Жаңалықтар

Түркістан облысында карантин талаптарын бұзушылар саны азаяр емес

253 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған

Түркістан облысында карантин талаптарын бұзушылар саны азаяр емес, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Карантин режимі аяқталмаса да, шектеу шараларын елемейтіндер қатары азаяр емес. Жақындары мен туыстарының басын қосып, көпшілікке той беріп, жиын жасап жатқандар әлі де анықталуда. Оған қоса халық көп шоғырланатын орындарда бетпердесіз жүріп, өз өмірін қатерге тігіп жүрген тұлғалар да баршылық.

Мәселен, Отырар ауданы Шәуілдір ауылында бірнеше жергілікті тұрғындардың азық-түлік дүкеніне карантин режимін сақтамай кіргендігі анықталды. Тәртіп сақшылары аталған жайттарды ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша тіркеп, құжаттарды жинақтап, заңды шешім шығару үшін тиісті орынға жіберді.

Айта кететін жайт 2020 жылдың соңына қарай ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына байланысты 253 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде жеке тұлғалар 209, отбасылық той-жиын жасағандар 35 (беташар – 17, құдалық – 10, қыз ұзату – төрт, көкпар – екі, бесік той – бір, ас – бір).

Облыс полицейлері ескертеді: карантин кезінде той-жиындар, басқосулар, отбасылық, мерекелік, ұжымдық іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынған. Оған қоса бетперделік режим мен арақашықтықты үнемі сақтау міндеттеледі.