Арендалық баспана бағдарламасы 2021 жылы да жалғасады. Жастар үшін ыңғайлы бағдарламаның шарттары қандай?
Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылы да «жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы қайта жалғаспақ. Әкімдік есебінше, биыл 1050 пәтер беру жоспарланып отыр.
«Жас ұрпақты қолдау үшін мемлекет барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Олар біздің драйверіміз және келешегіміз. Елбасының тапсырмасы бойынша 2019 жылы елордада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй жобасы басталды. Сол кезде мыңнан астам жас арендалық пәтерге ие болды. Бұл уақытта олар өз баспаналарына ақша жинап, аяқтан тұрып, еңсе тіктеп кете алады. Қаңтар айында тағы 350 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Ал 2021 жылдың соңына қарай тағы 1050 пәтер берілетін болады» деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Былтыр бас шаһарда жеңілдетілген қолжетімді баспана көлемі де артқан. 2021 жылы да игілікті істер жалғасын таппақ. Қазіргі таңда халықтың тұрғын үй ахуалын жақсарту үшін апатты және тозығы жеткен үйлер сүріліп, тұрғын үй кешендерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жедел сатылар ауыстырылып жатыр. Сондай-ақ тұрғын үй сертификатын алатын және тұрғын үй бағдарламасына қатысатын категориялар да мейлінше кеңейтілген. Алдын ала дерек бойынша тұрғын үй сертификатының бағасы 1 – 1,5 млн теңге аралығында болады.
«Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясындағы пәтерлер 5 жылға (әрі қарай созу құқығынсыз) беріледі. Ай сайынғы төлемақы – 5000 – 15 000 теңге аралығында болмақ.
Шарттары қандай:
- 29 жасқа дейінгі ҚР азаматы;
- Аяқталған орта/ орта-арнайы/ жоғары / ЖОО-дан кейінгі білім және ресми жұмыспен қамтылуы;
- Нұр-Сұлтан қаласында соңғы 2 жыл тұрақты тіркеуде тұруы;
- ҚР меншік құқығы бойынша өзінің және отбасының барлық мүшесінің атында тұрғын үйдің болмауы, оның ішінде 2 жылға сатып алу құқығымен де жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы;
- Төлем қабілеттілігін растай алуы (соңғы 6 ай көрсеткіші бойынша ай сайынғы табысы кем дегенде 111 200 теңге) керек.
Қажетті құжаттар тізімі:
- Өтініш берушінің ЭЦҚ кілтінің болуы;
- Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке куәлігінің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда әйелінің және балаларының);
- Дипломның сканерленген нұсқасы (ЖОО туралы диплом, мектеп аттестаты, квалификация, арнайы техникалық білім туралы диплом);
- Неке туралы куәліктің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда);
- Балалардың туу туралы куәлігінің сканерленген нұсқасы (болған жағдайда);
- ҚР бойынша өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүліктің жоқ екенін растайтын анықтаманың сканерленген нұсқасы (болған жағдайда әйелі, балаларының да);
- Жұмыс орнынан алған анықтаманың сканерленген нұсқасы;
- Еңбек өтілі басталғаннан бергі БЖЗҚ-да зейнетақы төлемдерінің жүруі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;
- Зейнетақы аударымдары жүрмейтін әскери қызметкерлер тұрғын үй төлемін алмайтыны туралы анықтаманы жұмыс орнынан алуы тиіс;
- Мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын жұмысшылары қызметтік тізім ұсынуы тиіс (болмаған жағдайда ҚР еңбек кодексі 35-бабына сәйкес құжаттардың бірін);
- Банк шотының нөмірі және қол жетімділігі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;
- Банк шоты бойынша қозғалыс және қалдық туралы ақпараттың сканерленген нұсқасы;
- Болған жағдайда өтініш берушінің жеке жетістіктері туралы құжаттың сканерленген нұсқасы;
- Жеке кәсіпкерлер жеке кәсіпкерлік қызметінің қашан басталғаны туралы ақпарат ұсынады.
- Егер сіз еңбек демалысында және ауырғаныңызға байланысты демалыста болып, соның салдарынан табысыңыз азайып кетсе, онда демалысқа шығу туралы бұйрық немесе еңбекке жарамсыздығы жайлы анықтаманы ұсынуыңыз қажет;
- Егер сіз төтенше жағдайдың салдарынан 42 500 теңге алған болсаңыз, онда сіз осы төлем түскен картаның шотынан үзінді-көшірмені тіркеуіңіз керек.
Ұпай қалай есептеледі?
Егер сіздің мамандығыңыз «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықты жұмыспен қамту бойынша өкілетті орган бекіткен 100 қажетті мамандық қатарына кірсе – 10 ұпай.
Отбасының болуы – 5.
Бір жылдан артық уақыт жеке кәсіпкер болса – 5. Әр жыл үшін – 1 ұпай.
Некеде тұрған әр жылы үшін – 2 ұпай.
Бір балалы болса – 1 ұпай. Әрбір келесі бала үшін – 2 ұпай.
Қызмет ететін саласындағы жеке жетістіктері үшін – 2 ұпай.
Мемлекеттік мекеме және кәсіпорында жұмыс істесе – 5 ұпай. Әрбір жылғы еңбек өтілі үшін – 1 ұпай.
Депозиттегі әр жылғы жинағы үшін – 2 ұпай.
Әкімдік ұпайларды есептеп, үміткерлер тізімін жасайды. Ұпай мейлінше көп болған сайын пәтер алу мүмкіндігі де жоғары.
Ең жиі қойылатын сұрақтар:
Ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-дан аспауы керек пе?
– Жоқ, тек өтініш берушінің ғана.
Декреттік демалыстағы адам қатыса ала ма?
– Жоқ.
Зейнетақы түсімі міндетті ме?
– Иә, тек ІІМ және әскери қызметкерлерден басқаларға.
АӘК, мүгедектік, тағы да басқа жәрдемақылар табыс болып есептеле ме?
– Мемлекеттік жәрдемақылар табыс қатарына жатады.
Жылжымайтын мүлікті сатқаннан кейін қанша жыл өткенде қатысуға болады?
– 2 жыл.
2 жылдық тұрақты тіркеу тек өтініш берушіде болу керек пе, әлде бүкіл отбасында ма?
– Тек өтініш берушіде.
Егер өтініш беруші барлық талапқа сай болса, бірақ өзі ресми түрде басқа қалада жұмыс істесе құжат тапсыра ала ма?
– Иә, тапсыра алады. Ең бастысы Нұр-Сұлтан қаласында соңғы 2 жыл тұрақты тіркеуде тұруы тиіс.
Мен тұрғын үйге кезекте тұрмын. Егер осы бағдарлама бойынша үй алсам, кезектен шығып қаламын ба?
– Иә, сізді кезектен алып тастайды.
Барлық тиісті деректер мен конкурстың басталуы туралы ақпарат zhilfond.kz порталында жарияланатын болады.