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығы кімдерге берілді?
– міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Нысаналы пайдалану құқығы жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар азаматға беріледі. Жеткіліктілік шегі әр жас үшін жеке анықталады.
– қалыптасқан зейнеткерлер (әлеуетті құрылымдар қатарындағы зейнеткерлерді қоса алғанда) – БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50% аспайтын шекте қолдана алады. Олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасы немесе еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалтқан табысын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда аталмыш құқықты пайдалануға болады.
– өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан тұлғалар жоғарыда аталған құқыққа ие.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін ең алдымен өз жинағыңызды тексеріп, жеке зейнетақы шотында жеткілікті шектен асатын, алуға болатын сома бар екеніне көз жеткізуіңіз керек.
Әр жас бойынша жеткілікті шек мынандай:
20 жас – 1 710 000 теңге | 40 жас-3 420 000 теңге |
21 жас – 1 780 000 теңге | 41 жас- 3 520 000 теңге |
22 жас – 1 860 000 теңге | 42 жас – 3 620 000 теңге |
23 жас – 1 930 000 теңге | 43 жас – 3 720 000 теңге |
24 жас – 2 010 000 теңге | 44 жас – 3 820 000 теңге |
25 жас – 2 090 000 теңге | 45 жас – 3 930 000 теңге |
26 жас – 2 170 000 теңге | 46 жас – 4 030 000 теңге |
27 жас – 2 250 000 теңге | 47 жас – 4 140 000 теңге |
28 жас – 2 330 000 теңге | 48 жас – 4 250 000 теңге |
29 жас – 2 420 000 теңге | 49 жас – 4 360 000 теңге |
30 жас – 2 500 000 теңге | 50 жас- 4 470 000 теңге |
31 жас – 2 590 000 теңге | 51 жас -4 590 000 теңге |
32 жас – 2 670 000 теңге | 52 жас – 4 700 000 теңге |
33 жас -2 760 000 теңге | 53 жас – 4 820 000 теңге |
34 жас – 2 850 000 теңге | 54 жас – 4 940 000 теңге |
35 жас – 2 940 000 теңге | 55 жас- 5 060 000 теңге |
36 жас – 3 030 000 теңге | 56 жас – 5 180 000 теңге |
37 жас – 3 130 000 теңге | 57 жас- 5 300 000 теңге |
38 жас – 3 220 000 теңге | 58 жас – 5 430 000 теңге |
39 жас – 3 320 000 теңге | 59 жас және одан жоғары – 5 560 000 теңге |
Жеткілікті шек пен алуға болатын соманы enpf.kz сайтындағы Жеке кабинетте, сондай-ақ БЖЗҚ-ның жаңартылған ұялы қосымшасы арқылы онлайн режимінде тексеруге болады.
БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйге және/немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшылар уәкілетті операторға жүгінуі тиіс.
Тұрғын үй бойынша да, емделу бойынша да уәкілетті оператор – «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ. Ол электрондық-цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар болған жағдайда азаматтардың өтінімдерін арнайы интернет-порталда электрондық форматта қабылдайтын болады.
Салымшының құжаттарын тексергеннен кейін, уәкілетті оператор БЖЗҚ-ға салымшының өзі айқындаған және оның өтінімінде көрсетілген мөлшердегі зейнетақы жинақтарын аудару туралы хабарлама жібереді.
Салымшы зейнетақы жинақтарын мақсатты қажеттіліктерге алған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау құқығына ие болады (жарналар аударылған кезде ЖТС алынбағанын ескертеміз). Азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыра немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезде ЖТС-ты толық төлей алады.
Өтініш келіп түскен соң зейнетақи житнағынан алуға болатын сома 5 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкіндегі» арнайы шотқа аударылады.
Зейнетақы жинақтары арнайы шотта 45 күн жата алады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуы немесе салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуы керек.
Осылайша, азаматтардың тұрғын үй және емделу мәселелері бойынша барлық өтініштері уәкілетті операторға «бір терезе» қағидаты бойынша келіп түседі және қаралады. Салымшы тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру талап етілмейді.
Сондай-ақ, азаматтар түрлі инвестициялық стратегиялар ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушыныөзі таңдап, жинақтарын басқаруға қатыса алады. Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш бере алады. Азаматтардың зейнетақы активтерін басқару құқығын алған ИПБ тізілімін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі «БЖЗҚ» АҚ-да сақталады.